Ержүрек Арман

777

0

Өткен аптада қаланың «Универсам» шағын ауданында оқыс оқиға болды. Анасының алдында жүгіріп бара жатқан 2 жарым жастағы сәби ашық тұрған кәріз құдығына түсіп кеткен. Баланы құдықтан алып шыққан Арман Аманжолов. Облыс орталығына ауылдан келген беті екен.

− Бала кәріз құдығына құлап кетіпті. Мен оны құтқаруға жүгірдім. Құдықтың ішіне түстім. Бар ойым тезірек құтқарып алып шығу еді. Сол кезде тағы бір ер адам жүгіріп жетті. Ол алдымен кішкентайды, сосын мені шығарып алды. Мен құдықтың іші сасық су мен лай батпаққа толы екенін білмедім, − дейді Арман.

Он бес жастағы Арман Арал ауданы Бөген ауылында дүниеге келген. Бес ағайынды, алдында екі әпкесі, екі ағасы бар. Әкесі Жаңалық жұмыссыз, анасы Майра мектеп асханасында істейді. 

− Кенжетайым. Еңбекқор, адам жатырқамайды. Бірақ тұйық. Ретсіз әңгімеге жоқ.  Бала ауылдан ұзап шықпаған еді. Жақсылық жасағанына қуанып отырмыз. Ер жеткені ғой. Оқуға түсіп, мамандық иесі болып кетсе деп тілеймін, − дейді Арманның анасы.

Арман қазір қоғамға нағыз қажет электрик мамандығын таңдаған. М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіне құжаттарын өткізіпті. Қорытындысы енді шығады. Оқу құралдарын алып, студент атанатын күнді асыға күтіп жүр.

Бүгінгідей адамның бір-біріне деген  мейірімі азайып, әркім өз әлемінде оқшауланып қалған уақытта Армандай бозбаланың әрекетіне ел сүйсініп жатыр. Ендігі тілек кейіпкеріміз өзі қалаған мамандығы бойынша оқуына түсіп,  келешекте білікті мамандардың қатарын толықтырса дейміз.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<