Бірқатар міндет айқындалды

771

0

Президент Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановты қабылдады.

Мемлекет басшысына сот жүйесінің қазіргі жағдайы мен сот төрелігіне қатысты өзекті мәселелер туралы ақпарат берілді.

Жақып Асановтың айтуынша, былтыр аудандық соттар шығарған 1,2 миллион сот шешімінің 1,4 пайызын немесе 17 мың істі жоғарғы сатыдағы соттар кері қайтарған немесе өзгерткен.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істей бастаған әкімшілік соттардың қызметі туралы мәлімет берілді. Жарты жылда соттарға 14 мың талап арыз түскен. Мемлекеттік органдар әрбір екінші істе ұтылған. Бұрын қаралған істердің 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешілетін.

Президентке дауларды шешудің баламалы тәсілдері туралы баяндалды. Әкімдіктермен бірлесе отырып, жергілікті жерлерде соттан тыс медиация орталықтары құрылған. Соттар дау-дамайлардың мәмілеге келу арқылы шешілуіне көмектеседі. Бұрын тараптардың тек 3 пайызы ғана татуласса, қазір бұл көрсеткіш 34 пайызға жеткен.

Жоғарғы Сот төрағасы қылмыстық сот төрелігі саласында да ахуалдың өзгеріп жатқанын баяндады. Оның айтуынша, соттарда кінәлауға бейім тұру ісі тыйылып келеді. Соңғы 4 жылда ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша ақталғандар саны 7 есе (жылына 20-30-дан 200-ге дейін) көбейген.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы сот органдарын жаңғырту аясында жүзеге асырылатын бірқатар міндетті айқындап берді.

Тапсырма қалай орындалуда?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады.

Президентке ұлттық газ компаниясының қазіргі жұмысы туралы және ішкі нарықты тауарлы газбен қамтамасыз етуге басымдық беру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы баяндалды.

Санжар Жаркешов газ саласын дамытудың кешенді жоспарының әзірленуі жөнінде баяндады. Аталған жоспар ресурстық базаны кеңейтуді және еліміздегі газ тасымалдау инфрақұрылымын жаңғыртуды көздейді.

Мемлекет басшысына сатып алу жүйесінің ашықтық деңгейін арттыру жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ ұлттық компанияның кадр саясатындағы өзгерістер жөнінде ақпарат берілді.

Кездесуде құбылмалы геосаяси жағдайға байланысты туындайтын сын-қатерлерді еңсеруге бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша Президент ұсынылған шешімдерді қолдап, толық аудит ұйымдастыру және компания қызметіндегі транспаренттілікті қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<