Күш атасын танымас

640

0

«Балалар жылы» мен қала күніне орай «Бала барысы − 2022» қазақ күресінен 2009-2010 жылдары туған  жасөспірімдер арасында қалалық ашық біріншілік өтті. Оған қала әкімі Асылбек Шәменов қатысты.

Сіздер – әйгілі Қажымұқан, Балуан Шолақ тәрізді балуан бабаларымыздың ізін жалғаушы  ұрпақсыздар. Қазақ батырларының қай-қайсысы да күрес өнерінің шебері болған. «Бала барысы» сайысы балалар арасында қазақ күресінің дамуына кең жол ашады. Өжет әрі батыл болып ержетсеңіздер, біздің халқымыз үшін алынбайтын қамал, бағындырмайтын белес болмайды. Халқымыздың батырлығымен қоса, ептілігін, ержүрек, қайсар мінезін сіздерден көріп қуанып жатырмыз, – деді А.Шәменов.

Бозкілемде  30 балуан белдесті. Бәрінің бапкері бар. Бабы келіскен. Белдесу тартысты өтті. Балуан балалардың делебесiн қоздырып, намысын қайраған дүбiрлi доданың қорытындысында I орынды қармақшылық Әлихан Әлиасқаров жеңіп алды. Оған сыйлыққа тайтұяқ пен Алтын белбеу, 150 мың теңге сыйақы берілді. Ал жаңақорғандық Дінмұхамед Ержанов II орын иеленіп, 100 мың теңге сыйақы алып, Күміс белбеу тақты. Қызылордалық Исламбек Балмолдаев жүлделі III орынды қанжығасына байлады. Исламбекке Қола белбеу және 50 мың теңге сыйақы берілді. «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша қармақшылық Арқар Бақытжанға 25 000 теңге сыйақы табысталды.

Балалардың сайысына «Абай-Дәулет» серіктестігі, «Ер-Ару» сауда үйі, «Шаған құрылыс заттары» серіктестігі демеушілік жасады.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<