Білім гранты иегерлері анықталды

416

0

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жастардың білім алуына түрлі мүмкіндік жасауда. Соның бірі 100-ге жуық талапкердің жоғары оқу орындарында тегін білім алуын қамтамасыз етті. Ең қызығы, бұл грант тек әлеуметтік санатта дүниеге келген оқушыларға қарастырылған. Биыл облыс әкімі гранты бойынша 100 студентке оқу ақысын және жүріп-тұру, тамақтану шығындарын ішінара өтеуге әлеуметтік көмек тағайындауға облыстық бюджеттен 85,2 миллион теңге қаражат бөлінген. Мұндай мүмкіндікке кімдер ие болғанын Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев мәлімдеді.

– Үйлестіру кеңесінің отырысында өңірге қажетті 100 мамандық бойынша аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдіктерінің және тиісті мемлекеттік органдардың ұсынымдары ескеріліп, облыс әкімінің жоғары оқу орындарына гранттың бөлінісі бекітілді. Үміткерлерден қабылданған өтініштер бойынша 18-21 тамыз аралығында аудан, қала әкімдіктер жанынан құрылған арнайы комиссиялардың отырыстары өткізілді. Арнайы комиссиялардың шешімімен жалпы бөлінген 100 гранттың 97-сі тағайындалды, – деді Ғабит Жұмабекұлы.

Атап айтсақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне 78, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне 15, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне 3, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына – 1 грант тағайындалды. Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің хореография, шет тілі, әлеуметтік жұмыс мамандықтарына бөлінген 3 гранттың 1-уінен өтініш беруші өзі еркімен оқудан бас тартқан. Ал, 2 мамандық бойынша қосымша зерделеу нәтижесінде отбасының табысы белгіленген критерийден асып кетуіне байланысты тағайындаудан бас тартылған.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<