Азамат ердің «Айбыны»

531

0

Кеше Асқар Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Қаңтар оқиғасы кезінде жауынгерлік қызметін адал орындаған, қылмыскерлерді ұстау барысында қырағылық көрсеткен № 5547 әскери бөлімінің жасақ командирі, майор Мұхит Аманбаевқа ІІ дәрежелі «Айбын» ордені табысталды.

Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев командирге құрмет көрсетіп, жанқиярлық ерлігі үшін аймақ жұрты атынан ілтипатын білдірді.

– Бұл – жауынгерлік әзірлікте, әскерлерді жоғары жауынгерлік даярлықта ұстауда, әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ, мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін берілетін марапат. Мұхит Қайратұлы, сіз өскелең ұрпақ пен еліміздің барша азаматтарына аянбай қызмет етудің, айрықша еңбексүйгіштіктің және нағыз патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеттіңіз. Сіздің қиын сәтте жеке құрамды ұйымшылдықпен басқарып, қылмыскерлерді ұстау барысындағы батыл әрекетіңізді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденіне лайық деп таныды, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі батырдың әкесі Қайрат Төлебекұлы мен анасы Бақытгүл Әкімбайқызына отаншыл, патриот азаматты тәрбиелеп өсіргендері үшін алғыс айтты.

Жиында сөз алған марапат иесі қоғамға қосқан үлесінің бағаланғанына, еңбегінің еленгеніне алғысын білдірді. Мемлекет басшысына, облыс әкіміне, қызметтегі басшылық құрамына ризашылығын жеткізді.

–  Менің бойыма   патриоттық сезімді жас күнімнен сіңірген, елге қалтқысыз қызмет етуге үндеген, бүгінгі биігіме шығуыма ықпал еткен ата-анама айтар алғысым шексіз. Шынын айту керек, әрбір қазақстандық секілді мен де елім үшін талмай еңбек етемін. Әскери қызметкер болғандықтан бейбітшілік, тұрақтылық үшін алдыңғы шептен көрінуге даярмын. Елеп-ескерген барша жанға айтарым алғыс. «Ер – елдің қорғаны» деген қазақта аталы сөз бар. Ел тыныштығын қас қақпай күзеткен сарбаздар қысылтаяң шақта халыққа қорған болды. Бүгінгі мерейлі мезет барлық жауынгерлерге жұғысты болсын, − деді Мұхит Аманбаев өз сөзінде.

Іс-шарада оған Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің атынан қазақтың қара домбырасы тарту етіліп, ақжарма тілектер айтылды. Бұдан соң, бұлбұл дауысты әншілер кешті әуезді әнмен әрледі.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<