Қордағы құнды қазына

165

0

Қазақ тарихындағы елеулі белестердің бірі – Қызылорда қаласының астана болып жариялануы. 1925 жылы Орынбордан кейін Қазақ АКСР-нің астанасы Қызылордаға көшірілді. Бұл ұлттың рухани, мәдени, ғылыми және әдеби өмірінде бетбұрыс жасаған тарихи сәт еді. Қазақтың зиялы қауымы, елдің болашағына алаңдаған оқымыстылар, жазушылар мен ағартушылар осы қалада тоғысып, елдің ертеңі үшін қажырлы еңбек етті.

Бүгінде сол кезеңнің асыл мұрасы, сол дәуірде жарық көрген кітаптар мен ба­сылымдар біздің кітапханамыздың ба­ға жетпес рухани қазынасына айналды. Осы орайда, Әбділда Тәжібаев атындағы об­лыстық әмбебап ғылыми кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған ерекше туындыларды таныстыру өткенімізге тағзым, болашаққа аманат болмақ.

Қызылорда астана болған жылдары жарық көрген туындылардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылғы «Әліп-Би» оқулығы. Бұл еңбек – тек сауат ашу құралы емес, ол – қазақ жазуын жүйелеген, ұлттың тілін ғылымға айналдырған іргелі ең­бектердің бірі. Еңбек Қызылордада 116 беттік кітап болып жарық көрген. Бү­гінде бұл оқулықтың түпнұсқасы біздің қо­рымызда бар. Бұл – біздің рухани мұра­мыздың өміршеңдігін дәлелдейтін құнды дерек.

Ж.Аймауытовтың «Психология» еңбе­гі ел астанасы Қызылордадан 1926 жылы басылып шыққан. Түпнұсқасы ҚР Ұлттық кі­тапханасында сақтаулы. «Психология» ең­бегі талай ұрпақтың ғылыми сауатын ашып, теориялық және практикалық мін­дет атқарды. Кітапта психикалық құбы­лыс­тарға қарапайым тілмен жауап беруге ұм­ты­лады.

І.Жансүгіровтің «Сықақ» атты жинағы (1929 ж) – жаңа өмір, жаңа заман туралы жыр­лаған сатиралық элементтерді жи­нақ­таған еңбек.

«Біржан мен Сара айтысы» Қызылорда­да 1927 жылы жарық көрген. Біржан мен Сара айтысы сол тұстағы қазақ әйелдерінің бас бостандығы мәселесін, адамгершілік пен әділдікті әлеуметтік тақырып етіп кө­терген пьеса негізінде жазылған.

С.Сейфуллиннің «Жер қазғандар» по­весі Қызылорда қаласында 1929 жылы төте жазумен жазылған. Мұнда Көкшетау қаласының түбінде теміржол салып жатқан жұмыскерлердің өмірі, тағдыры сипатталады. 

1926 жылы Сара Есо­ваның «Ауылдағы әйелдер» атты ең­бегі басылып шыққан. Автор – әйел­дер құқығы үшін күрескен алғашқы қай­раткерлердің бірі. Ол алғашқы комсомол және журналист қыздардың қатарында болған. Оған «Отанын сатқандардың әйелі» деген қара таңба тағылғанымен, елдің Орталық Мемлекеттік музейін басқарған тұлға. Қа­зақстандағы әйелдер құқығы үшін кү­рескен алғашқы қайраткерлердің бірі ре­тінде тарихта қалды.

Сондай-ақ «Қазақ әйел­дерінің теңдік мейрамы» (1926), Сей­фуллаұлы Садуақас (Сәкен) «Экспресс» (1926), «Союз и труддоговор защита батраков» (Рассказ в стихах, 1926), «Қазақстанда халық ағарту мәселелері» (1927), «Тұрмыс толқынында» (1928), «Қазақ елінің өткен­дегі мен қазіргі жайы» (1927), С.Мұқа­нов­тың «Ақындар шашуы» (1927), О.Иса­­ұлының «Оқушылық ауылдағы, посел­кедегі, жұртшылық жұмысы, мін­деттері» (1927), Ш.Иманбаеваның «Таң­да­малы өлеңдері» (1927), Т.Рысқұл­ұлының «Қа­зақстан» (1927), Қ.Такежанов­тың «Ау­ру­ларға көмекші» (1928), «Неке, үй-іші және қамқорлық туралы заң» (1928), Ә.Тә­жібаевтың «Некоторые страны света» (1928), А.Тоқмағамбетовтың «Еңбек жы­ры, Еңбек жылы» (1928), «Сықақ өлең­дер» (1928), «Тазалық тәрбие» (1929), І.Жан­сүгіровтің «Еңбек» жинағы (1928), «Са­ғанақ»: Таңдамалы өлеңдері (1928), «Сықақ»: Әзіл-сықақ өлеңдер жинағы (1929), «Шәркей» (1929), «Жаңқа» (1929), «Нотарият туралы заң, ереже нұсқаулары» (1928), Мелковтың «Қазақ-қырғыз елінің салт­тарын, тұрмысын зерттеу» (1929), «Вре­­менные правила рыболовства в Араль­ском бассейне» (1929) кітаптары сақтал­ған. Кей кітаптардың түп­нұсқасы ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында.

Қызылорда астана болған тұста ұлттық баспасөз де қарқынды дамыды. Осы ке­зеңде көптеген маңызды журналдар мен басылымдар жарық көрді. Солардың қа­тарында «Народное хозяйство Казахстана» атты саяси-экономикалық журналдың 1926 жылғы №1, 1927 №5, 1928 № 6-7, 8, 9-10, №11-12 сандары сақталған. Қы­зылордада жарық көрген бұл басылым сол кездегі экономикалық жағдайды, мемлекеттік саясатты, қоғамдық өзгерістерді, өндіріс пен шаруашылық мәселелерін ашып көрсететін маңызды журналдың бірі болған.

Сонымен қатар, 1926,1928,1929 жылдары шыққан «Красная новь» журналы да сирек қордан орын алған. Бұл – әдеби-көркем, ғылыми-публицистикалық басылым ре­тін­де Қызылорда астана болған кезеңдегі мә­дени кеңістіктің деңгейін сипаттайтын құнды дереккөз. Мұндай ба­сылымдарда ұлт зиялыларының шы­ғар­ма­лары, қоғамдық-саяси ойлары жарық көріп отырған.

«Сана» (қазіргі «Жұлдыз» журналы) – көркем әдебиет және сын журналы. 1928-1932 жылы Қызылорда қаласында ұлттық көркем әдеби журнал ретінде шығып тұр­ды. Журналдың алғашқы редакторы, қо­ғам, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин болды. Журнал таланттарды әде­биетке әкелді, сынға өріс ашты, жаңа шы­ғар­малардың жазылуына түрткі болды, өз маңына талантты жазушыларды топтас­тырды. Сондай-ақ «Красный Казахстан» саяси-экономикалық бағыттағы журнал, Қазақ ССР Халық ағарту комиссариатының материалдары – оқу-ағарту саласындағы маңызды құжаттар жарияланған басылым, «Всеказакский Учительский Съезд» мұғалімдер съездінің құжаттар жинағы (Қызылорда 1927), «Финансовый Бюллетень» екі аптада бір шығатын журналдар да сирек қорда тұр.

Қызылорда астана болған жылдары қазақтың небір алып тұлғалары осы қа­лада қызмет етті, қалам тартты, шы­ғар­малар жаз­ды. Олардың қатарында тіл білі­мінің не­гізін қалаушы, ағартушы А.Бай­тұр­сын­ұлы, көркем сөздің майталман­дары С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин жә­не осы өңірде туып-өскен, сол жылдары белсенді қызмет еткен жергілікті жазу­шы­лардың да шығармалары Қызылордада жарық көріп, қазақ халқының ой-санасын оятты, елге жаңашыл бағыт, ағартушылық үдеріс әкелді.

Қызылорда қаласының астана болған дәуірі – ұлт тарихындағы қайта жаңғыру кезеңі. Бүгінде сол дәуірдің рухани мұрасын көздің қарашығындай сақтап, ұрпақ санасына жеткізу – біздің міндетіміз. Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық кітапхананың сирек кітаптар қоры – осы тарихи міндетті абыроймен атқарып отырған рухани орда.

Бұл қорда сақталған әрбір кітап – бір дәуірдің куәсі, әрбір журнал – сол кезең­нің айнасы. Қызылорданың ел астанасы болған кезеңінің 100 жылдығы – осы құн­дылықтарды қайта жаңғыртып, ұлттық жа­дымызды жаңарту жолындағы маңызды мүмкіндік.

Қызылорданың астана ретіндегі рөлі қазақ халқының ұлттық санасының оянуына, мәдениеті мен ғылымының дамуына, жаңа заманға бейімделуіне үлкен үлес қосты. Бұл кезең – ұлт тарихының алтын парағы. Бүгінде Қызылорда осы тарихи маңызын сақтап, еліміздің мәдени және рухани орталықтарының бірі болып қала бермек.

Ақмарал СЕРІКБАЕВА,

 Әбділда Тәжібаев атындағы

облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың кітапханашысы