Деректер қорының құлпы берік пе?

361

0

Сәуірдің 4-і күні хакерлік форум қолданушыларының бірі Facebook әлеуметтік желісінің 106 елден 533 миллионнан аса қолданушысы туралы мәліметтер базасын жариялады. Желіде Мысыр елінің 44 миллион, Тунистің 39 миллион, Италияның 35 миллион, АҚШ-тың 32 миллион, Сауд Арабиясының 28 миллион, Марокко, Түркия, Францияның 19 миллион, Ирактың 17 миллион, Мексиканың 13 миллион, Ұлыбританияның 11,5 миллион, Ресейдің 10 миллион тұрғынының мәліметі тарап кеткен. Оның ішінде, әлеуметтік желіге тіркелген 3 миллионнан аса қазақстандық қолданушының деректері де бар. Желіге қолданушылардың толық аты-жөні, локациясы, туған күні және басқа да мәлімет тараған.

Мәліметтер тарап кеткенін алғаш болып Hudson Rock компаниясының сарапшылары анықтаған. «New York Post» газетінің мәліметінше, желіде Facebook компаниясының негізін қалаушы Марк Цукербергтің де телефон нөмірі тарап кеткен.

Ал Hudson Rock компаниясының кибер­қауіпсіздік бойынша техникалық директоры Элон Гэл алаяқтар желіде тараған мәліметті пайдаланып кетуі мүмкін екенін айтады.

– Facebook қолданушыларының телефон нөмірлері деген секілді жеке деректері бар осындай көлемдегі мәліметтер базасын алаяқтар әлеуметтік инженерия арқылы шабуыл жасау немесе бұзу әрекеттері үшін пайдалануы мүмкін, – деді ол.

Ал ресейлік сарапшылардың айтуынша, мәліметтердің жария болуы банк есепшотындағы ақшаны ұрлау үшін жеткіліксіз. Бірақ алаяқтар мұны өз ісіне пайдалануы мүмкін.

– Базаға қолы жеткен адам дүкендер мен банктердің, сақтандыру компанияларының атынан клиенттерге қоңырау шалуы да ықтимал. Егер хабарласқан алаяқ екені байқалса, оның айтқанына ермеңіз. Мәселен, «Банктен едім» деп телефон шалған адамға «кейінірек өзім хабарласам» деп телефонды сөндіре салыңыз, – дейді сарапшылар.

Еліміздің мемлекеттік техникалық қызмет өкілдерінің сөзіне қарағанда, қазақстандық қолданушыларға қатысты 3 214 990 жол көлеміндегі мәлімет – аты-жөні, телефоны, елі/тұрғылықты қаласы, жұмыс орны және оқуы көрсетілген ақпарат жария болған. Мамандар Facebook, Instagram, ВКонтакте, Одноклассники және басқа да әлеуметтік желілердегі парақшалардың пошта жәшігін қауіпсіз қылуға, барлық құпиясөзді өзгертуге, сенімсіз кілтсөздер қолданбауға, әлеуметтік желіде жеке мәліметтерді, дәлірек айтқанда, паспорт, банк картасы және басқа да маңызды құжаттардың фотосуреттерін жарияламауға кеңес береді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<