Мемлекет – өте күрделі ұғым, оның да сан алуан сипаты бар. Соның бірі – тіршілік тінін қамтамасыз ететін адам ағзасына ұқсайтындығы.
Мемлекеттің де балаң, есейген және еңсе көтерген шағы болады. Оның да шаршап-шалдығатын, тіпті дағдарысқа ұшырайтын кездері бар. Осындай сын сағаттарда қиындықты қатепті қара нардай көтеріп, кедергіні қисынын тауып еңсеретін азаматтар көш бастайды. Бердібек Сапарбаев – еліміздің бес бірдей өңірін дағдарыстан алып шыққан іскер әкім, бірегей азамат.
Б.Сапарбаев Сыр еліне әкім болған жылдары қарапайым халық ішінде осыдан екі жыл бұрын ғана айналысқа шығарылған ұлттық теңгенің өзін әлі қолына ұстап көрмегендер аз болмайтын. Қаржыгер әкім сол жылдарда облыс көлемінде 50,100 теңгелік құны бар вексельдерге дейін шығарып, бұл проблеманың да кілтін табады. Нәтижесінде Сапарбаев векселі облыстың қаржы жүйесімен жымдасып, сол заманда орныққан уақытша олқылықтың орнын толтырып жібереді.
Кезінде осы облысты басқарған азамат ретінде айтарым: Б.Сапарбаев Қызылорда облысының билігін ең қиын кезеңде қолға алды және оның жылдар бойы қордаланған проблемаларын қисынын тауып шеше білді.
Ғасырлар тоғысында – 1999 жылы халқының саны Қызылордадан үш есе көп, еліміздің ең үлкен әрі қазағы қалың өңірі – Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып тағайындалды.
Оңтүстік өңірі – тек республикалық бюджет арқылы қаржыландырылатын жалақы, зейнетақы, жәрдемақы мен түрлі әлеуметтік көмек алатын адамдар өте көп шоғырланған облыс. Мұндай төлемдердің бірнеше ай бойы кешеуілдеп жететіні ол уақытта қалыпты жағдай еді. Қарапайым халық мұны әкімнің қырсыздығынан деп ұғатын.
Облыс экономикасындағы проблеманың ең үлкені газ және электр энергиясымен қамтамасыз ету болатын. Газ түгелдей Өзбекстан тарапынан келетін. Ақша санауға ұқыпты көршілер ақысы уақытында төленбеген газ көлемін азайтып отырды. Қарыз көлемі шекті мөлшерден асқанда газ жеткізуді біржолата тоқтатқан кездер де болды. Сол кезде өзге елді мекендерді былай қойғанда, облыс орталығы – Шымкенттің көп қабатты үйлеріндегі халық қазанын аулаға шығарып, ас-ауқатын далада дайындауға көшті.
Жағдайдың бұлайша ушыға түсуінің тағы бір себебі, облыста газ тарату мекемелері Алматыдағы алпауыттар мен жергілікті байшікештердің қолына өтіп кетуінен еді. Олар өз қалтасынан сыңар теңге шығармастан сырттан келген газ бағасына басыңқырай үстеме қосып, оның құнын шарықтатып жіберді.
Облыс электр жарығымен де өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын. Электр энергиясының басым бөлігі іргедегі Жамбыл облысынан, қалғаны сол баяғы Өзбекстаннан келетін. Бұл сала да жекеменшіктің қолында еді. Олар да кетеуі кете бастаған подстанцияларды жөндеп, жаңа желі салудың орнына жайлы кабинеттерде отырып, онсыз да қымбат тарифті одан әрі үстемелеумен болды. Кешегі кеңес заманында бір киловатт электр энергиясына екі тиын ғана төлеп үйренген халыққа бұл өте ауыр тиді. Қымбат электр энергиясы енді ғана аяғынан қаз тұрып келе жатқан орта және шағын кәсіпкерліктің аяғына тұсау салып, адымын аштырмады. Проблеманың ең үлкені осының бәрін өз қолымен жасап отырған кісәпір кәсіпкерлердің алды облыс мәслихаты депутатының жайлы орынтағына жайғасып, әкімнің өзіне қоқан-лоққы көрсете бастағаны еді.
Қазақи дәстүрді берік ұстанған Бердібек әуелі ата дәстүрімен олардың әрқайсысымен жеке жүздесіп, мән-жайды түсіндіріп, мәмілеге шақырды. Жіліктің жайлы басынан айрылғысы келмеген олар қарсы шабуылға шығып, жалдамалы ақпарат құралдарын іске қосып, жоғары жаққа арызды тоғытты.
Шамырқанса шорт кететін Бердібек те аянып қалған жоқ. Облыстағы стратегиялық нысандардың заңсыз жекешелендірілгенін бұлтартпайтын фактілермен дәлелдеп, сот арқылы мемлекет меншігіне қайтаруға көшті.
Ташкентке барып, өз әріптестерімен, өзбек министрлерімен кездесе жүріп, газ жеткізуді де жолға қойды. Электр бағасын да реттеп, меншік иелерін тәубесіне келтірді. Халықтың рухани, мәдени өмірін де ұмытпай, елдің еңсесін тіктейтін толып жатқан игілікті шаралар атқарып, Түркістанның тойын дүрілдетіп өткізді.
Сапарбаевтың өміріндегі тағы бір шешуші сәт 2009 жылдың көктемінде туындап, ол тағы да проблемалары басынан асып жатқан Шығыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалды. Өзімен бірге жылы шырай ала келген жаңа әкімнің әр қадамы жергілікті халықтың қолдауына ие болып, зиялы қауымның ыстық ықыласына бөленді.
2010 жылы облыстағы бірқатар елді мекендерді көктемгі қарғын су басты. Халықшыл әкім етігімен су кешіп, қалың елдің ортасында жүрді. Үкіметтің тілін тауып, топан судан зардап шеккендердің бәріне өтемақысын беріп, суға кеткен тұтас ауылдарды биік беткейлерге көшіріп, тізілдіре жаңа баспаналар салды.
Бұл кезде Қазақстанның аса ірі өндіріс ошақтары шоғырланған Ақтөбе облысының ішкі жағдайы ушығып кеткен еді. Осы бір шетін жайды орнықтырып, елді тыныштандыру үшін басшылық Б.Сапарбаевты енді Ақтөбе облысының әкімі қызметіне тағайындады.
Ақтөбе облысындағы мұнай-газ кеніштерінің басым көпшілігі жаппай жекешелендіру кезінде түрлі жолмен Қытайдың алпауыт компаниясы CNPC-дің еншілес мекемелерінің меншігіне өтіп кеткен еді. Бұл кәсіпорындарда еңбек ететін жергілікті халықтың жұмысшылары мен инженер-техник қызметкерлерінің алатын жалақы мөлшері қытайлардан бірнеше есе төмен. Оның үстіне пайдаға шаш етектен батып отырған «CNPC Ақтөбемұнайгаз» компаниясының әлеуметтік салаға көрсететін көмегі де тым мардымсыз. Тегеурінді әкім оларды сын тезіне алып, теңгермешілікті талап етті.
Ақтөбеде ел аман, жұрт тыныш болған 2016 жылы лаңкестер қала ортасындағы екі бірдей қару-жарақ дүкенін басып алған соң, мұздай қаруланған әскери бөлімге шабуыл жасап, жазықсыз тұрғындарды оққа ұшырды. Әкім дереу Қорғаныс министрлігі, Ұлттық гвардия, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі басшыларымен байланысқа шығып, үрейленген елді де, ушыққан жағдайды да тез арада ретке келтіруге бар күшін жұмсады.
Жамбыл облысында «дүнген дүрбелеңі» орын алғанда небір қиын түйіндерді қисынын тауып шешетін Сапарбаев тағы алдыңғы шепке шықты. Елді тыныштандырып, алаң жұрттың көңілін сабасына түсіру үшін ол енді Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалды.
Бердіағаң бұл қызметін де абыроймен атқарып, өмірдің жетінші белесіне аяқ басқанда «кейінгі толқын – інілерге» көңілінің де, қызметінің де төрін ұсынып, зейнетке шықты. Жақсы ағаның соңында бес облысты асқан шеберлікпен басқарған бірегей әкім деген абыройлы аты қалды. Халқына қызмет ету үшін туған ерге бұдан артық қандай құрмет керек?! Ендігі жерде асыл азаматтың ел жадында жазылған екінші ғұмыры ұзақ болғай деп тілейміз!
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
мемлекет және қоғам қайраткері, академик





