Жеңіске жетелеген жігер

6

0

Қызылордалық «Қайсар» Қазақстан Премьер-лигасындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Жерлестеріміз оныншы турда «Қайсар-аренада» Қостанайдың «Тобыл» командасынан 2:1 есебімен басым түсіп, жанкүйерлерге ерекше қуаныш сыйлады. Ойынды тамашалауға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және өзге де азаматтар қатысты.

Ойын алдында аймақ басшысы жергілікті футболшылармен кездесіп жігер­лендірді, сәттілік тіледі. Қайсар­лықтар Мұрат Нәлқожаұлына қолдауы үшін алғыс айтып, клуб атынан естелік сый-сияпат табыстады. Мұндай қолдау командаға ерекше күш-жігер қосты. Алғашқы минуттан ойын тізгінін қолға алып, жылдам гол соғып үлгерді. Небәрі 2-минутта «Қайсар» құрамын биыл толықтырған нигериялық футболшы Виктор Мозес әріптесі Айбол Әбікенге әдемі пас шығарып берді. «Тобыл» қақпа­шысымен бетпе-бет шыққан Айбол өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Еліміздің ұлттық құрамасының мүшесі осылайша команданың кейінгі ойындарында үздік нәтижесімен көзге түсіп келеді. Ол 6 мамырда Қызылордада өткен кездесуде 30 метрдей қашықтықтан гол соғып, көпшіліктің қошеметіне ие болған еді.

Ойынның 9-минутында Айбол тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсті. Бұл жолы «Қайсардың» қорғаушысы Сұлтан Асқаров оған өз айып алаңынан әуелете пас шығарып берді. Қостанайлық қорғаушылар қателігін қызылордалық футболшы ұтымды пайдаланып, допты қарсылас команда қақпашысының үстінен асырып жіберді. Дегенмен 30-минутта «Тобылдың» жартылай қор­ғаушысы Жаслан Жұмашев есеп айырмасын қыс­қартты.

Осылайша тартысты матч нәтижесі 2:1 есебімен «Қайсардың» пайдасына аяқталды. Үш ұпай олжалаған жерлестеріміз турнир кестесінде 9 ұпаймен он екінші орынға көтерілді.

Айта кетсек, қызылордалық клуб өз алаңындағы жеті кездесудің небәрі біреуінде қарсыласына есе жіберді. Тек алматылық «Қайрат» командасымен ойында 1:2 есебімен ұтылды. Әрине, жанкүйерлердің қолдауы жергілікті команданың рухын көтеріп келеді.

Енді жерлестеріміз 22 мамырда сырт алаңда «Қай­ратпен» кездессе, 28 мамырда өз алаңында Семейдің «Елімайын» қабылдайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионы бой көтерді. Құны 26,5 млрд теңгені құрайтын жаңа стадионның жасыл алаңы халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Жаңа стадионның негізгі ерекшелігі –  UEFA талабы IV  санатқа ие. Бірегей нысанның құрылысы бір жыл үш айда толық аяқталды. Стадионның сапасы және архитектуралық келбеті заманауи талаптарға сай салынған.

Шындығын айтқанда, биыл команда құрамы едәуір жаңарды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, былтыр жыл соңында «Қайсар» клубы жеке басқаруға берілді. Клубтың жаңа иесі, белгілі кәсіпкер Исламғали Қозбақовтың қолдауымен өңір спортын дамыту, әсі­ресе футболды ілгерілету мақсатында инвестор демеу­шілігімен 20 млрд теңгеге «Қайсар» балалар академия­сының құрылысы салынып жатыр. Онда 6 футбол ала­ңы, жабық манеж және медициналық орталық қарас­ты­рылған, 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек.

Бұл жоба клубтың ұзақ мерзімді дамуына бағыт­талған негізгі инвестициясы. Жалпы клубтың страте­гиясы 5-10 жылдық жүйелі өсімге бағытталған. Жоба аясында 7 толық өлшемді және 2 балалар алаңы­ның құ­рылысы, сонымен қатар жабық манеж бен ойыншы­ларды қалпына келтіруге арналған медициналық орта­лық қарастырылған. Бұл академия қабырғасынан тәрбиеленіп шыққан спортшылар болашақта жергілікті «Қайсар» футбол клубын биік шыңдардан көрсетеді деп нық сеніммен айта аламыз.

Облыста 2022 жылдан бері 24 заманауи спорт кешені ел игілігіне табысталды. Биыл елді мекендерде соңғы үлгідегі 3 спорт нысаны іске қосылады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»