Қызылорда қаласының 200 жылдан астам тарихы бар. Ал биыл, тап осы күндері шаһардың ел астанасы болғанына 100 жыл. Ғасырлар сырын ішке бүккен Сырдың киелі ордасы осындай тарихи сәтте кемел өзгерістің өзегіне айналды. Әдетте, қала атаулының ажары жағалаудан көрінеді. Сол жағалау «қазақ» атауы қайтып, алғашқы астанаға 100 жыл толып отырғанда ерекше кейіпке еніп келеді.
Сырдарияның салтанаты жарасқан жағалауын ұзынырғақ алып жатқан Тәуелсіздікке – 25 жыл даңғылы бар. Сондағы былтыр қыркүйек айында басталған жұмыс межесіне жақындады. Даңғыл мамыр айында пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Біз күні кеше осындағы жаңғырту жұмыстарын көзбен көріп, мамандармен пікірлестік.
Мұнда жауапты мердігер – «УАД» ЖШС. Аумақ басшысы Самат Қарымсақов атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен айтып берді.
–Тәуелсіздікке – 25 жыл даңғылы Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аумақты құрайды. Ұзындығы – 6,5 шақырым. Бұрын жол екі жолақты болса, қазір төрт жолақты болып кеңейтілді. Қазіргі таңда Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеті тазаланып, дамба нығайтылды. Жолды кеңейту жұмыстары аяқталып, ең соңғы төсемесін салуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Құрылыс мерзімі – он екі ай. Мамыр айында аяқтаймыз деп отырмыз. Айта кетерлігі, жол бойында 8 спорттық алаң бар. Бәрі де жаңадан салынып, спорттық құралдармен жабдықталуда. Қала тұрғындары мен жастар мұнда келіп бос уақытын тиімді өткізе алады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мына бетондағы бейнелер – тарихи тұлғалар. Қазақтың батырлары мен билері суреттелген. Бетондағы суреттер 600 метрге дейін салынған, – деді ол.
Қазір құрылыс аумағында 200-ге жуық адам еңбек етуде. Сонымен қатар 50-ге тарта техника жұмылдырылған.
– Жағалаудағы жаяу жүргіншілерге арналған 1,5 шақырым жол да жаңғыртудан өтті. Аумағы кеңейді. Бұрын 3 метр жолаушы, 3 метр веложол болатын. Қазір 6 метр асфальт жол еттік. Ортасын сызық ғана бөліп тұрады. Осы аумақтағы қоршау да жаңадан қойылды. Сондай-ақ мекеменің асфальт-бетон зауыты бар. Сондықтан құрылыс материалдарының барлығы өзіміздікі. Бұдан бөлек, даңғылмен қиылысатын көшелер бастауын қайта жаңғыртып келеміз. Мәселен, Ш.Есенов көшесінің 300 метр жері жөнделуде. Бұрын бұл екі жолақты көше еді, енді төрт жолақты болады. Дәл осындай Текей батыр, Ақжайық, Махамбет сынды даңғылға қосылатын көшенің бәрі де кеңейтіліп, жаңғыртылуда, –деп толықтырды ол.
Аумақ басшысының айтуынша, дәл қазір жұмыстың 90 пайызы орындалған. Сондай-ақ 20 мың тоннадай асфальт төселген. Енді жолдың екі жақ бетін жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Жол белгілері де қайта қойылып, екі бағдаршам орнатылады.
Байқағанымыздай, жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Жол төсемесін төсеп жатқан техника дыбысынан құлақ тұнады. Осы салада 25 жылдай еңбек етіп келе жатқан Керғұлан Шыңдалиев былай дейді:
– «УАД» ЖШС мекемесіне келгеніме 6 жылдай болды. Осы кезге дейін жол, құрылыс саласында еңбек еттім. Негізгі жұмысым – машинист-погрузчик. Біздің мамандыққа деген сұраныс жоғары. Кейінгі үш жылда қала көшелері қарқынды жаңғыртылып, қаншама көше салынды. Қазір бір жыл болды мына даңғылды жөндеп жатқанымызға. Таңғы 8-ден кешке дейін осында жүреміз. Шүкір ғой, қала көшелері әлдеқайда жақсарды. Тақтайдай тегіс әрі кеңейіп жатыр. Күнделікті жұмыс кестесіне сай жүктелген міндетті орындаймыз. Жолдың сапасы бәрінен маңызды. Құм, топырақ, тасын жайып, тегістейміз. Техникалар бүгінгі күннің талабына сай жаңа. Мұның да тілін меңгердік. Істен шықса, жөндеп аламыз.
Тәуелсіздікке – 25 жыл даңғылын жаңғырту жұмыстары аяқталса, қаладағы көлік қатынасы біршама реттеледі. Жалпы, жолдың қолданысқа берілгеніне 8 жылдан асты. Қалада автокөлік саны да артты. Кептеліс туындады. Жоба іске қосылса, бұл мәселе шешімін таппақ.
Биыл Сыр өңірінде жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 95 пайызға жетеді. Облыс орталығының негізгі көшелері төрт жолақты болып кеңейтілді. Тағы бір айта кетерлігі, жылдар бойы күн тәртібінен түспеген «Қызылорда-Жезқазған» автожолы Президенттің тікелей тапсырмасымен қайта жаңғыртылуда. Мұнан бөлек, көпшілікті толғандырған «Батыс Еуропа– Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі аумағын төрт жолақтыға айналдыру мәселесі де Мемлекет басшысының тапсырмасымен шешімін табуда. Былтыр 300 шақырымнан астам автомобиль жолы мен көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өтіп, нәтижесінде сапалы жолдардың үлесі 92 пайызға жетті. Биыл жергілікті жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, оған 329 шақырым жол жөнделіп, өңірдегі жол сапасы тағы да жақсара бермек.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<