Кеңестің келелі жиыны

418

0

«Достық үйінде» облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті алқа мәжілісі болды. Оған алқа мүшелері, тұрақты комиссия төрағалары қатысты. Алқада бірқатар мәселелер қаралды. Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев модераторлық етті.

Жалпы аймақтағы ардагерлер ұйымының жүйелік құрылымдарын жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Олардың қоғамдық-саяси шараларға қатысуын қамтамасыз ету, әлеуметтік жағдайын жақсарту, өзге де мәселелерді оңтайлы шешудегі түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері бойынша Өмірсерік Тақырбасов хабарлама жасады.

– Қазіргі кезде ауданда 7587 зейнеткер бар. Олар 81 бастауыш ұйымға біріктірілген.  Сондай-ақ жалпы аудан бойынша 6009 ардагер бар. Қожакент ауылында 107 жастағы Ақшайы Кокажанова деген ақ жаулықты анамыз бар. Ал 98-90 жас аралығында – 48, 80-нен асқан 83 қария өмір сүреді. Жыл басынан бері аудандық ардагерлер кеңесінің  пленумы, 5 рет алқа мәжілісі өтті. 2018 жылдан бері ауданның  Құрметті ардагері атағы енгізіліп, төрт жыл ішінде кеңес шешімімен 40 ардагерге берілді. Халықтың ауызбіршілігі, тыныштығы, жарасымды тіршіліктің ұйытқысы болуда үлкедеріміздің үлесі зор. Әсіресе ардагерлер ұйымы жастар тәрбиесіне баса назар аударады, – деді ол.

Салауатты өмір салтын қалыптастыруда шахматтан жарыс өткізу дәстүрге айналған. «Ардагерлер мерейі» газеті ауданның экономикалық дамуына еңбек сіңірген аға буынның өнегелі істерін дәріптеп келеді. Басылым 1500 данамен оқырманға таралады. Алдағы уақытта ардагерлерді мәдени шараларға тарту, оларға құрмет көрсету, қолдау, әлеуметтік жағдайын жақсартуда жұмыстар жасала бермек.

Мәжілісте тұрақты комиссиялардың биыл атқаратын жұмыстары таныстырылды. Кеңестің облыстық форумын қыркүйек айында өткізу жайы пысықталды. Белсенді ардагерлерге моральдық қолдау көрсету үшін оларды марапаттарға ұсыну қажеттігі сөз болды.

Қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданып, ұсынымдар берілді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<