Ғасыр куәгерлеріне құрмет

383

0

Көктемнің шұғылалы мерекесінде облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ғасыр жасаған қарияларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

Аймақ басшысының ыстық ықыласы мен мерекелік сый-сияпатын жеткізіп, өскелең ұрпақтың жарқын болашағына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

– Жас ұрпақ аға буын алдында қарыздар. Қиындыққа қарамастан, біздің елдің жарқын болашағы үшін тынбай еңбектендіңіздер. Сіздер – еңбекқорлық пен батылдықтың айнымас үлгісісіздер, – деді Н.Сақтағанов.

Жүз жасаған жанның бірі – Күлтай Кәрібаева. Ол 1923 жылы туған. Өмірдің түрлі қиын-қыстау кезеңін басынан өткізген. Қарт ананың балалық шағы өткен ғасырдың ең ауыр кезі – отызыншы жылдармен тұспа-тұс келген. Кейін ес білген тұста Ұлы Отан соғысы басталады да, тылда жүріп, майдандағы жауынгерлерге қолдан келген көмегін көрсеткен. Қазір қария 6 баладан 26 немере, 50 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр.

– Еңбекке ерте араластым. Қазіргідей мына жұмыс ұнайды, мынаны жасамаймын деген болған жоқ.  Қол қусырып қарап отырмадық.  Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін еңбек еткен заман болды. Қазір ел болып, еңсе тіктедік. Ендігі үміт – жас ұрпақта. Келер буын жатпай-тұрмай осы елдің дамуына үлес қосуы керек, – дейді әжей.

Жасы жүзден асқан қариялар осылайша сый-құрмет үшін алғыс айтып, елге бейбітшілік пен тыныштық тіледі.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<