Ел жаңалықтары

330

0

Бәрінің есебі бола ма?

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатына ревизия жүргізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Бұл туралы Үкімет кулуарында айтылды деп хабарлайды қазақпарат.

– Көп жағдайлар кездеседі. Мысалы, ем алмаған адамды алды деп кейде көрсетіп жібереді екен. Содан көп жерде қаражат жетпей жатады. Сосын консультация көбейіп кеткен. Бұрын консультацияның көлемі 10 млрд теңгеден аспаса, қазір 170 млрд теңгеден асып кеткен. Бір консультацияның ішінде не айтуы мүмкін? – деді вице-премьер.

Сондай-ақ, оның айтуынша, әлеуметтік көмек алушылардың саны да жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, қазір біздегі зейнеткерлердің саны 2,4 млн адамға жетсе, жыл сайын 80-90 мың адам қосылатын көрінеді. Сондай-ақ, жәрдемақы алатын адамдардың саны да өсіп, 1,1 млн болған.

«Біз соған ревизия жасаймыз. Қаражат қарастырылғанымен, оның бәрінің есебі бар. Біздің басты мақсат – әрбір тиынды тиімді қолдану» деді Ерұлан Жамаубаев.

Студенттер стипендиясы өсті

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы» қаулыға қол қойды.

Қаулыға сәйкес, даярлаудың педагогикалық бағыттары және «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда оқитын студенттерге – 41898 теңге, педагогикалық және «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын студенттерге 67200 теңге, интерндерге 75890 теңге, магистранттарға 97024 теңге,  «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымында білім алатын магистранттарға 181250 теңге тағайындалмақ. Бұдан бөлек, докторанттарға 217500 теңге, даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша докторанттарға 217500 теңге, даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға 111579 теңге төленеді.

Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге 32681 теңге, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы студенттерге 31422 теңге төленбек.

Үкімет қаулысы биыл 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Күріш қымбаттай ма?

Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековтің айтуынша, күріш нарқында өзгерістер болуы мүмкін. Бұл туралы ол ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді.

«Қазақстанда қандай азық-түлік қымбаттауы мүмкін?» деген журналистер сауалына комитет төрағасы: «Жалпы, күріштен аздап қиыншылықтар болуы мүмкін, бірақ оны ешкім айта алмайды. Бұған сыртқы нарық қатты әсер етеді. Мысалы, Үндістан буға пісірілген күрішке тыйым салды немесе Қытайда су тасқыны салдарынан, күріш өндіретін кейбір аумақтар су астында қалды. Сыртқы нарық Қазақстанға қатты әсер етеді. Сондықтан Қызылордада барлық өңірлік ӘКК және әкімдіктермен күріш бойынша жәрмеңке ұйымдастырып, келісім-шарт жасадық. «Азық-түлік корпорациясы» АҚ күріш бойынша үлкен келісім-шарт жасап, резервте болуы үшін сатып алуға қомақты қаржы бөлді» деп түсіндірді.

Айдар Әбілдабековтің айтуынша, Қазақстан өз өнімі есебінен де, импорт есебінен де қажетті өніммен қамтамасыз етіледі.

«Басқа өнімдердің де бағасы айтарлықтай қымбаттайды деп айта алмаймын. Нарық әрқашан «ойнап» тұрады. Біз фермердің қызметіне араласып, оны арзанырақ сатуға мәжбүрлей алмаймыз» деп қосты ол.

Ақпарат көздерінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<