Байрақты бәсекедегі жаңа белес

499

0

1 қарашада Иордания астанасы Амманда әуесқой бокстан Азия чемпионаты байрағын желбіретті. Сары құрлықтың марқасқаларын жинаған біріншілікке ел боксының қазіргі мықтылары аттанды. 13 күнге созылған додада ерлер 13, әйелдер 12 салмақ дәрежесінде күш сынасты. Халықаралық бокс қауымдастығының ақпаратына сүйенсек, чемпионатқа 30-дан астам елден барлығы 320 боксшы тіркелген. Оның 211-і ер, 109-ы әйел. Ал 320 боксшының 25-і – Қазақстан құрамасының өкілдері.

Естеріңізде болса, былтыр Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Азия чемпионаты біздің жігіттер үшін өте сәтсіз аяқталды. 49 келіде Данияр Сәбит, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, 91 келіде Василий Левит және аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев күмісті қанағат тұтқан. Сондай-ақ, 52 келіде Сәкен Бибосынов қолаға қол жеткізген. Алтынсыз қалдық. Ал бұл қазақ боксының деңгейін көрсеткендей еді. 6 алтын еншілеген өзбектерде есеміз кетті.  Сол сәтте 6 күміс пен қоламыз түкке тұрғысыз көрінгені рас. Тіпті, жалпыкомандалық есепте үздік үштікке де кіре алмадық.

Сол себепті биыл бас бапкер Қайрат Сәтжановқа артылған жауапкершілік өте зор еді. Құрамды іріктеуде де ешкім кедергі болмады. Алам деген боксшыларын алып, қосам деген жігіттерді қосты. Жарыс алдында бас бапкер дайындықтың жоғары деңгейде екенін және биыл көш бастайтынын айтып, елді серпілтіп қойды. Сөйтіп, Иорданияның бас шаһарына аттанған. Бір қызығы, 13 салмақтың бесеуінде Азия жұрты басты қарсыласымыз қазақ-өзбек текетіресін тамашалады. Оның қатарында кәсіпқой боксқа барып қайтқан сырбойылық Қамшыбек Қоңқабаев та бар.

Иә, Токио олимпиадасының қола жүлдегері, Әлем чемпионатында екі мәрте күміс алған Қамшыбекке үлкен сенім артылды. Абырой  болғанда  жерлесіміз үмітті ақтап, қарсыластарын бірінен соң бірін сұлатып, жартылай финалға жолдама алды. Оңтүстіккореялық До Хьен Кимді жарыс жолынан шығарған жерлесіміз жартылай финалда әлдеқайда тәжірибелі, талай додаларда ысылған тәжікстандық Мухаммад Аброридиновпен қолғап түйістірді. Қарсыласының ұзын болғанына қарамастан, Қамшыбек алғашқы раундтарда-ақ дәл шабуылдап, өзінің шеберлігі басым екенін анық аңғартты. Тіпті соңғы раундта қарсыласын өзіне ыңғайлы қашықтықта ұстап, дәл соққылар жасай білді. Осыдан соң қазақстандық боксшының жеңгеніне төрешілер де еш күмән келтірген жоқ.  Төрешілер есебі – 5:0, Қамшыбектің пайдасына шешілді.

Ал финалда 92 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Қоңқабаев Өзбекстанның боксшысы Лазизбек Муллажоновпен алтын жүлдені өзара сарапқа салды. Алайда жерлесіміз күтпеген жерде өзбекстандық жас боксшыдан жеңіліп қалды. Азия чемпионатына тыңғылықты дайындалып келген өзбек боксшысы тактикалық та, техникалық та тұрғыдан басым болып, Сары құрлықтың бас жүлдесін айқын басымдықпен жеңіп алды. Әр раундты жіті бақылап отырған төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен, яғни, 5:0 есебімен өзбек спортшысы жеңіске жетті. Осылайша, Қамшыбек Қонқабаев Азия чемпионатындағы төртінші күміс жүлдесін еншіледі.

Орайы келгенде айта кетейік, ерлер арасындағы жалпыкомандалық есепте 5 алтын, 2 күміс, 3 қола жеңіп алған Өзбекстан құрамасы көш бастаса, Қазақстан (3 алтын, 6 күміс және 3 қола) ІІ орынға ие болды. Үздік үштікті жарыс қожайыны Иордания (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) түйіндеді. Айтпақшы, бұл жарыста қыздар құрамасы да жалпыкомандалық есепте Үндістаннан кейінгі екінші орынға жайғасты. Шәміл Сафиуллин жаттықтыратын ұлттық құрама 3 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды.

Ал, жалпыкомандалық есепте Қазақстан бірінші орында.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<