Үйің болмай, күйің болмас. Қазалыда баспана мәселесін шешуде бірқатар жұмыс жүзеге асырылуда. Тек өткен жылдың өзінде 2,9 млрд теңгеге 15 нысанның құрылысы жүргізілсе, 10 нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде аудандық әкімшілік ғимараты, Ақсуат ауылындағы балабақша мен клуб, Қазалы қаласынан көлемі 81 гектар жер учаскесіне жолдар салу, 18 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй құрылысы бар.
Оған қоса «Аймақаш» тұрғын ауданын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, Ғ.Мұратбаев елді мекеніне газ тарту, Бекарыстан би ауылындағы тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желілерін жүргізу, Әйтеке би кентінде көліктік-логистикалық орталық инфрақұрылымын қамтамасыз ету және осы кентте бірқабатты 4 пәтерлік 10 тұрғын үй құрылысын айтуға болады.
Бұл жұмыстардың өздігінен бітпегені, қыруар еңбекпен келгені білініп тұр. Басталған шаруаның аяқсыз қалмауы көпшілік көкейіне сенім ұялататыны тағы рас. Қазалыда бұл тұрғыда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс бар екен.
Бұған дейін құрылысы басталған 600 орындық мәдениет үйі, ауысымына 250 келушіге арналған емхана, Қазалы қаласын газдандыру және Жанқожа батыр мен Майдакөл елді мекендеріндегі тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желілерін жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жұмыстардың барлығы да биыл аяқталады деп жоспарланыпты.
Біз мамандарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жайлы сұрақ қойған едік.
– Аудан орталығындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр. Тұрғындардың жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін бөлу жөніндегі сұраныстары жылдан-жылға өсіп келеді. Қазір 11 мыңға жуық тұрғын кезекте тұр. Сондықтан, осы мәселелерді шешу мақсатында ауданда 2 қоныстану аймағы Қазалы қаласынан 180 гектар, Әйтеке би кентінің «Аймақаш» шағын ауданынан 14 гектар жер игерілуде. Кейінгі 3 жылдың ішінде аудан бойынша тұрғындарға 1738 жер учаскесі табысталды, – дейді мамандар.
Ауданда баспана мәселесін шешу үшін көптеген жоба қолға алынған. Мәселен, өткен жылы Әйтеке би кентінен 4 пәтерлі 10 тұрғын үй салынғаны оқырмандарға мәлім. Ал биыл баспана мәселесін шешу үшін жалға берілетін үйлерді сатып алуға 294 млн теңге қаржы қаралған. Бұл қаржыға көлемі 60 шаршы метрден кем болмайтын 35 тұрғын үй сатып алынбақ. Оған қоса «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасымен Қ.Пірімов ауылынан спорт кешенін салу үшін қаржы қарастырылуда.
Жалпы, аудандағы барлық ауылдардың түйінді түйткілдерін кезеңімен шешу қаперге алынған. Өткен жылдың өзінде Ақсуат ауылындағы апатты жағдайдағы балабақша мен клуб салынып, жаңа заманауи ғимаратқа көшірілген.
Қазалы ауданаралық ауруханасы мұнан бірнеше жыл бұрын жаңа ғимаратқа қоныстанғаны, озық үлгідегі нысанның келушілер көңілінен табылғанын жеткізе кетсек. Осынау еңселі де әсем ғимаратта заманауи «Ангиограф» аппаратымен жүрек-қан тамырларына ота жасалуда.
Өткен жылы «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бірнеше мектеп пен балабақша ғимараттары күрделі және орташа жөндеуден өткізіліп, «Шағала» лагерінің асханасы мен жатақханасы жөнделді. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табатын болады. Ең бастысы, тұрғындар тарапынан көтеріліп келген ұсыныс қолдау тауып, бұрынғы №170 мектептің орнына 250 орындық мектеп салынатын болды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<