«Кескіндеме кеңістігі» көрмесі ашылды

1768

0

Кеше С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының ұйымдастыруымен ҚР Суретшілер одағының құрылғанына 90 жыл толуына орай «Кескіндеме кеңістігі» атты облыс суретшілерінің көрмесі ашылды.

Аталмыш көрмеге қала тұрғындары, өнер иелері, жастар мен оқытушылар жиналды.

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Алиасқарұлы өз сөзінде сыр суретшілерінің бойындағы таланттарын ерекше атап өтіп, олардың шығармаларында бұрынғы мен бүгінгінің сабақтасатынын айтып өтті.

Қазақстан Суретшілер одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сағымбаев Темірбек Нұрғалиұлы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Маханбет Жәнібек Асанұлы көрменің ашылуымен құттықтап, көрмеге сәттілік тіледі. Республикалық, аймақтық айтыстар мен жыршы-термешілер байқауларының жеңімпазы Бексұлтан Орынбасар суретшілерге жыр арнауын арнады.

Жергілікті қылқалам шеберлерінің біріккен көрме экспозициясына 40- тан астам әр түрлі жанрларды қамтыған ауыл көрінісі, портрет, пейзаж, батальді бағыттағы кескіндеме, мүсін, қолданбалы өнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Қазақстан Суретшілер одағы 1933 жылы құрылған болатын. Сол кезден бастап бүгінгі күн аралығында суретшілер талай белестерді бағындырып, қазақ бейнелеу өнерінің өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді.

Сыр бойынан шығып, қазақ бейнелеу өнерінің өсуіне Салихитдин Айтбаев, Сахи Романов сынды мықты суретшілеріміз кеңістік ашты. Қазіргі таңда Қазақстан Суретшілер одағының Қызылорда облыстық филиалында 30 суретші шығармашылықпен айналысады.

Көрмені 2023 жылдың 18 қыркүйек – 10 қазанға дейін тамашалауға болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<