Қазіргі жастар мақсатшыл, талапшыл. Олардың бойында буырқанған талпыныс та ширығып тұр. Ендеше бүгінгі жастарға мемлекет пен қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің қайнаған ортасынан табылып, Мәңгілік елдің болашақ иелері өздері екендігін ұғындыра түсу қажет. Ақмола облысының Зеренді ауданындағы «Зерен» демалыс орталығының республикалық жастар білім лагерінде еліміздің көшбасшы жастарының он бес күндік жиыны да аталған мақсат үдесінен шығады. Білім лагері аясында семинарлар мен тренингтер өткізіліп, тақырыптық жобалар әзірленіп, идеяларды іріктеу шаралары да ұйымдастырылыпты. Мұнда сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес бастамасын жастар арасында талқылау алаңы да қарастырылыпты.
Елдің ертеңі – «Digital-ұрпақ»
Жастардың жазғы білім лагері негізінен тамыз айының 12-і мен 26-сы аралығында үш ауысым бойынша өткізіледі деп жоспарланған екен. Әр ауысым 5 күнге белгіленген. Оның екі ауысымы өз жұмысын нәтижелі өткерді. Нәтижелі дейтініміз – бұнда білімге құштар жастар өзара шүйіркілесіп қана қоймай, оларға аға буын өкілдері де келіп, ой-пікірімен бөлісіп, ашық алаңның көркін қыздырады. Екіншіден, бұнда еліміздің әр түкпірінен келген жастар ұйымдарының басшылары ғана емес оқуда озаттар, өз ісін дөңгелетіп басқаға үлгі болғандар бар. Яғни, республикадағы жас кәсіпкерлер, көшбасшылар, білімқұмарлар бір-бірімен кездеседі, танысып, біліседі. Бәлкім, тәжірибе де алмасады. Ендеше бұндай білімділер мен талаптылар басқосуы керек әрі оның нәтижелі болуы да маңызды. Бірінші ауысымға қатысушылардың өзінде бірнеше тақырыптар қамтылыпты. Оның ішінде ең басты тақырып – «Digital-ұрпақ». Білімшіл, кәсіпкер жастардың шарасына лауазымды мемлекеттік қызметте жүргендер де атсалысты. Шараға арнайы келіп қатысқан Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин жəне «Қазконтент» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Евгений Кочетов бірінші ауысымның ашылу салтанатында жастарға лебізін білдіріп, асқаралы ойларын да ортаға салған. Ең бастысы алдағы уақыттарда жастар жиындарын өткізу, сөйтіп, өскелең арасындағы толайым табыстарды насихаттап, кіл жүйрікті өзге замандастарына үлгі ету, олардың ақыл-кеңестерін, тәжірибелерін таратуды дәстүрге айналдыру қажеттігі осы лагерь жұмысынан айқын аңғарылған еді. Ал бұл мәселеге Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин қолдау көрсетіп, әр жыл сайын Зеренді баурайы жастар зердесінің ұстаханасына айналатынын атап өтті.
«Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек» деп атап өткен еді. Бүгінгі басқосудың негізгі мақсаты білімді, қабілетті, ұлттық рухы биік, парасатты жастарды қалыптастыру. Қазақстанның болашағы білімді және тәрбиелі жастардың қолында. Сондытан жастар ұсынған жаңа жобалар әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіруге ықпал етеді деп сенемін», – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде. Оңтүстік өңірден келген Шымкент қалалық әкімдігі жанындағы жастар ресурстық орталығының қызметкері Сәбина Назарова білімгер жастардың басын қосып отырған Зеренді топырағының киелілігін тілге тиек еткен еді. «Зеренді топырағы халқына қадірлі талай жақсылар мен жайсаңдарды түлетіп ұшырған киелі мекен. Заманында қиын кезеңдер мен бейбіт өмірдің сан қабат жүгін ауырсынбай арқалап, есімі ел есінде қалған Кеңес Одағының Батыры, ғалым Мәлік Ғабдуллинның туған жерінде еліміздің талантты жастарының бас қосып отырғаны үлкен тарихи оқиға. Елімізде жастардың білім алып, ғылыммен айналысуына барлық жағдай жасалған. Алдағы күндері осында өтетін ауысым кезінде түрлі идеялар мен жобалар дүниеге келетініне сенім мол», – деді ол. Бұдан бөлек, шарада «ІТ-компании» компаниясының негізін қалаушы 24 жастағы кәсіпкер Абай Отарбаев, Mbionics компаниясының жетекшісі Мәулен Бектұрғанов, еліміздегі алғашқы бионикалық протес жасаушы, теңдесіз жобалардың авторы Диас Тастанбеков және физик ғалым, 40 градус аязда іркіліссіз жұмыс істейтін жел генераторын жасаушы Әлмира Жылқашинова сияқты белсенді жастар да өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.
«Жаңғырудың тренді» – жастар үшін
Екінші ауысым «Сұңқар» және «Aurora garden» демалыс орталығында әр өңірден келген жастар ұйымдарының көшбасшылары, жастар ресурстық орталықтарының мамандары, кəсіпкерлер мен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарының басын қосты. Бұл жолғы бас тақырып – «Жаңғырудың тренді». Аты айтып тұрғандай жастарға тәжірибелі жаттықтырушылар, коучилер және спикерлер, жаһандану заманында бәсекелестікке қабілетті болуына, өздерінің идеяларын жүзеге асыруына, сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-мағынасына терең үңілуіне көмектесті. «Зерен» демалыс орталығындағы жастар басқосуы еркін, ашық пікір алаңына айналды деуге әбден болады. Белсенді, көшбасшы жастармен кездесуге келген құрметті қонақтардың арасында ҚР Президенті Əкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Умаров, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым, «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, «Жастар» ғылыми – зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев мазмұны терең мəнді ойларымен бөлісті.
Жастар алдында сөз сөйлеген ҚР Президенті Əкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева мемлекет пен қоғам алдында тұрған міндеттерді саралай келе, сол міндеттерді шешуге жастардың білек сыбана атсалысу қажеттігіне тоқталды. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасында басымдық берілген ұлттық дамудың негізгі тренді болып саналатын, мемлекеттік тілді жаңғыртуға негіз болатын әрі еліміздің жастары тарапынан жоғары қолдауға ие болған латын әліпбиіне көшу, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы, жастарға патриоттық тәрбие беріп, туған жердің, туған өлкенінің тарихын зерттеуіне бағытталған «Туған жер» сияқты жобалардың мүмкіндіктерін кеңінен әңгімеледі.
«Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласында ұлттың табысты болуы бəсекеге қабілеттілігімен айқындалатынын атап өткен еді. Сол себепті, бүгіннен бастап білімді, қабілетті, ұлттық рухы биік, парасатты жастар тəрбиелеуіміз керек. Өйткені, Қазақстанның болашағы білімді жəне тəрбиелі жастардың қолында. Бүгінгі күні елімізде жастардың өнегелі ұрпақ болып өсуіне барлық жағдай жасалып отыр», – деді Аида Балаева. Сонымен қатар, ол биылғы оқу жылынан бастап, еліміздегі мектептерде өлкетану пəні оқытыла бастайтын атап өтті. Осылайша «Туған жер» жобасы шеңберінде қазақстандықтар туған өлкесі туралы барлық мағлұматты мектеп партасынан оқып өсетін болады. «Барлық өңірлер бойынша өлкетану оқулығы əзірленді. Жаңа оқулық оқушыларға шыққан тегін, туған өлкенің тарихы мен дəстүрлерін біліп, зерттеуге жəне бүгіні мен келешегі туралы ой түйіндеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Аида Балаева.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<