Дәстүрлі сыйлық табысталды

451

0

Қазалы ауданында Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығын табыстау салтанаты өтті.

Әйтеке би кентіндегі «Орталық алаңда» өткен салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев марапат иелерін құттықтады.

– Биыл Орта Азия және бүкіл Шығыс жастарының жалынды жетекшісі, жерлесіміз Ғани Мұратбаевтың  туғанына 120 жыл толып отыр. Артына өшпестей із қалдырған оның ісін өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығын табыстауды жыл сайын дәстүрге айналдырдық. Әлемді жайлаған пандемияға байланысты кейінгі 2 жылда оны өткізуге мүмкіндік болмады. Бүгін республика бойынша әр салада осы сыйлыққа лайықты деп танылған үздіктер мен белсенді жастар келіп отыр, – деді ол.

Мұнан соң аудан әкімі мен облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Қаюпов жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарға Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығын табыстады.

Биыл Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығының жеңімпаздарының қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда қаласы және Арал, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш аудандарының дарынды жастары бар. Айта кетейік, біздің әріптесіміз Б.Сәтжан әдебиет және журналистика аталымы бойынша Ғ.Мұратбаев атындағы жастар сыйлығына ие болды.

Салтанатты шара өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, әннен шашу шашылды. Айта кетейік, биыл төртінші рет ұйымдастырылған байқауға 40-тан астам үміткер қатысып, солардың ішінде 17 жүйрік лайықты деп танылды. Марапатқа ие болған жастарға 120 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<