Аймақ дамуы ауылдан басталады

644

0

Ауыл әлеуетін көтеру – ел экономикасының басым бағыты. Қаладағы халықтың жағдайы ғана емес, ауыл тұрғындарының жай-күйі де мемлекет деңгейін бағамдауға жол ашады. Сондықтан елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік-спорттық нысандар санын арттыру негізгі мақсатқа айналды. Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Сырдария ауданының Бесарық ауылына барып, бірқатар нысанды аралады.

денген ауыл тіршілігін көзбен көру және ел игілігі үшін қолға алынған жұмыстардың жай-жапсарымен танысу. Расында, мұндағы тірлік қауырт. Әкіммен сапар барысында біз сол қызу жұмыстың ортасына топ ете қалдық. Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев қарқынына қарқын қосқан ауылдағы ауқымды істерді жеке-жеке таныстырды.

Ауылға кіреберісте жаңа спорт кешенінің іргетасы қаланыпты. Жұмыстың уақытылы әрі сапалы бітуіне жауапты – «SCS Инжиниринг» ЖШС. Мердігер мекеме ерте көктемде басталған құрылыс жұмыстарын келер жылдың соңына дейін бітіруге ниетті.

Екі блоктан тұратын кешеннің бірінші қабатында спортзал, киім ауыстыратын және жуынатын бөлме, медицина бөлмесі мен бейнебақылау бөлмесі бар. Ал екінші қабатында ұйымдастыру бөлімі, жаттығу залы, күреске арналған бөлме қарастырылған. Айтпақшы, спортзал футбол, баскетбол, волейбол ойындарына арналған. Ішіне 120 көрермен сыяды. Бәрі ойдағыдай болса, ауыл тұрғындары келер жылы іргелі істің игілігін көрмек.

Бұдан соң әкім сапары ауылдық музейде жалғасты. Мекеме аумағы толық қоршалған, жан-жағы жасыл желек. Еңселі ғимарат бір көргеннен жүйелі жұмыстың нәтижесін аңғартты. Аймақ басшысы аталған ерекшелікті назарға алса керек, жауапты мамандардың жұмысына баға берді.

– Ауыл-аймақты көркейту – негізгі мақсатымыздың бірі. Елді мекенді таза ұстау, көркейту-көгалдандыру жұмысын жүргізу, тұрғындарға қажетті әлеуметтік, спорттық нысандарды салу мәселені шешу жолына айналуда. Бұл орайда Бесарық ауылының алған бағыты көңіл қуантады. Ауылға кіргеннен ауқымды жұмыстардың жасалып жатқанын байқадық. Алдағы кезеңде құрылыс жұмыстары уақытылы аяқталып, тиісті жұмыстар дер кезінде жүргізілсе, ауыл келбеті әспеттеле түспек, – деді облыс әкімі.

Расында, музейдің сыртқы келбеті ғана емес, тарихи жәдігерлері де көңіл аудартты. Музейге 19 ветрина қаз-қатар қойылыпты. Әрқайсысында талай тарихтың ізі жатыр.  «Жер тарихы – ел тарихы» бөлімінде ауыл төңірегіндегі ескі қалашықтар мен қорғандар жайлы мәлімет пен жәдігерлер сақталған. Өңірдегі айтулы тұлғалар жайлы экспонаттар, Сырдария ауданынан шыққан төрт Кеңес одағының батыры, ауылдың орденді ардагерлері жайлы жәдігерлермен толыққан. Ал «Ауыл мақтаныштары» бөлімінде ауылға ерекше еңбегі сіңген тұлғалар жайлы мәліметтер «Тұғыры биік тәуелсіздік» және «Жаңа ғасырда жаңарған Бесарық» бөлімдері жасақталған.

Бұдан соң атбасын орталық алаңға бұрдық. Бүгінде демалыс алаңының айналасына абаттандыру жұмыстары жүруде. Алаңға брусчатка төселіп, жарық шамдары мен демалыс орындығы қойылған. Ал орталық алаңда субұрқақ пен «Ана бақыты» мүсіні орналасқан. Ауылдың көркіне көрік қосқан алаңның екі жағына талдар егіліп, әсемдене түскен. Айтпақшы, бұл жұмыстарды жүргізуге аудандық бюджеттен 600 мың теңге қаржы қаралған. Ал «Абай-Дәулет» ЖШС жеке өзі 2 млн теңге қаражат бөліп отыр.

Келесі бағытымыз – «Абай-Дәулет» ЖШС. Мекеме директоры жем зауыты, түйе шаруашылығы, өнімдер жәрмеңкесімен таныстырды. Мұндағы тірлік те қарқынды. Облыс әкімі 2016 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан жем дайындау цехының жұмысын жоғары бағалады. Қазіргі таңда сағатына 3 тонна өнім өндіретін цехта 7 адам жұмыс істеуде.

Шаруашылықтағы қой фермасының да аяқалысы бөтен емес. Қожалықтағы асылтұқымды қой саны 5 мыңнан асады. Бұл жерде бордақылау пункті мен зертхана бар. Ал түйе фермасында күніне 100 литр шұбат өндіріледі. Сондай-ақ, ауызсу кешені, сағатына 2500 келі комбикорм дайындап шығаратын зауыт, 5000 тонна жем сақтайтын қойма, шөп сақтайтын қораларда барлық техникалық жабдық жеткілікті.

– Біздің негізгі кәсібіміз – күріш өсіру. Кейінгі бес  жылда жұмыс қарқыны күшейді. Соның арқасында ауыл адамдарын жұмыспен қамтыдық. Мұнда қазір 170 адам жұмыс істейді. Шаруашылықта бұдан бөлек, күріш зауыты мен алма бағымыз бар. Өнім сапасы жақсы болғандықтан, сұраныс та жоғары.  Ал төрт түлік малға келсек, қазір сүт өнімдерін қолжетімді бағада қалаға сатып жатырмыз, – деді «Абай-Дәулет» ЖШС-ның директоры Мұрат Сәрсенбаев.

Кейде ауылдағы ағайынның хал-ахуалын қаперде ұстай бермейтініміз жасырын емес. Ондағы тұрғындардың мұң-мұқтажы, арман-тілегі ескерусіз қалып, елдің алаң көңіліне талай куә болдық. Алайда, аймақ басшысы мен жауапты сала мамандарының елді мекендерді аралауы – аталған олқылықтың орнын толтырарлық іс. Бұл жолғы сапар да осы мақсат жолында жасалған қадам екені айдан анық.

Ақтілек Бітімбай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<