Лизингпен алғашқы техника беріледі

690

0

14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы қаржыландырудың барлық мүмкін көздерін пайдалану маңызды екенін, дамыған агроөнеркәсіп кешенінсіз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емесін айтты.

Президент тапсырмасынан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелендіруді арттыруды ұсынды. Министр машина-трактор паркін жаңарту мақсатында «Бәйтерек» АҚ еншілес компаниялары арқылы инвестициялық субсидиялар, несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, сондай-ақ жеңілдетілген несиелендіру мен лизинг жалғасатынын айтқан. Аталған қолдау шараларын жүзеге асыру соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды екі есе – 8,5 мыңнан 17 мың бірлікке дейін арттыруға мүмкіндік берген.

Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікті лизингке беру бағдарламасына өтінім қабылдау «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның барлық филиалдарында 5 тамыздан басталған. Қаржыландыру көлемі бір лизинг алушыға 205 млн теңгеден, ауыл шаруашылығы техникасының үш бірлігінен аспайды. Лизинг алушыны қаржыландыру екіжылдық кезең ішінде бір реттен артық берілмейді. Осылайша, шағын және орта агроқұрылымдар жеңілдетілген бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы техникасын сатып ала алады.

Бағдарламаның басты артықшылығы – лизинг бойынша бастапқы төлемнің жоқтығы. Сондай-ақ, негізгі қарызды өтеу бір жылға дейін кейінге қалдырылады. Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6%. Бағдарламаға өтінім қабылдау басталғанда өндіріс орындарының өкілдері егін жинау науқанына шаруаларды қамтамасыз етуге қажет техниканың жеткілікті мөлшерде бар екенін де мәлімдеген.

Қаржыландырудың жалпы сомасы 40 млрд теңгені құрайды, оған мыңға жуық қазақстандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланып отыр. Бағдарлама бойынша қаржыландыру револьверлік сипатта болады. Яғни, қолданыстағы лизингті өтеуден түсетін төлемдер жаңа шарттар жасасуға бағытталады. Бағдарлама 20 жылға есептелген.

Лизинг бағдарламасы басталғалы бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға отандық өндірістің 93 тракторы мен 52 комбайнын сатып алу үшін Қазақстанның 11 өңірінен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен жалпы сомасы 9,3 млрд теңгеге 113 өтінім келіп түскен.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, 17 тамызда жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша алғашқы ауыл шаруашылығы техникасын Қостанай облысында беру жоспарланып отыр.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<