Бюджет өсімі һәм батыл бастамалар – өңір дамуының өзегі

363

0

Сейсенбіде VII сайланған облыстық мәслихаттың кезекті 22-сессиясы болып өтті.  Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімінің орынбасарлары мен облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары,  қала және аудан әкімдері қатысты. Күн тәртібінде 14 мәселе қаралды. Алдымен облыс әкімі биылғы 11 айда атқарылған жұмыстар мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралады.

Макроэкономикалық көрсеткіште өсім бар

Белгілі болғанындай, есепті мерзімде  өңірдің макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім қалыптасты. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінің өнімі 8,5, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 0,3 пайызға, инвестициялар тарту 31,3 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 6,4 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 21,1 пайызға және жалпы сауда айналымы  2,3 пайызға артқан. Индустрияландыруды дамыту аясында өңірде жалпы құны 613,1 млрд теңгені құрайтын 37 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл 6,8 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.  Биыл 4 млрд теңгенің 5 жобасын іске асыру жоспарланса, оның бүгінде 3-уі іске қосылды.

–    Түрік компаниясымен бірлесіп, құны               13,8 млрд теңге болатын, жылына 24 мың тонна томат пастасын өндіретін зауыт салу бойынша келіссөздерге келдік. Шыны зауытында қазан айынан бастап өнім шығарылуда. Бүгінгі күнге 17 мың тоннаға жуық шыны Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жіберілді. Алдағы уақытта Өзбекстан Республикасына экспорттау көзделуде. Биыл облыста 28 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 13,6 мыңы тұрақты. Мемлекет басшысының «әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру» жөніндегі тапсырмасы 11 ай қорытындысында екі еседен артық орындалды. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 6,4 пайызға өссе, алдағы үш жылда 2 млн  шаршы метрден астам тұрғын үйді іске қосу жоспарлануда. Келесі аптада Қызылорда қаласының сол жағалауынан үйлері апатты деп танылған 60 отбасыға пәтер кілті табысталады, – деді облыс әкімі.

Келер жылы 1,5 млрд теңгеге осы санаттағы отбасыларға 134 пәтер табыстау жоспарлануда.

Инженерлік-инфрақұрылымды дамытуда да оң нәтиже бар. Облыс халқының 97,8 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.

Облысты газдандыру деңгейі 67,8%-ды құрайды.  Келер жылы 15 газдандыру жобасын іске асыру арқылы облыс халқын газбен қамту үлесі 72 пайызға жеткізілетінін мәлімдеді.

Жергілікті маңыздағы 366 шақырым автомобиль жолдарын жөндеуге биыл 18,5 млрд теңге қаржы бөлінді.  Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 82 пайызға жеткізілді. Алдағы жылға 36 жобаны қаржыландыру бойынша ұсыныс енгізілген, бұл жолдардың жағдайын 87 пайызға жақсартуға мүмкіндік береді.

Ауылға жаңа бетбұрыс

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында өңірде 2023-2024 жылдары 27 нысан құрылысы салынады. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратыны сөзсіз.

– 2023-2025 жылдарға арналған  республикалық бюджеттен   ауысымына 100 келушіге арналған емханасы, онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысын бастауға қаржы  қаралды.  Жоба құны – 36,5 млрд теңге. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында да алдағы үш жылда 15100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Келесі жылы 19,6 млрд  теңгеге 10 мектептің құрылысы басталады. Бұл алда атқаратын негізгі жұмыстарымыздың бір бөлігі ғана. Мемлекет басшысы қазіргі кезде сөзбен емес, іспен дәлелдейтін уақыт жеткендігін үнемі айтып келеді. Аймағымызда 5-6 айдың ішінде туған жерге жанашыр меценаттар, кәсіпкерлер 9 млрд теңгеден асатын демеушілік жасап, ауқымды жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетті, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Қоғамдық көлік – көптің мәселесі

Қоғамдық көлік мәселесі  көптен  бері шешімін таппай жүрген өзекті проблема екені белгілі. Тіпті, айтыла-айтыла, жазыла-жазыла жауыр болған тақырып дерсіз. Оның өзіндік себебі де бар. Таңертеңгісін ертемен жұмысқа, сабаққа асыққан жұрт қоғамдық көлік қызметіне тәуелді. Осы орайда қала тіршілігімен біте қайнасқан көпшілік тасымалына деген тапшылықтың орын алуы, әрине, тұрғындар ашуын туғызады. Сессияда облыс әкімі  қоғамдық көлікке қатысты қордаланған мәселенің түйінін тарқатуда атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығындағы негізгі мәселе – қоғамдық көлік жетіспеушілігінің  оңтайлы шешім тапқанын тілге тиек етіп, алдағы уақытта «Қызылорда автобус паркі» тағы да жаңа автобустармен толығатынын жеткізді.

– Биыл Қызылорда автобус паркіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алуға 1 млрд  430 млн теңге қаржы бөлінді. Соның аясында 100 жаңа автобус маршруттық бағытқа қосылды. Қалғаны келер жылдың басында жеткізіледі. Әрине, бұл қажеттілікті толығымен өтемейді. Әсіресе, қазіргі қыс мезгілінде тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктерге сұраныс артуда. Өйткені жеке қоғамдық көлік иелері өз міндеттеріне немқұрайлық танытады. Таңертең ерте шықпауы, кешқұрым ерте тоқтауы, қызмет көрсету сапасының төмендігі қоғам тарапынан жиі сынға ұшырауда. Сондықтан  осы мәселені түбегейлі шешу үшін өздеріңіздің қолдауларыңызбен келер жылы 1 млрд  434 млн теңгеге қосымша тағы 150 автобус алуға қаржы бағытталуда. Осылайша 300 заманауи, жайлы автобус ел игілігіне беріледі, –  деді облыс әкімі.

Меценаттар демеуі әркез маңызды

Аймақтың өркендеп-дамуына елден шыққан кәсіпкер азаматтар да атсалысуда. Оның бірден-бір дәлелі – ел ішіндегі демеушілер көмегімен салынған түрлі әлеуметтік-мәдени нысандар. Айта кетейік, биыл Жалағаш ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» пайдалануға беріліп, демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 80 спорт-ойын алаңы тарту етілді. Сондай-ақ, демеушілер есебінен Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңге болатын заманауи демалыс паркі ашылса, Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылында құны 350 млн теңгені құрайтын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді, ал  Арал ауданында құны 320 млн теңгеге «Балықшылар» монументі мен аллеясы ашылды. Апатты деп танылған Тоқабай ауылындағы мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн теңгеге қайта салынуда.

– Облыс орталығында құны 1,6 млрд  теңгені құрайтын Неке сарайы, 3,7 млрд  теңге болатын 1000 орындық Өнер орталығының құрылысы жүргізіліп, сол жағалаудағы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын Қан орталығы 2024 жылы  беріледі. Белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд  теңгені құрайтын «Аналар үйі» орталығының құрылысы  жүргізілуде. Аймақтың инфрақұрылым әлеуетін дамыту мақсатында Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 12 млрд  теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. Өңірдің Түркістан облысымен шекараласатын тұсынан демеуші есебінен құны 200 млн теңгеге облыстың кіреберіс қақпасы бой көтеруде. Сондай-ақ, «Қазгермұнай» ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде  Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы бастау алып, «Саутс Ойл» компаниясы келер жылы 10 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионын салуға ниет білдірді. Алда әлі ауқымды жобаларымыз бар, – деді аймақ басшысы.

Облыстық бюджет көлемі 45 пайызға ұлғайды

Сессия күн тәртібіндегі негізгі мәселе – облыстың 2023-2025 жылдарға арналған кезекті үшжылдық бюджетін талқылап, бекіту. Осы орайда  облыс басшысы мәслихат депутаттарына алдағы 3 жылғы аймақ бюджетін ұлғайтып, оның көлемін 505 млрд теңге көлемінде бекітуді ұсынды.

Айта кету керек, келер жылы бюджет қаражатын үйлестіруде ауылдар мен елді мекендердің әлеуетін арттыруға басымдық беріледі. Аймақ бюджетін бекіту барысында қала және аудандарға қосымша 15 млрд теңге бағытталмақ. Бұл қаржы халықтың бірінші кезектегі қажеттіліктерін қанағаттандыратын жобаларға, яғни, инженерлік инфрақұрылымдарға, әлеуметтік нысандар құрылысына жұмсалатын болады.

– Мемлекет басшысы ауылдық аумақтарды дамыту мәселесіне баса назар аударып, ауылды өркендетуге жаңа бағыттардың қажеттілігін айтқан болатын. Облыс халқының 55%-ы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, ауылдың кешенді дамуы біздің басымдығымызда. Ұлттық экономика министрлігі «Ауылдық аумақтарды дамыту» Тұжырымдамасын әзірлеп, оның аясында облыстың 103 тіректі және спутникті елді мекенді қамту көзделуде. Алдағы уақытта бұл жобаларды өздеріңізбен бірлесіп, жүзеге асыратын боламыз,– деді Н.Нәлібаев.

Сессияда аймақ басшысы бюджет көлемін республикалық трансферттер және өз кірістері есебінен ұлғайтуға жұмыс жасалатынын айтты.

Облысқа арналған жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу барысында бюджет параметрі келер жылға 476,1 млрд теңге көлемінде айқындалды. Бұл биылғы көлеммен салыстырғанда 239,5 млрд  теңгеге немесе 202 пайызға жоғары. Оның ішінде субвенция көлемі  184,2 млрд теңгеден келер жылы 400,5 млрд теңгеге немесе 2 есеге артты.

– Келер жылға облыс бюджетінің бекітуге ұсынылып отырған көлемі 520,7 млрд теңгені құрайды. Жыл ішінде бюджетті нақтылау барысында облыстың бюджет көлемін республикалық трансферттер және өз кірістері есебінен ұлғайтуға жұмыс жасаймыз. Оған ұсынылатын жобаларымыз бар. Бұл биыл ұсынылған бюджет көлемінен 160 млрд теңгеге немесе 45 пайызға көп. Сонымен қатар, ұсынылып отырған бюджет құрамында республикалық бюджеттен берілетін трансферттер мен кредиттердің сомасы келер жылға 53,1 млрд  теңгені құрайды. Оның ішінде  даму шығыстарының үлесі 44,5 млрд теңгені құрап, осы жылдың бекітілген бюджетімен салыстырғанда 32,0 млрд  теңгеге немесе 3,5 есеге артты,  – деді облыс әкімі. 

Сонымен қатар келер жылға арналған облыстық бюджеттің негізгі ерекшеліктеріне тоқталды.

– Жоғарыда атап өткенімдей, келер жылы ауылдар мен елді мекендердің әлеуетін арттыруға басымдық беріледі. Біз бюджетті бекіту барысында қала және аудандарға қосымша 15 млрд теңгені бағыттаудамыз. Бұл қаржы халықтың бірінші кезектегі қажеттіліктерін қанағаттандыратын жобаларға, яғни, инженерлік инфрақұрылымдарға, әлеуметтік нысандар құрылысына жұмсалады.  Жылдағы дәстүрге сәйкес бюджеттің әлеуметтік бағдарлығы сақталды. Сіздердің алдарыңызға облыстық бюджеттің көлемі 505 млрд  теңгеге ұсынылуда, – деп нақтылай түсті аймақ басшысы.

Облыс әкімінің баяндамасынан соң күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берілді.   Күн тәртібіндегі мәселелер негізінен сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында жан-жақты талқыланған болатын. Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай облыс бюджетінің 3 жылдық жоспарын депутаттар алдында таныстырып, сарапқа салды.

Басқарма басшысы хабарламасында республикалық бюджеттен берілетін трансферт көлемі келер жылға 453,6 млрд теңгені құрайтындығын айтты.  Оның ішінде нысаналы даму трансферттері мен кредиттер 53,1 млрд теңге (кредиттерді қоспағанда 44,5 млрд теңге) және субвенция 400,5 млрд теңге. Субвенция көлемі биылғы 184,2 млрд теңгеден  келер жылы 400,5 млрд теңгеге немесе 217,4 пайыз болып отыр. Келер жылға даму шығыстарының үлесі 44,5 млрд теңгені құрап, биылғы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 32  млрд  теңгеге артқан.

– Сонымен қатар, 2024 жылға жеткізілген субвенция көлемі 433 млрд теңге, 2025 жылға 476,7 млрд теңгені құрайды. Облыс бюджеті кірістерінің көлемі 2023 жылға 75,6 млрд теңге, 2024 жылға 78,5 млрд теңге, 2025 жылға 82,1 млрд  теңгені құрайды. Аудандар мен Қызылорда қаласына берілетін субвенция көлемі 2023 жылға 37,7 млрд теңге, 2024 жылға 40,7 млрд теңге, 2025 жылға 44,9 млрд теңге көлемінде айқындалды. Ал келер  жылға арналған облыстық бюджеттің көлемі республикалық бюджеттің трансферттері мен кредиттерді ескерсек, 505 млрд теңгені, оның ішінде даму бюджетінің көлемі 75,6 млрд  теңгені құрап отыр, – деді ол.

2023 жылға арналған даму бюджетінің ішінде білім нысандарын дамытуға 23 166,1 млн теңге (19 жоба), денсаулық сақтау нысандарын дамытуға 4 856,1 млн  теңге (10 жоба), мәдениет объектілерін және спорт нысандарын дамытуға  4 522,4 млн  теңге (9 жоба), тұрғын үй құрылысына  2 748,1 млн теңге (9 жоба), инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамытуға  4813,0 млн  теңге (26 жоба), газбен қамтамасыз етуге  8 546,4 млн  теңге (28 жоба), сумен қамтамасыз ету және суды бұруға 5 309,4 млн  теңге (15 жоба), электрмен қамтамасыз етуге  2 035,7 млн  теңге (6 жоба), жылумен қамтамасыз етуге 1 084,9 млн теңге (20 жоба), абаттандыру бойынша 1 013,5 млн  теңге (10 жоба), тұрғын үйлерді қайта жаңғырту  862,3 млн теңге (18 жоба), көлік инфрақұрылымын дамытуға  15 340,3 млн теңге, өзге де шығындар 1 307,8 млн  теңгеге (3 жоба) қолдау тауып отыр.

Тұрақты комиссиялардың  бірлескен отырысында сондай-ақ, 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы шешімге өзгерістер енгізу, 2021-2025 жылдарға арналған облыстық даму жоспары  қаралды.  Ол бойынша да облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай баяндама жасады. Жалпы  облыстық мәслихат депутаттары тарапынан 46,9 млрд теңгені құрайтын 244 сұрақ-ұсыныс  түскен, оның ішінде 10 млрд  теңге көлеміндегі 71 ұсыныс қолдау тапқан.

Сонымен бірге облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамовтың есебі тыңдалды.  Есепті кезеңде жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың 12 сессиясы (4-і кезекті, 8-і кезектен тыс) өткізіліп, жалпы саны 80 шешім қабылданған.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<