«Тосын сый»

777

0

Осыдан оншақты жыл бұрын аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінде бас редактор қызметінде жүрген кезім. Жаңа жылға санаулы күндер қалған. Балаларым кішкентай. Қызым Әйгерім, ұлым Айбек үйде, ал Рамазанды нағашы ата-әжесі ауылға алып кеткен.


Аудандық редакция ғимараты Жалағаш кентінің арғы шетінде, ал үйім бергі шетінде болатын. Әдеттегідей газет шығатын күн болғандықтан қарбаласып жатырмыз. Бір уақытта жұмыс телефоным шыр етті. Қарасам, өз үйімнің нөмірі, тұтқаны көтердім. Ар жағынан қызым:


– Мама, кешке біз бүгін сізге тосын сый жасап қоямыз, – деді.


– Жарайды. Жақсы болды ғой, – деп әдеттегі тапсырмаларымды тағы бір есіне салып, тұтқаны қойдым.

Ол тапсырмалар: есікті ішінен құлыптап, кілтті суырып алып қойыңдар! Қоңырау шалған кезде телефонға жауап беріңдер! Пештің қасына жақындамаңдар! Тағы осы сияқты баланың санасы қабылдай алатын бірлі-жарым «бұйрық райындағы» сөйлемдер. Айтпақшы, әлгінде қызымның айтқан «тосын сыйы» төсек салып қою болар деп топшыладым. Өйткені соңғы уақытта інісі мен екеуі әлі келгенше тырмысып, төсек салуды үйреніп жүрген.


Бір мезетте, материалдар теріліп, бет жасалып жатқан уақытта жалп етіп жарық сөніп қалды. Үйреншікті жағдай. Енді не істейміз? Сонымен артынып-тартынып, қажетті құрал-жабдығымызды таксиге тиеп, әдеттегідей аудандық мәслихаттың кеңсесіне бардық. Ол кезде аудандық мәслихаттың хатшысы бұрынғы редакторымыз Кенжеғара Сүлейменов ағай. Газеттің әр нөмірі қалай дайындалатынын жақсы білетін ағай, бізді қабақ шытпай қарсы алып, бір кабинетін берді.

Сонымен не керек, газетті Қызылорда қаласындағы баспаға жіберіп болғанша сағат түнгі 10-ға таяп қалды. Қайтуға бет алып, сыртқа шықсақ, аламан-тасыр дауыл, көшенің жарығы түгел өшіп қалған, айнала тас қараңғы. Такси таба алмай әзер дегенде бір таксиді шақырдық. Пойыз жолдың арғы бетіндегі аядай (өзіме кең сарайдай) үйіме жеткенше дегбірім қалмады.
Бар болғаны 15-20 минуттың ішінде басыма неше түрлі ой келіп кетті…

Балаларымнан жарты сағат бұрын хабар алғанымда ұйықтамай отырған. Енді телефон тұтқасын көтермейді… «Уһ!» деп үйге де жеттім-ау! Қызықтың көкесі алда екен. Есік құлып, кілті ішінде тұр, қанша әурелесем де ашылатын түрі жоқ. Дала тас түнек, дауыл ұйытқып, айнала азан-қазан. Үрейлі дыбыстардан құлақ тұнады. Терезені барынша ұрып жатырмын, үйдегі телефонға қаншама қоңырау шалдым, дыбыс жоқ. Өзім терезенің алдынан ұзап кетуге қорқып тұрмын.


Уақыт түнгі 12-ге таяды. Бұдан кешіксем, әрі қарай не боларын білмеймін. Жанымды жеген жаман ойдан аяқ-қолым қалтырап, зәрем қалмай барады. Өзім жақын араласатын көрші келіншекке қоңырау шалдым, көтермеді. Естімеген болуы керек. Содан оның күйеуіне қоңырау соқтым. Түн ортасында бөгде ер адамға қоңырау шалу ұят екенін білсем де басқа амалым жоқ. Құдайға шүкір, көрші телефонға жауап берді. Ол да менің беймезгіл хабарласқанымнан бір жағдай болғанын сезген шығар. Ойым сан-сақта, әбден қорыққанмын, көзімнің жасы төгіліп кеткелі тұр, апыр-топыр болған жайтты айтып бердім.


Жағдайды түсінген көршім қолына балтасын ала келіпті. Басқа амал жоқ, есікті бұзды. Үйге кірген бойда балаларыма жүгіріп бардым. Аман. Еш алаңсыз ұйықтап жатыр. Қорыққан мен қуанған бірдей деген, көз жасыма ерік бердім. Бұл «тосын сый» өмір бойы есімнен кетпестей болды. Осы күні балаларыма айтсам, «Мама, айтпашы» деп азар да безер болады.


Ғазиза ӘБІЛДА,


«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз