Дүние дүрмек

357

0

Ең үлкен жел-электр станциясы

Біріккен Араб Әмірліктері мен Мысыр президенттері әлемдегі ең үлкен жел-электр станциясын салу туралы келісімге қол қойды.

Құрылысы аяқталғаннан кейін жел-электр станциясы жылына 47 790 гигаватт таза энергия өндіріп, көмірқышқыл газы шығарындыларын 23,8 миллион тоннаға азайтады. Сондай-ақ, Мысырдың жыл сайынғы табиғи газ шығынынан шамамен 5 млрд доллар үнемдейді.

Климаттық тозақ

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш адамзат көміртегі шығарындыларын азайту шараларын қолға алмаса, әлемді климаттық тозақ күтіп тұр деп мәлімдеді. Адамзат алдында бір ғана таңдауы бар: ынтымақтасу немесе жойылу.

Бұл туралы Гутерриш Шарм-әл-Шейх қаласында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 27-конференциясында айтты. Жиында 120 мемлекеттің делегациялары 18 қарашаға дейін жаһандық жылынумен күресу шараларын талқылайды.

Соғысқа дайындалуға шақырды

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин армияның жан-жақты дайындығын күшейту, олардың жауынгерлік қимылдарға дайындығын қамтамасыз етуге шақырды. Ол қазір әлемде Қытайдың қауіпсіздігіне қатысты терең өзгерістер жүріп жатқанын атап өтті. Бұған дейін Қытай Қорғаныс министрлігі де армияның соғысқа дайындалуын жалғастыратынын хабарлаған.

Айта кету керек, Си Цзиньпиннің әскерді әрекетке дайын болуға шақыруы бірінші рет емес. Қыркүйек айында Бейжіңде өткен ұлттық қорғаныс және әскери реформа жөніндегі конференцияда нақты соғыс қимылдарына дайындыққа назар аудару қажетін айтқан.

Құлдық үшін дауыс берген штат

АҚШ-тың Алабама, Вермонт, Орегон және Теннесси штаттарының тұрғындары референдумда өз штаттарының конституцияларында құлдық түріндегі қылмыстық жазаға тыйым салу туралы ережені бекіту үшін дауыс берді. Ал Луизиана штаты мұндай шарадан бас тартып, қарсы дауыс берген.

Луизиананың Nola басылымының хабарлауынша, дауыс берушілердің 39%-ы түзетуді қолдап, штат тұрғындарының 61%-ы қарсы дауыс берген.

Дайындаған

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<