Сурет: Ашық дереккөзден
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Наталья Годунова 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз орталық мемлекеттік органдардың, министрліктердің халықтың өмір сүру сапасына қатысты ұлттық жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмысын талдап шықтық. Тұтыну себеті сапасының өзгеруі оңтайлы емес. Халықтың азық-түлік өнімдеріне жұмсайтын шығысы артты», – деді Н.Годунова.
Оның айтуынша, ең төменгі табысы бар адамдар саны біршама көбейді. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш жалпы халық санының шамамен 10% құрады.
«Өсім 0,24% пункт деңгейінде болды. Тұрғын үй сатып алу бағытында халықтың қаражат жинақтау мүмкіндігі төмен. Отандық өндіріс толық қамтамасыз етіп отырған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары жайында атап өткен жөн. Яғни, 29 негізгі азық-түлік тауарының тек 12-сі ғана өз елімізде толықтай өндіріліп жатыр. Тағы 11-і бойынша 80 пайыздан астам және алтауы 80 пайыздан аз деңгейде өндіріледі», – деді Жоғары аудиторлық палата басшысы.
«Денсаулық сақтау саласына жеке шығындардың деңгейі 30 пайыздан асты. Бұл көрсеткіш әлі де көп деп санаймыз. Себебі денсаулық сақтау саласына республикалық бюджеттен және МӘМС жүйесінен бағытталған шығыстар өсіп жатыр», – деді Н.Годунова.
Сонымен қатар ол халықтың кәсіпкерлікке қатысы жоқ несиелерінің үлесі артып жатқанын жеткізді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілісте Е.Жамаубаев былтыр Республикалық бюджет кірістері 101,9% атқарылғанын айтты.
Қаржы министрі былтыр бюджет қаражаты не себепті игерілмегенін түсіндірді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<