«Мұз-паром»

1302

0

Күз айы еді. Бірақ күн жып-жылы. Әбілбай мырзаға, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасына, аққұба өңді жігіт келіп амандасты. Екеуі қол алысып, мәре-сәре бола қалды.


– Білесіздер ме? – деді сосын Әбілбай бізге бұрылып: – Ауданның бас дәрігері Марат Ршымбетовыңыз осы азамат!..


– Ршымбетов! Ә-ә, Ршымбетов дедіңіз бе?!


– Иә, есіңе бір нәрсе түсті ме? – ол маған күле қарады, –1965-1966 жылдары-ау деймін, Сіздің «Мұз-паром» деген ха­барыңызды оқып, «Мұндай да болады екен-ау» деп таң-тамаша қалғанбыз. Онда мен «Ұялы» аралындағы балықшылар тұтыну кооперациясының аға есепшісі едім.


– Әлгі Қаракөз Қамқа сұлуды «қуалап» жүрген кезің ғой, ә!

– Енді ше? Теңіз суының толық кезі. Толқындары аспанға шапшиды. Жасым жиырма бесте. Көңіл шіркін алып ұшады. Толқынға қосыла ән шырқап, қылт-қылт еткен ес­кекті қайықта екеуден-екеуміз…


– Жә, о жағын қоя тұр, мына Марат дәрігердің ол мақалаға қандай қатысы бар?


– Неғыл дейді?! Сондағы 22 адамды мұз құрсауынан есен-сау құтқарған бас кейіпкеріңіз – Ршымбет көке осы баланың атасы емес пе?!


– Атасы!..


Ой-хой, өмір-ай! Одан бері де жарты ғасырдан астам уақыт зулап өтіпті-ау. Жазбаларымды ақтардым, төңкердім. Мына Әбілбай Садықбайұлының есте сақтау қабілетінің мықтысы-ай! Өзім ұмытқам. Ал оқырман ұмытпаған. «Мұз-паром» репортажы «Социалистік Қазақстанның» 1967 жылғы 2 ақпандағы санында жарияланған екен.


Ршымбет Бақбергеновтің отбасы теңіз жағалауындағы «Тоқпан» елді мекенінде тұрған. Балық аулаумен айналысқан. Сонау 1921 жылдары В.И.Лениннің Арал балықшыларына жолдаған хатына сәйкес түйе керуенімен «Қамыстыбас» стансасына балық жө­нелткендердің сапында балықшы Бақберген де жүріпті. Ал 1941-1945 жылдардағы Отан соғысына Бақберген мен Бидаш ананың отбасынан үш азамат соғысқа аттанады. Әуелі ең кішісі Смағұлдан «қара қағаз» жетеді. Жеңіске бір күн қалғанда үлкені Рсалдының мерт болған хабары келеді. Бақберген қария қайғыдан қан жұтып қайтыс болады. Ортаншы ұлы Ршымбет ғана аяқ-қолы мен кеудесінен жарақат алса да, омырауына ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені мен медальдарын тағып, елге 1946 жылы 37 жасында есен-аман оралады. Бидаш ана осы баласын көріп барып көз жұмады.


Ауыл жүдеу-жадау. Балықшы кәсібіне кіріседі. Стахановшы атанады. Мәскеу көрмесіне қатысады. Әлденеше рет ауылдық кеңестің депутаттығына сайланады.


Ал «Мұз-паром» оқиғасы ше?! Ол қалай болып еді? «Тоқпан» қыстағы «Қасқақұлан», кейін «Қаратерең» ауылдық кеңесіне қарады. Айналасын су қоршаған «Ұзынқайыр» зауыты осы аумақтағы кәсіпшілерден балық қабылдап, оны өңдеп, Аралға жөнелтіп жатты. Екі ауылдық кеңестің тұрғындарына қызмет ететін сауда орталығы да осы «Ұзынқайырда» еді. Орыс-қазақ орталау мектебі болды. Оқушыларының көбісі жер аударылып келген босқындардың балалары болатын-ды. 1967 жылдың қаңтар айында өткен жылдың жұмыс қорытындысын баяндау үшін «Ұзынқайырға» жер-жерден пайщиктер өкілдері жиналады. «Қаратерең» жақтан мұз үстінен ат-шанаға мініп отызға тарта өкіл келеді. Аралық 20-25 шақырымдай. Жиналыс тарайды. Ат-шаналары барлар тағы бір күнге қонып қалады да, өзге 22 адам ертеңгілік «Қаратереңге» мұз үстімен төтелеп жаяу тартады. Қар борайды. Арқадан жел көтеріледі. Теңіз қойнауындағы «Тоқпан» жақтан мұздың сарт-сұрт соғылғаны естіледі. Бұлар да теңіз жағдайын білетін адамдар ғой…


– Ох-х! – мұз жағадан сөгілді, – деді олардың үлкені Серімбеттің Жұмахметі, – Енді кәйттік?!


Күн аяз. Суықтық 28-30 градус шамасында. Жағаға жүгірісті. Суға түсуге жүрексінді. Екі аралық едәуір ашылып кеткен-ді. Теңіздің тереңінен ат-шана көзге ілінді. Екі адам ау қарап жатыр. Теңіздің тереңі қатпайды. Қара судың буы бұрқырайды. Соған жақын ау құрса, ау майлайды.


– Ағайлар, мұз жағадан сөгіліп кетті, – деді бұлар.
Жауап болмады. Аудан шыққан балықтарын шанаға тиеп әуре. Мүлде жайбарақат.


– Ағайлар-ау! – деп Жұмахмет және қайталап еді:

– Әй, шырақ, білеміз ғой, несіне даурығасың?! Одан да шыжым-арқанды жинауға көмектес! – деген тапсырма алды.


Бұлар Қайыпназар Байбосынов пен Ршымбет Бақбергенов еді. Қайыпназар – жетпістің үстіндегі қалың қабақты ұзын бойлы қара кісі. Ршымбеттің қимылы шалт. Сірә, 55-57 аралығында-ау! Қайыпназар көбіне-көп тәртіп береді, орындаушы – Ршымбет. Бірін-бірі үнсіз ұғатын, сыйлас аға-іні-тұғын.

Ат-шанаға Қайыпназар отырды. Шанада екі таяу, екі сүймен, екі күрек бар. Құнан торы желіп келеді. Жаяулар да қалысар емес. Мұз жағадан екі жүз метрден аса ашылыпты. Қайыпназар шанадан түсе қалып:
– Әй, Ршымбет, тереңдік қанша екен, өлшеші, – деді.


– Тереңдік 1,5 метр, мұздың қалыңдығы 35-40 сантиметр, – деді таяуды суға сүңгітіп алып.

– Ал жігіттер, не тұрыс, тұтас мұздан үлкен үйдің орнындай алқапты бөлектеп ойып алдыңдар, ат-шана осылай ортасында қалсын, – деп еді үрейі ұшып тұрғандар лап қойды.


Бұйрық орындалды.


– Ой-й, бәрекелді-ай! Арасын төрт-бес метр алшақ етіп екі жерінен ұзынша ойық ойыңдар. – Міне, міне… дұрыс болды. Екі таяуды алып алтауың осы бөлек мұзға, менің қасыма келіңдер. Ршымбет, сен осында қал. Сүйменнің бірін тұтас мұзға мықтап қада да, шыжым-арқанды байла, бір ұшын маған бер, ал балалар, ойыққа таяуды жіберіп, таяныңдар!

«Мұз-паром» жылжып келеді. Үрейді сенім жеңді. Осы көріністі қызықтағандай жел де, борасын да тына қалды. Жағаға жеткендердің қуанышында шек жоқ.


Ал Қайыпназар болса екінші сүйменді қара жерге қадады да, шыжым-арқанның бір басын осында керіп байлады. Ыспа дайын болды. Алты жігіттің төртеуі мұнда қалды да, екеуі керілген ыспа арқан арқылы «мұз-паромды» әрлі-берлі «жүгіртті»…


– Ұят-ай!–деді Серімбеттің Жұмахметі кейін бір кездескенімде: – кездейсоқ келген апаттан құтылғанымызға алақайлап, әлгі екі ағаға рахмет айтпастан ауылға қарай тайраңдаппыз. Сонда кімдердің арқасында мұз құрсауынан аман өткенімізді де білмегеніміз-ау!
Иә, пенде ұмытшақ қой өзі!

ҚҰПИЯ

– Сіз сол «Тоқпанға» және бір барыпсыз-ау. Оны маған сол учаскенің бригадирі Шынтай Алдамжаров айтты. Және облыстық «Ленин жолы» қазіргі «Сыр бойы» газетіне шыққан көлемді очеркіңізді де көрсетті, – деп Әбілбайыңыз тағы бір мәселенің ұшын шығарды.
Айтуының жөні бар-ды. Бригаданың іс-тәжірибесін таратуға тапсырма болған-ды. Ол очерк газеттің 1968 жылғы 18 наурыздағы санында басылды. Теңіздің мұзы ақпан айының аяғында немесе наурыздың басында кетіп болады. Ол бірден еріп жоқ болмайды. Сең-сең болып бөлініп, желдің ауанымен ығып жүреді. Әдетте балықшы қауымы мұз кетеді-ау дегеннен-ақ ау-құралдарын судан шығарып алады. Ал бұларда басқаша екен. О жаққа сол 1968-дің 4 наурыз күні барғанмын. Түске таяу теңізден Қайыпназар мен Ршымбет оралды. Он үш центнер көтеретін пластин-қайық балыққа майысып келді. Он центнерден артық болмаса, кем емес. Бір қызығы, өзге балықшылар ауылда. Ауларын тараштап, дайындық үстінде.


– Сіздер неге теңізге түспедіңіздер десем…

– Мұздың кеткені кеше ғой, – деді де, одан әрі сыр ашпады.


Ау-у, сонда Қайыпназар мен Ршымбет мұнша балықты қайдан алған? Өздерінен сұ­рауға ыңғайланып едім, олар флотқа балық тапсыруға кетті. Сосын да бригадир Шынтайды сөзге тарттым.


– Бұл – балықшының құпиясы, – деді қызылшырайлы жүзі күлімдеп, – Сізге айтайын, бірақ қағазға түсірмеңіз. Ия, біз теңізде де ауды мұз астында қалдырамыз.

– Қалай, қалай?!


– Иә, сөйтеміз. Ол үшін мұз жұқара бастағаннан үш-төрт метр тереңдіктегі әрбір он ауға үш көшкіден тастаймыз. Екі басына екеу, дәл ортасына біреу. Мұны прогонмен айдаймыз. Әр көшкі баудың ұзындығы 7-8 метрден кем болмайды. Ал құлақ бауды тым әлсіз етеміз. Арқанның үш діні болса, соның бір дінін ғана құлақ бау етіп мұзға қатырамыз. Мұз жылжығанда әлгі жалғыз дін үзіліп кетеді де, ау-құрал қарасуда бүлінбей қалып қояды. Ауға балық көп түседі. Әлгі екі ағаның қайық толы балығы – сол әдістің нәтижесі.

– Шынтай-ау! Бұл көл емес, өзен емес, долы теңіз ғой. Әрі таяздан ыққан сеңнің қалыңдығы 40-50 сантиметр. Оның құрсауына түссе, қайықты да, адамды да жаншып, су түбіне жібермей ме?!
– Оныңыз рас. Солай болуы әбден мүмкін. Бірақ онсыз қомақты табыс қайда? Балықшы дегеніңіз – жанкешті, батыр халық қой!..


Тек, тек… «Асылдарды байқа достым жаныңда, адам шіркін барын сыйлай білген бе?» деп Кәкімбек Салықов ақын айтпақшы, жақсының жақсы ісін айта да, көпке жая жүргенге не жетсін?!

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
Қызылорда облысының Құрметті ардагері.
Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<