«Камераға Абай қарасөзін алдырып оқимын»

1187

0

Қызылорда облысының қылмыстық атқару жүйесіне қарасты ЗК-169/1 мекемесінде Абай еңбектерін жатқа айтқан сотталғандар «Балқаймақ» дүкенінің өнімдеріне ие болды. Оған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің пиар менеджері Талғат Меңдібайұлы мен облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Талғат Тілес демеушілік жасады.

Іс-шараға ұлы ақынның өмірбаяны мен шығармаларын жатқа білетін экстремизм және терроризм баптары бойынша сотталған азаматтар қатысты. Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сотталғандар ақынның табиғат лирикалары мен өнер-ғылымға арнаған шығармаларын нақышына келтіріп орындады.

Екінші кезеңде Абайдың қарасөзін оқып, мән-мағынасын ашып, ойшыл ғұламаның сөздерінен ғибратты ой түйіндеді. Ал, үшінші бөлім шарты бойынша дана тұлғаның дара өмір жолы мен шығармашылығы бойынша дайындалған сұрақтарға жауап берді.

  – Бұл – Абай туралы қарапайым түсінік беріп қана қоймай, оны ата-бабалар мұрасы ретінде тануға, құрметтеуге, түсінуге үйрету. Абай өлеңдері еңбекке, ғылым, өнер үйренуге, адамгершілікке тәрбиелейді. Сол себепті оның шығармалары мен қарасөзін сотталғандардың жатқа айтуы олардың түзелуіне үлкен септігін тигізетіні анық, – дейді мекеме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары, әділет майоры Қайрат Олжабаев.

Сонымен Абайдың өмірбаяны мен қарасөздерін жатқа айтып, қойылған сұрақтарға толық жауап берген Н есімді сотталушы 1-орынды иеленді. Талғат Меңдібай, бұл жазасын өтеушіге «Адамзаттың алтын тәжі» деген тақырыпта жазылған Мұхамед Пайғамбардың өмірбаяны жайлы кітапты сыйға берді.

Ал, екінші, үшінші орын алғандар «Балқаймақ» дүкен өнімдерін иеленді.

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған ойшыл, ақын, ағартушы, қазақтың қайталанбас дара тұлғасы Абай Құнанбайұлының даналығы, жаза басып, жаңылған жандарды түзу жолға салуға игі әсер еткені анық. Өйткені сотталғандар іс-шарадан ерекше көңілмен қайтты.

– Бүгінгі іс-шара маған ұнады. Ғұлама Абайдың қара сөздерінің мәні зор екен. Бұл жерде бос уақыт көп. Енді алдағы уақытта камераға Абай қарасөзін алдырып оқимын – дейді, 8 жылға бас бостандығынан айрылған 2000 жылғы туған жас азамат.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<