Дүние дүрмек

500

0

Бегемот бес адамды ажал құштырды

Камерунның Логон өзенінде бегемот туристер мінген каноэға шабуыл жасады. Жануар қайықты аударып тастаған. Оқиға орнынан құтқарушылар бес адамның мәйітін тапты. Тағы екі турист ауыр жарақат алып, жергілікті ауруханаға жеткізілді.

Камерун жабайы табиғатты қорғау қоғамының мәліметі бойынша аймақта бегемоттардың  адамға  шабуылы  жиі кездеседі. Әсіресе, жаңбырлы маусымда жиілейді.

Еуропа жылынуда

Соңғы 30 жылда Еуропадағы температура орташа әлемдік деңгейден екі еседен астам жоғарылаған. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның жаңа есебіне сәйкес, жылыну үрдісі дала өрттері, су тасқындарының жиілеп, климаттың өзгеруіне әсер етеді.

1991 және 2021 жылдар аралығында Еуропадағы температура әр онжылдықта орташа есеппен +0,5 градус шамасында өскен. Ал жаһандық орташа көрсеткіш небәрі +0,2 градус. Нәтижесінде 1997-2021 жылдар аралығында Альпі мұздықтарының қалыңдығы 30 метрге жұқарған.

Стивен Кинг Киевке барады

Америкалық жазушы Стивен Кинг Украинаны қолдау үшін Киевке барады. Варшавадан пойызбен жолға шығатын жазушы үшін пойызға бөлек вагон тіркелген.

Кинг бұған дейін де Украинаны қолдайтынын бірнеше рет айтқан. Айта кетейік, әйгілі жазушы 21 қыркүйекте 75 жасын атап өтті.

Ван Гогқа сорпа шашты

Римдегі Палаццо Бонапарте мұражайында экобелсенділер Ван Гогтың «Егінші» атты туындысына қасақана көкөніс сорпасын шашқан. Осылайша «Соңғы ұрпақ» тобының мүшелері өз наразылықтарын білдірмек болған.

Бірақ сырты қорғаныс әйнегімен қапталған бағалы картинаға ешқандай зақым келмеген. Оқиға туралы әзірге басқа мәліметтер жарияланған жоқ. Айта кетейік, соңғы уақытта әлем бойынша экобелсенділердің осындай акциялары жиілеп кетті. Наразылық шаралары Берлинде, Флоренция мен Лондонда да өткен болатын.

Дайындаған

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<