Көшпенділер ойыны кемелденіп келеді

947

0

Түркияның Изник қаласында Дүниежүзілік көшпенділер ойыны мәресіне жетті. Төртінші мәрте ұйымдастырылған дүбірлі додада еліміздің атынан 50 спортшы көкпар, көкбөрі, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы атудан (ат үстінде садақ ату) сынға түсті.

Байрақты бәсекеде қазақ спортшылары 9 медаль еншілеп қайтты. Оның ішінде 3 алтын, 4 күміс және 2 қола бар. Алтын медальдың алғашқысы көкпардан түсті. Биылғы додада көкпарға қызығушылық білдірген құрамалар саны көп болды. Сол себепті алдымен топтық кезеңде қазақстандық спортшылар Өзбекстан мен Моңғолия құрамасын 8:1 және 12:2 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Финалдағы Қырғызстанмен кездесу әдеттегідей аса тартысты жағдайда өрбіді. Нәтижесінде ел құрамасы қарсыласын 4:3 есебімен тізе бүктіріп, жеңімпаз тұғырына көтерілді.

Айта кетерлігі, көкпар тұңғыш рет көшпенділер ойыны бағдарламасына енгізілді. Бұл жөнінде еліміздің Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желідегі парақшасында тарихи оқиға екенін атап өтті.

Жарыс барысында ел намысын Ұлан Байтөреев, Абылайхан Нышанбеков, Құрманбек Тұрғанбек, Ынтымақ Әліпбаев, Құлажан Тоғайбаев, Бақытжан Әзімбай, Дәулет Айтан, Арман Жамалбеков, Есжан Құрманбай, Ислам Рәт, Айнабек Бердіқұл, Әділет Мамыт сынды спортшылар абыроймен қорғады.

Ал көкпардың қырғызстандық нұсқасы саналатын көкбөрі спортынан Қазақстан, Қырғызстан және Түркия сайысқа түскен болатын. Бұл жолы да финалда Қазақстан және Қырғызстан құрамалары кездесті. Ел құрамасы сапында Манарбек Дүйсенбиев, Абылай Қарқабат, Ернат Мәлімбай, Мәді Сейділлә, Бақытжан Сайдолданов, Тахир Жұмашев, Алмат Жүнісов, Ерғалым Жақсылық, Елдос Асыл, Темірлан Сейітбеков, Қайыржан Сүлейменов, Ернар Жарылқасын ойын көрсетті. Сайыс барысында қырғыз спортшыларының мерейі үстем болды.

Сондай-ақ, тағы алты медаль қазақ күресінен түсті. Марат Нығматуллаев (60 келі) пен Зарина Сарипова (65 келі) чемпион атанса, Еламан Қойшыбаев (80 келі) пен Рауза Нұрмұхамметова (55 келі) күміс жүлде иеленді. Биыл «Қазақстан барысы» атағына ие болған Мақсат Исағабылов (80 келіден жоғары) пен Мөлдір Азамат (65 келіден жоғары) қола жүлдені қанағат тұтты. Ал Қанат Қасымхан дәстүрлі садақ атудан күміс алды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Алғашқы үшеуі Қырғызстанның Шолпон-Ата қаласында ұйымдастырылды. Аталған жарысқа 2014 жылы 19, 2016 жылы  60, 2018 жылы 66 мемлекеттен спортшылар келді.

2024 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтпек.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<