Аудан жаңалықтары

264

0

Барлығы бірдей

Қызылорда. Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда 2 наурыз күні сағат 10:00-ден бастап бір мезетте, бір уақытта, бірдей бағада азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өткізілетін «Әлеуметтік керуен» жәрмеңкесінде тұрақтандыру қорындағы 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі төмен бағада халыққа ұсынылады.

Атап айтқанда, картоп 110, сәбіз 100, пияз 50, қырыққабат 115 теңгеден, күріш 400, ұн 135, сиыр етінің келісін 2000 теңгеден сатып алуға болады. Жәрмеңке Қызылорда қаласында Тасбөгет кенті мен Титов қыстағында өткізілсе, аудандарда орталық алаңдарда ұйымдастырылады. Облыста алғаш рет кең көлемде өткелі жатқан «Әлеуметтік керуен» жәрмеңкесін де 160 тонна өнім ұсынылмақ.

Медициналық бекет ашылды

Арал. Ауданның  «Сапақ» ауылдық округінде жаңа медициналық бекет ашылды. «Көктем» елді мекеніндегі жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысып, тұрғындарды заманауи ғимараттың ашылуымен құттықтады.

Рәсімде ауыл ардагері Алмат Молдабаев көпшілікті құттықтап, іргелі істерге ұйытқы болып жүрген ел азаматтарына алғыс білдіріп, ақ батасын берді. Сондай-ақ мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтары марапатқа ие болды.

Айта кетейік, медициналық кешеннің құрылысын «СК и Монтаж-Строй» ЖШС жүргізді. Ғимарат ішінде тіркеу орны, егу бөлмеcі, лаборатория, архив кабинеті бар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалған.

Тазалық пен тәртіп

Қазалы. Көктемгі тазалық жұмыстарына байланысты аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжіліске Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласындағы барлық мекеме-кәсіпорындардың басшылары қатысты.

– Тазалық әркімнің өз ауласынан, табалдырығынан басталады. Сондықтан әрбір тұрғын өз ауылын таза ұстауға, көркейтуге үлес қосуы керек. Біз қанша сәндеп-жөндегенмен, көше бойындағы қоқыстар мен үйлердің қоршауы жөнделіп, сырланбаса мұның бәрі бекер, – деді аудан әкімі. 

Басқосуда аудандық полиция бөлімі, білім, денсаулық сақтау, аудандық қоғамдық даму бөлімі, Жастар ресурстық орталығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі мен кент әкіміне күн тәртібіндегі мәселеге байланысты тиісті жұмыстар атқару тапсырылды.

Құрылыс нысандарын аралады

Қармақшы. Аудан әкімі Жандос Еркінбек құрылыс нысандарын аралады. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арнап салынатын үйлерге белгіленген жер учаскесін көріп, жауапты сала басшыларымен құрылыс жайын талқылады.

«Қазақавтожол» ЖШС-нің №56 Қармақшы жол пайдалану бөлімшесінің жұмыстарымен танысып, «жасыл белдеу» түсетін орындарды қарады. Сондай-ақ «Руханият» орталығы құрылысының мәселесін пысықтап, дайындық жұмыстарын бақылады. Аудан басшысы жаңа ғимаратқа орналасқан спорт клубында алға қойылған жоспарларды талқылады.

Ел жадындағы ерлік

Жалағаш. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына  35 жыл толуына арналған шара аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде жалғасын тапты.

Аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов Семей ядролық сынақ полигонының алдымен адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабы тигенін айтты. Сонымен бірге, сынақ алаңында әскери борышын өтеген ардагерлерге мерекелік төсбелгілер мен сый-сияпат табыс етті.

– Сіздер  Отанға, елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер, азаматтық борышты адал атқарып шықтыңыздар. Бұл жанкешті ерлік ұмытылмайды, кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге болып қала береді, – деді ол.

Семейдегі ядролық сынақ алаңында Жалағаш ауданынан 150-ге жуық жауынгер әскери қызметте болған.

«Ұлттық киім – ұлт ажары»

Сырдария. Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының креативті HUB ашу бағыты бойынша «Ұлттық киім – ұлт ажары» атты аудандық байқау өтті. Байқауға ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарынан 16-15 жас аралығындағы өнерлі қыз-жігіттер қатысып, бақ сынады.

Байқаудың негізгі мақсаты –  оқушылардың қазақ халқының ұлттық киімдерінің ерекшеліктері, олардың түрлері, пайдалану және тұтыну туралы білімдерін жетілдіру. Байқау нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен І орынды Аманкелді ауылынан Батыржан Амангелдиев, Қызжібек Жүзбайқызы жеңіп алды. Ал «Шіркейілі» ауылынан  келген Диас Асылжан, Нұрбибі Тынысбек, Қалжан ахун ауылынан Батырхан Жарылқасын, Толғанай Дарханқызы ІІ орынды олжалады. ІІІ  орынды А.Тоқмағамбетов ауылынан Мағжан Нұғымадилла, Айсезім Мирланқызы, «Жетікөл» ауылынан Бақдәулет Нақыпбек, Іңкәр Әлиасқар өзара бөлісті.

Адам құқықтары басты назарда

Шиелі. Аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергеновтің төрағалығымен сот органдарындағы кадрлық өзгеріске байланысты актив отырысы өтті. Жиынға Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Мақсұт Текетаев қатысты.

Жиында Алмат Алдабергенов қай кезде де адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуы басты назарда болатынын айтып, сот жүйесі елімізде адам құқығының қорғалуы мен қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір кепілі екенін атап өтті.

Содан соң Шиелі аудандық сотының судьясы Дархан Қыдырбекұлын таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

Оқушылар сауатын арттыруға арналған семинар

Жаңақорған. Қызылорда облыстық оқу орталығының және Жаңақорған аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен №110 мектеп-лицейде «Математика және физика пәнінен STEM технологиясы арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Семинарға аудан, қала мектептерінен 30-ға жуық пән мұғалімдері мен жауапты әдіскерлер қатысты. Математика және физика пәні бойынша STEM технологиясы арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың тиімді әдіс-тәсілдерін бөлісуді мақсат еткен семинар жоғары дәрежеде қорытындыланды.

Дайындаған

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<