Халқына қадірлі қайраткер әлемі

379

0

Кеше Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бердібек Сапарбаев тұлғасы: дағдарыс-менеджер феномені» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференция аясында алдымен мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевқа арналған «Өнегелі өмір» және «Ерен де берен Бердібек» кітаптарының тұсаукесері болды. Онда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров сөз сөйледі. Жинақтарда қайраткердің өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, шынайы адами болмысы, тарихи суреттер мен қанаттас, замандас тұлғалардың естеліктері топтастырылған.

Конференцияның негізгі жұмысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова модераторлық етті. Үкімет басшысының орынбасары атап өткендей, бұл алқалы жиынға Бердібек Машбекұлымен бірге ұзақ жыл қызмет жасаған Президент әкімшілігінің, Парламенттің, Үкімет мүшелері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері және осы саланың ардагерлері, Кеден комитетінде бірге қызмет атқарған азаматтар, бір кездері өзі басқарған Қызылорда, Оңтүстік өңірдегі Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарынан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарынан келген әріптестері, сондай-ақ, қайраткер тұлғаның қамқорлығын көрген азаматтар қатысты. Сонымен қатар қайраткердің егемен еліміздің қалыптасуына, өнерге, ғылымға жасаған риясыз қызметін құрметтейтін ғалымдар, мәдениет өкілдері мен қайраткерлері және жастар келді.

– Конференцияның басты мақсаты – Бердібек Машбекұлының тұлғалық, қайраткерлік және іскерлік қырларын аша отырып, оның мемлекет басқару ісіндегі іргелі бастамалары мен озық тәжірибелерін бөлісу, оны жетілдіре пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру, – деді Тамара Қасымқызы.

Конференцияның алғы сөзінде ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.

«Бердібек Машбекұлы – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Бірқатар өңірлерге және мемлекеттік органдарға жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылды. Халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді. Ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен азаматтардың есімін ұлықтау арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелейміз. Қайраткер тұлғаның адами қасиеттері, кәсіби біліктілігі мен адал қызметі жас мемлекеттік қызметшілерге әрдайым үлгі-өнеге» делінген хатта.

Ұлтына адал қызмет ете жүріп, тұтас елдің шынайы алғысы мен құрметіне бөлену – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Ондай тұлғалар ұмытылмайды.

– Ол кісінің мәнді де мағыналы ғұмыры, бейнелеп айтқанда, «аттың жалында, түйенің қомында» өтті деуге болады. Еліміздегі ең қиын салаларға жетекшілік жасады. Бес бірдей облысқа әкім болған Қазақстандағы жалғыз тұлға және мәселе күйіп тұрған кезде Бердібек Машбекұлы сол өңірлерге басшылық жасады. Қазір осы 5 облыс дербес 7 облысқа айналды. Ол нағыз кризис-менеджер болды деп айта аламыз. Бердібек Машбекұлы барғаннан кейін сол аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы айтарлықтай оңала бастайтынын бәріңіз білесіздер, – деді Е.Қошанов.

Ерлан Жақанұлы сондай-ақ, Бердібек Сапарбаевтың тұлғалық және адами болмысына қатысты тағы бір естелікті сөз етті.

– Қателеспесем, бірде Бердібек Машбекұлымен бір делегация құрамында Алматыға іссапармен бардық. Сол кезде екеуіміз бір көлікте келе жаттық. Бір уақытта Бекең «мына жерге бұрыла кетейік» деп көлікті бұрғызып, бір кішкентай дүңгіршектің қасына барып тоқтадық. Барсақ, дүңгіршектің жанында бір қарт пен кемпірі тұр екен. Бердібек Машбекұлы олармен біраз әңгімелескеннен кейін әрі қарай кеттік. Сосын мен туысымен амандасқан болар деп, «бұл туысыңыз ба?» деп сұрадым. Сөйтсек, жаңағы ақсақал Бердібек Машбекұлының қабылдауына сұранып жүр екен. «Мен ол кісі Астанаға барып әуре болмау үшін, ақыры келгеннен кейін жолдан бұрылып, жарты сағат уақытымды бөлдім» деді. ақсақалды сабылтпайын деп әдейі кездескен екен. Сол кезде шыны керек, таңғалдым. Бұл өмірлік тағылым болды, – деп түйіндеді Е.Қошанов.

Мұнан кейін конференцияда ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов, мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы Қырымбек Көшербаев, Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Бәйменова, Қазақстанның Халық артисі Досхан Жолжақсынов, ҚР Президентінің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарья және бірқатар белгілі тұлғалар сөз сөйледі.

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

«Сыр бойы»

Қызылорда-Астана-Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<