Ардагерлер алқасы

857

0

«Достық үйінде» облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісі өтті. Онда өткен жылғы жоспарланған жұмыстардың орындалуы сараланып, алда атқаруға тиіс жоспар талқыланды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов, сондай-ақ басқарма басшылары мен облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері, тексеру және тұрақты комиссиялардың, салалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, аймақтың белсенді ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алқа мәжілісін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жүргізді. Жыл басында әр сала атқарған жұмыстары мен алда атқарар міндеттерін айқындап, көпшілік алдында есеп беретіні белгілі.

– Мемлекет басшысы ардагерлер қауымының елді ауызбірлікке шақырып, тұрақтылық пен бейбітшіліктің қаншалықты маңызды екенін насихаттауда белсенділік танытқанын айрықша атап өтті. Өткен жылы Конституцияға түзетулер аясында референдум болды. Республика күні  Ұлттық мерекеге айналды. Президент сайлауы өтті. Сыр бойының ардагерлері осындай жауапты кезеңде белсенділік танытты, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Облыс әкімінің орынбасары М.Жайымбетов аймақ көшінің алға басуына ерен еңбек сіңірген ардагерлерді жан-жақты қолдау шаралары тұрақты түрде жалғасын табатынын айтты.

– Биылғы 2023 жыл да саяси оқиғаларға толы болмақ. Парламент Сенатының сайлауы өтті, наурыз айында Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы болады. Осы ретте елдің ұйытқысы болып отырған данагөй ақсақалдар мен ел ағаларына артылар жүк ауыр. Біздің мақсатымыз – бар күш-жігерімізді біріктіріп қуатты, Жаңа Қазақстанды құру.

Қазіргі тарихи өзгерістер кезеңінде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру – елдік шаруа, баршамызға ортақ міндет, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Алқа отырысында «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ бастауыш ардагерлер ұйымының, білім саласы ардагерлер ұйымының және Байқоңыр қалалық ардагерлер кеңесінің ардагерлер қозғалысын дамыту, мәдени-көпшілік, спорттық шараларға тарту, салауатты өмір салтын қалыптастыруда атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.

«ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Барлыбай Бимановтың айтуынша, бастауыш ардагерлер ұйымы 2003 жылы құрылған. Бүгінде 232 зейнеткер-ардагер осы ұйымның мүшесі. Жыл сайын 1 қазан – Халықаралық қарттар күні құрметіне ардагерлерге компания тарапынан 35 АЕК көлемінде ақшалай көмек беріледі. Жұмыс барысында жарақат алған 17 еңбек мүгедегі бар. Оларды компания әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымы қамқорлыққа алған.  Жыл сайын емделу үшін клиникаға, ауруханаларға, сауықтыру-емделу санаторияларына қаржы бөліп отырады.

Зейнеткерлерге жылына екі рет азық-түлік өнімдері беріледі, «Ардагер мұнайшы» төсбелгісімен марапаттау әкімшілік жағынан қолдау тауып келеді.

Облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов атқарған жұмыстары жайын баян етті.

– Облыстық білім саласы ардагерлердің бастауыш ұйымы 2015 жылы ақпанда тіркелген. Бұл ұйымға өткен жылдан бастап жетекшілік етіп келемін. Ұйымның жаңа құрамы бекітілген. Ардагерлер ұйымы үшін облыстық білім басқармасының қолдауымен қаладағы М.Ықсанов атындағы колледж ішінен арнайы бір кабинет толықтай жасақталып берілді. Біздің ұйым 6 секторлық бағытта жұмыс жасайды, – деді ол.

Талқылаудан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Өмірбек Шәменов өзі төрағалық ететін тексеру комиссиясының жұмысын қорытындылады. Ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері Қ.Әжібеков, Ш.Төребаев, Д.Ысқақов, Н.Мұсабаев әртүрлі әлеуметтік мәселелер, газдандыру, жасы 70-тен асқан ардагерлерге қала маршруттарында 50 пайыз жеңілдік беру, қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсету, жастармен кездесулер өткізуді жандандыру, тазалық жұмыстары төңірегіндегі ұсыныс-пікірлерін білдірді.

К.ЕРІМБЕТОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<