Екібастұзда төтенше жағдай

831

0

Сенбіден жексенбіге қараған түні Екібастұз қаласының жылу тораптарында үлкен апат болды. Шаһар ішіндегі жылу желілеріндегі зақымданудан ыстық су толассыз ысырап болып, «Екібастұзжылу-энерго» ЖШС-дағы 4 бірдей қазандық тоқтап қалған.

«Павлодарэнерго» АҚ хабарлағандай, апат 27 қараша күні, түнгі сағат 01.20 шамасында орын алған. Әуелі судың өте көп мөлшерде ысырап болуынан №11 қазандық агрегаты істен шығады, одан 10 минут өткенде №13, 14, 15 қазандықтары тоқтайды. Сәйкесінше шаһардағы орталықтандырылған жылуға қосылған барлық нысандар, 100-ден астам тұрғын үйлер, әлеуметтік мекемелер, кәсіпорындарда жылу беру тоқтап, қала түнде қатып қалды.

Жылу желілерінде болған апатқа байланысты жергілікті билік төтенше жағдай режимін жариялады. ҚР Энергетика министрлігі жылу құбырларының тозуының жоғары деңгейі туралы хабарлады. Кейін министрлік Екібастұздағы апат ЖЭО-да емес, жылу желілерінде болғанын нақтылады. Жергілікті жерде барлық техникалық қызметтердің, энергетикалық кәсіпорындар басшылығының және ҚР Энергетика министрлігі өкілдерінің қатысуымен облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

28 қарашадағы ақпаратқа сәйкес, Екібастұзда түн ішінде 149 көппәтерлі тұрғын үйдің ішінен 129 үйге, 15 әлеуметтік нысанның 10-на жылу берілді. Қосымша төрт қазандық іске қосылып, нәтижесінде алты қазандық жұмыс істеп тұр. Білім нысандары қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Балабақшалар жұмыс істемейді. Павлодар қаласына 123 адам көшірілді. Авариялық жөндеу жұмысына 138 адам және 35 техника жұмылдырылды. Бұрын анықталған 15 зақымданудың 14-і жойылды. Қалада сенім телефоны жұмыс істейді. Азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру үшін қосымша 12 эвакуациялық пункт ашылды, олар халыққа көмек көрсету үшін қажетті барлық заттармен жабдықталған.

Айта кетерлігі, Екібастұз қаласы тұрғындары ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарына бұған дейін де шағымданған. Оған қатысты Энергетика министрлігінен арнайы комиссия да құрылып, өткен тамызда ЖЭО-да болды. Сапар барысында комиссия жөндеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырған. Дегенмен, жылу желілері құбырларында жөндеу жұмыстарын қажетті және жеткілікті көлемде жүргізуге жылу тарифінің төмендігі кедергі болып отыр.

Жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа ел қалаларындағы проблемалық энергетикалық активтерді мемлекеттік меншікке қайтару мәселесін қарауды тапсырған еді. Екібастұзда орталық жылу берудің тоқтап қалуынан хабардар болған Президент қала тұрғындарының жағдайына алаңдаушылық білдірді.

Президент Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма берген. Ал 28 қараша күні жағдай Үкіметте де талқыланып, ҚР Үкіметі мен Бас прокуратурасы бірқатар жылу- электр станцияларын мемлекет меншігіне беру бойынша алдын ала жұмыстар жүргізіп жатқаны хабарланды.

Жалпы ел бойынша жекеменшік ЖЭО-лар сапасыз басқару салдарынан апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр. Екібастұздағы жағдайдан кейін Энергетика министрлігі Қазақстан аймақтарындағы жылу- электр станцияларының меншік нысандарын жариялаған болатын. Ведомство мәліметінше, елімізде 10 мемлекеттік жылу- электр орталығы болса, оның 5-уі квазимемлекеттік. Қалған 22 ЖЭО – жекеменшік.

Сонымен қатар, Екібастұздағы ахуал елдің кез келген өңірінде қайталануы мүмкін. Өйткені Қазақстандағы жылу орталықтарының 76 пайызы жарты ғасыр бұрын салынған. Нақты айтсақ, қолдану мерзімі 61 жыл. Екібастұздағы апатты Энергетика министрлігі тозығы жеткен инфрақұрылыммен байланыстырып отыр. Екібастұздағы жылу құбырларының 70 пайызы тозған. Оның жалпы ұзындығы 342 шақырым. Алайда жыл сайын тек 3-4 шақырымы ғана ауыстырылады. Бірақ апатты жағдайдағы желілерді жаңарту мәселесін толықтай шешу мүмкін емес.

Ал өңіріміздегі жағдайға келсек, Қызылорда қаласын тұтастай жылумен қамтамасыз етіп отырған «Қызылордажылу-электрорталығының» мемлекет меншігінде екенін атап өткен жөн. 60 жыл бұрын салынған нысанның құрылғылары тозып тұр. Соңғы жылдары жиі сыр бере бастаған. Кәсіпорынның жылу желілерінің жалпы ұзындығы 190 шақырым. Жылу желілерінің тозуы 48,7 пайызды құрайды.

Өзекті мәселеге қатысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, оңтайлы шешім қабылдады. Инвестор қаржысына жалпы құны 215 млрд теңгені құрайтын, қуаттылығы 240 мегаваттық бу-газ қондырғысын салу айқындалды. Осылайша, Қызылорданы ғана емес, басқа да өңірлерді қауіпсіз энергиямен қамтамасыз етуге жол ашылып отыр. Келісім-шарт бойынша жобаның мерзімі – 36 ай.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл облыс бойынша 23 әлеуметтік нысанның жылу қазандығы қайта жаңғыртылады. Осы жұмыстарға республикалық және облыстық бюджеттен 676 млн теңге бөлінген.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<