Мәуелі ілімнің шыңы

2090

0

Ұлы Абай жайында осы уақытқа дейін еліміздің асыл кемеңгер, қарымды жазушылары, ақындары, белгілі тұлғалары құнды мәліметтер жазып, баға жетпес мұра қалдырды. Бірінші кезекте, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар  Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы ең құнды шығарма.

Төрткүл дүние мойындаған бұл еңбек – ұлтымыздың қазынасы іспеттес. «Абай жолын оқымаған қазақ – қазақ емес» дейді ғой, себебі қазақтан әлем танитын, еңбегіне бас иетін Абай бейнесі соншалықты құнды. Қазақ ақын-жазушыларының ішінде ауқатты отбасында дүниеге келген Абай – байлықтан сараңдыққа салынбады, керісінше қарапайым халықтың жоқ-жітігін жоқтап, үнемі көмек қолын созуға тырысты. Бұл жайында Абай жолында ақынның ұлылығы көзге түсер сәті: «Құнанбай Абайға сенің бойыңнан үш түрлі мін көрдім дейді. Ең әуелі арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барды арзан ұстайсың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жалайды. Абайдың сол кезде әкесіне: Ең әуелі жайдақ суға теңедіңіз. Қолында құралы бар жалғыз жарымға ғана пайдасы тиер шыңыраудағы су болғанша, құралсыз кәрі-жасқа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды дұрыс көремін», – деп халық қамын ойлап айтқаны. Абайға деген теңеу де шексіз. «Алтын хакім», «Дана Абай», «Дара Абай», «Қазақтың бас ақыны», «Қайта туылмас ақын» деп белгілі тұлғалар Абайдың ұлылығын айтқан еді. Тіпті, Мұхтар Әуезов: «Абай – дария, мен одан шөмішпен қалқып алдым» деп айтуы арқылы ақын ілімінің шегі жоқ екенін білуге болады.

«Бір күні Әбділда түнде ұйықтап жатып түс көрді. Көк аспанның жүзі бұлбұл, бозторғай, сандуғашқа толып кетіпті. Олар толассыз құйылып келіп, көк тірегі алып сарайға ілініп тұрған алтын торға асығып кіріп жатыр. Барлығы түгел кіріп біткен соң тордың есігі тарс жабылды. Әлгі құстар аянышты үнмен шырқырап шырылдай жылады. Әбділда дереу ұмтылып, тордың есігін ашуға қол созды. Сол кезде қара жер қақ айырылды да, тордан арасы алыстай берді. Екі араны теңіздің көкпеңбек суы алып кетті». Осы бір ғажап әңгімені Хакім Абайдың өміріне теңеймін. Дәлірек айтсам, бұл жердегі қарпайым халық құс болып, дөкей байлардың қанау деп аталатын торына түседі.

«Абай жолында» жазықсыз қанқу сөздерден Қодар мен Қамқаның ат жеккенге айдалуы, Тәкежан мен Қаржанның жауыздығынан Абайдың «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі-ай» өлеңін жазуы, Құнанбайдың қажылыққа барар сапарында Дәркембай қарт Қодардан қалған жетіміне құн сұрайды. Құнанбайдың көнбей дауласуы барысында Дәркембайдың: «Білдім, құдай жолы емес, Құнанбайлық жолға кетіп барады екенсің!», – деп айтуы тордағы халықтың шырылының көрінісі. Осы жағдайлардың бәрінде Абай үнемі халыққа жақтасып, сұрамсақ байларға қарсы шықты. Тіпті, әкесі Құнанбайдан теріс бата алғаны, қастыққа тап болып тепкі жеуі, өтірік жаладан абақтыда отыруы, ағасы Тәкежанмен дауласуы сияқты ауыр машақаттарды өткізсе де, замананың қулық, сұмдығы таусылмады. «Соқтықпалы, соқпалы жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!» деп ақын өзі айтқандай ақырында «Ей, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды… Мен ішпеген у бар ма?», – дей бере қара жері қақ айырылады. Теңіздің көкпеңбек суын Абайдың қалдырған мәңгілік мұрасы деп білемін.

«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» деп С.Торайғыров айтпақшы, Абай атаның қара сөздерінен мынадай ой түйдім. Үшінші қарасөзінде айтылған ойдың бәрін «ісі білмес, кісі білер» деген мақалға сыйғызады. Абай заманында болған оқиғаның, әлі де болып келе жатқанына көзім жетеді. Бүгінде адам баласының санасына «жақсы мақсатқа жету үшін жамандық қылса да оқа емес» деген сөздер сіңіп қалған. Кез келген жағдайды жемқорлықпен, қулық-сұмдықпен шеше салады. «Ісінің түзулігінен емес, кісінің амалшы айлалығынан жетерсің» деп айтқан Абай заманы әлі де сол. Жұрттың билігі бардың асты-үстіне түсіп, бәйек болу әдеті әлі де сол қалпында.

Абайдың құнды сөздерінің ішінде ең бір өзіме ұнайтыны, көңіліме жақыны «Қайғы келсе қарсы тұр құлай берме» деген ұлағаты. Дана Абай өз өмірінде қаншама ауыр жағдайларды басынан өткізсе де мойымады, керісінше аяғын нық басып, қиындыққа қарсы тұра білді. Осындай Хакім Абай – ілім тағының иесі десем қателеспеймін. Бұған көзі қарақты оқырман да қарсы болмас.

Арайлым ӨТЕПОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<