Балуан мен ақынға құрмет

1154

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев республикалық «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Мақсат Исағабылов пен халықаралық «Алтайдай жер қайда?» атты ақындар айтысында бірінші орын алған Мұхтар Ниязовты қабылдады. Жүздесуге мәдениет және спорт саласының мамандары, ардагерлер қатысты.

– Сыр бойы – қашанда таланттарға бай өңір. Жерлесіміз Мақсат Исағабылов елорда төрінде өткен «Қазақстан барысы» турнирінде жеңімпаз атанып, мықтылығын дәлелдеді. Ал үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыс өнерінің ақтаңгері Мұхтар Ниязов жақында ғана Шығыс Қазақстан облысында өткен халықаралық ақындар айтысында алдыңғы орыннан көрінді. Осылайша жерлестеріміз Сыр өңірінің абыройын тағы бір мәрте асқақтатты. Қашанда ұлттық намыс әрбір адамды жеңіске жетелейді. Биылғы жылдың мамыр айында өңірде мәдениет пен спорт саласы бірігіп, ірі құрылымға айналды. Ол – бірліктің белгісі. Оның нақты дәлелі  – Мақсат пен Мұхтардың үйлесімді жеңісі. Жас ұрпақ осындай озық азаматтарға қарап бой түзейді, жеңіске ұмтылады. Шығармашылығы шыңдалады. Спортта шынығады. Жерлестеріміздің дүбірлі додадағы айтулы жеңістерің жас ұрпақ лайықты жалғастыра берсін дегім келеді, – деді облыс әкімі.

Жүздесу барысында балуан Мақсат Исағабылов бұл тек өзінің ғана емес Сыр өңірінің ортақ жеңісі екенін жеткізді.

– Жерлестерімнің қолдауын әрдайым сезінемін. Маған тілеулестігін білдірген азаматтар әуежайдан күтіп алып, үлкен қошемет көрсетті. Оларға алғысым шексіз. Әлі де Сыр өңірінде спортта ғана емес барлық салада тек қана үздіктер шығады деген ойдамын. «Мәдениет пен спорт егіз» демекші Мұхтар ағамыздың жеңісімен құттықтаймын. Алдағы уақытта «Алтын белбеу» мен алтын тайтұяқты туған топыраққа бірнеше мәрте алып келуге күш саламын. Сондай-ақ, халықаралық «Әлем барысы» турнирінде жеңіс тұғырынан көрінсем деген мақсатым бар. Сыр өңірі әрдайым жоғары биіктен көріне берсін деймін, – деді М.Исағабылов.

Айтыскер Мұхтар Ниязов әрдайым жерлестерінен үлкен қолдау көріп келе жатқанын атап өтті. Бұл орайда облыс әкімінің мәдениет пен спортқа жанашыр екенін, жастарға қолдау көрсетіп жүргенін жеткізді. Осындай қамқорлықтың арқасында қызылордалық үздіктер талай бәсекеде топ жарып, елдің мерейін тасытты.

Жүздесуде Мақсат Исағабыловтың жеке бапкері Болатбек Кенеев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әріп Қожбанов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүрекжарды лебізін білдірді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  Мақсат Исағабыловқа екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етсе, Мұхтар  Ниязов ақшалай сыйлыққа ие болды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<