Аудан жаңалықтары

962

0

Қатты отын қоры жеткілікті

Аудан әкімі С.Сермағамбетов жұмыс сапарымен Сексеуіл кентінде болды.

Алдымен кенттегі қатты отын түсірілетін аймаққа барып, көмір жеткізуші кәсіпкерлермен кездесті. Жылу беру маусымы қарсаңында отын қорының жеткілікті мөлшерде болуы керектігін айтқан аудан басшысы тиісті орындардан осы кезден бастап қатты отынның жеткізілу қажеттігін тапсырды. Жақын маңдағы ауылдық округ тұрғындары да қыстық отынды кенттегі орталықтан алатындықтан сұраныс жоғары болатынын ескеріп, жауапты мамандарға сапалы көмірдің жеткізілуін қадағалауды жүктеді. Қазіргі таңда кенттегі отын түсірілетін аймаққа Шұбаркөл көмірінің алғашқы легі жеткізілуде.

Қиыршық тас төселуде

Әйтеке би кентіндегі 7 көшеге қиыршық тас төселуде. Олардың қатарында ұзындығы 1 шақырымға жуықтайтын Қ.Қартақов көшесі бар.

Одан бөлек, Қ.Ибрагимов, И.Байзақов, Бейбітшілік, Ә.Қашаубаев, Жанқожа батыр көшелері мен Біржан сал көшесінің бас жағына қиыршық тас төселуде. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев осы жұмыстарды жобаға сәйкес жүргізу қажеттігін айтты. Атқарылатын жұмыс сапалы әрі уақытылы аяқталуы тиіс.

Фитнес-клуб ашылды

Аудан әкімінің орынбасары Ж.Ерқосаев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Мереков бастаған бірқатар ел ағалары жаңа фитнес орталығының ашылу рәсіміне қатысты.

Фитнес-клубтың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары құттықтау сөз сөйлеп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын айтып өтті. «Дүр Оңғар» фитнес-клубының иесі Сабихан Жүнісовтың айтуынша, мұнда соңғы разрядқа сай барлық жағдай жасалған және жаттығуға арналған спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Пайдалануға берілген орталықта 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

«Мүмкіндіктер алаңы»

Халықаралық жастар күніне орай Жалағаш кентінің орталық алаңында «Мүмкіндіктер алаңы» кеңес беру шарасы өткізілді.

Түрлі сала мамандары қабылдау өткізіп, жастардың көкейіндегі сауалдарды тыңдап, мемлекеттік бағдарламалар мен мүмкіндіктер жайлы кеңінен баяндады. «Мүмкіндіктер алаңына» қатысу арқылы жастар сала мамандарынан жұмысқа орналасу, жастар кәсіпкерлігі, білім, тұрғын үй мәселесі, денсаулық, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, жастардың тегін үйірмелер мен курстарға жазылуы және т.б. бағыттар бойынша кеңес алды.

Еуропалық үлгідегі киіз үй қызметі

Осыдан 2 жыл бұрын жұмысын бастаған «Макing Тerenozek» фаст-фуд орталығы қызметін кеңейтті. Жыл сайын өз тұтынушыларын қуантудан жалықпайтын орталықта бірнеше кәсіби маман жұмыс жасайды. Жас кәсіпкер Мақсат Бекенов еуропалық үлгідегі қазақы киіз үй қызметін ұсынуда.

Облыс бойынша бірегей орын көпшілік көңілінен шығуда. Киіз үй жылдың 4 мезгілінде де қонақ күтуге арналған. Заманауи жиһаздар қойылған. Соңғы үлгідегі ыдыстармен жабдықталған. Тұтынушы өз қалауынша тағамдарға тапсырыс бере алады. Сонымен бірге Тереңөзек кенті мен жақын ауылдарға тасымал қызметі жолға қойылған.

Серпін берер сәтті жоба

Аудан әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен «Мұстафа Шоқай» автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылыс жұмыстары бастау алды.

15 мыңға жуық халқы бар 6 ауылдық округті газдандыру мақсатындағы маңызды жобаға аймақ басшысының қолдауымен мамыр айында 2,1 млрд теңге қаржы бөлінген. Ірі стратегиялық маңызы бар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбыры – Сыр еліне, оның ішінде Шиелі ауданына сәтті жоба. Жоба аясында автоматты газ реттегіш станциясымен қатар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырынан сағатына қысымы 20 мың текше метр газ өткізетін 21 шақырым газ құбырының желісі жүргізілетін болады. Құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың мамыр айында пайдалануға берілмек.

«Бар жақсылық – балаларға»

Аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ Халықаралық жастар күніне орай, балалар алаңқайында «Бар жақсылық балаларға» акциясын ұйымдастырды.

Балаларға көңілді кеш, жазғы керемет естеліктер сыйлау үшін әртүрлі ойындар мен сұрақ-жауап өткізіліп, белсенділік танытқандар марапатталды. Кеш балалар үшін көңілді өтті. Келген балақайларға балмұздақ таратылды.

Дайындаған:

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<