«Мақсат– халыққа сапалы қызмет көрсету»

990

0

Қоғамдық көліктердің мәселесі айтылып та, жазылып та жүр. Әлеуметтік желіде көп сынға ұшырайтын да осы сала. Әсіресе, қыстың күні қырауда бала түгілі үлкен адамның өзі бір сағатқа жуық автобустарды күтіп, баратын жеріне әупіріммен жететіні анық. Таңертеңгі және кешкілік уақыттары жұмыстан шаршап-шалдығып шыққандар мен сабақтан қайтқан оқушылар аялдамада дірдектеп тұрады. Сыйғаны сыйып, сыймағаны келесісін тағы сондай уақыт күтеді. Қоғамдық көлікті күте-күте көзі талғандар таксиге мінуге мәжбүр.

Қазір таксилердің қызмет көрсетуі де қымбат. Оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Өзге үлкен қалаларда жолаушылар тасымалының түр-түрі бар. Автобус, трамвай, троллейбус, жерасты метросы – барлығы жақсы ойластырылған. Ал қызылордалықтардың қоғамдық көлікпен жүруі  әлі де өзекті мәселелер қатарында.

Өткен жылдың желтоқсан айында салаға жаңа басшылар келіп, жұмысқа бел шешіп кірісіп кетті. «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Мақсат Жүсіп және осы мекеменің қауіпсіздік қызметі бойынша директор орынбасары Әмірбек Шаймағанбетов журналистерге бір ай ішінде атқарылған жұмыстарды таныстырды, алдағы жоспарларын бөлісті.

«Қызылорда автобус паркі» қалаішілік бағытта 2013 жылдан бастап қызмет етеді. Күні бүгінге дейін паркке қарасты автобустармен бірге жеке қызмет көрсетушілер өзара жұмыс істеді. Ал бері де «Қызылорда автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып өз алдына бөлек мекемеге айналды. Бүгінде қалаішілік 12 бағытты қамтамасыз етуде. Олар №1, №11, №14, №17, №18, №19, №20, №22, №25 №28, №29 және қосымша жүктелген «Ягодка» саяжай бағыты бар. 

Осыдан он шақты жыл бұрын қоғамдық көліктер жаңа автобустармен толыққан болатын. Мәселен,  2013 жылы 20, 2015-2016 жылдары 92, 2017 жылы 10, 2020 жылы 13 автобус алынған. Серіктестік құрылғанда бұрынғыдан 135 автобус болған. Бұрынғы тіркелген автобустардың 30-ы  жөнделіп, халыққа қызмет көрсетуде. Ал 52 автобус эксплуатацияға жарамсыз болса, 33 автобусқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу керек. 14 автобус ағымдағы жөндеуде, 6 автобусқа гарантиялық жұмыс қажет.

Тозығы жеткен, жарамдылық мерзімі келіп тұрған автобустармен халыққа қызмет көрсету мүмкін емес. Жылдар бойы қоғамдық көліктердің қордаланған мәселесін шешу үшін облыс әкімдігінің қолдауымен серіктестікке «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жаңадан лизингке 150 автобус алуға облыстық мәслихат шешімімен алдын ала төлемге 1 млрд 434 млн теңге бөлініп, өткен жылдың аяғында 100 автобус алынды. Қалған 50 автобустың құжаттары дайындалып, алдағы уақытта келеді деп күтілуде. Әр бағытқа 9-11 автобус бөлінген.  Биыл тағы жаңа 150 үлкен сыйымдылықтағы автобус қалаішілік маршрутқа қосылады. Сонымен қалаішілік тасымалдың 70-80 пайызы жаңа, үлкен сыйымдылықтағы автобустармен қамтылады.

Пандемия кезінде мүлдем жүрмей қалған №3, №9 маршруттар бар. Алдағы уақытта тағы бес бағытқа жаңа автобустар беріледі. Олардың қатарында №12, №16 және пандемия кезінде мүлде жұмысын тоқтатқан №3, №9 бағыттағы маршруттар қарастырылып отыр. Бұл автобустардың жүру кестесі дәл бұрынғыдай болады деген түсінік қалыптаспау керек.

–       Бірінші тоқсанда келетін 50 автобуспен тағы бес бағытты қамтимыз. Одан бөлек тағы үлкен сыйымдылықтағы 150 автобус алу жоспарлануда. Сонда осы кезге дейін қалаішілік 34 бағыттың 12-сін қамтамасыз етіп келсек, биыл жаңа автобустар арқылы 70-80 пайызға қамтуға мүмкіндік болар еді. Қала орталығын кейбір шағын аудандар мен шет аймақтарды байланыстыру мақсатында елді мекендерді қамту үшін жеке операторлардың да қызметін пайдаланған жөн, – деді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Мақсат Жүсіп.

Мекеме басшылары алдағы ақпан айынан бастап автобус паркіне қарасты қоғамдық көліктердің жүру ақысын қолма-қол төлеммен 150 теңге, ал электронды түрде 85 теңге етуге ұсыныс беруде. Жасыратыны жоқ, қолма-қол төлем әлдебіреулердің қалтасына түседі. Ал электронды түрде төлем жасалса, ол тікелей мекеменің есепшотына аударылады. Бұл – көлеңкелі кәсіптің алдын алудың бірден-бір жолы. Халық оған түсіністік танытуы тиіс. Сонымен бірге SMS BUS қосымшасын кез келген телефоннан өзіңізге жүктесеңіз, көліктің қай аялдамадан шыққанын, уақытын бақылайсыз. Тағы бір үлкен жаңалық алдағы уақытта оқушылар тасымалын да мекеме өз иелігіне, сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуді жауапкершілігіне алмақшы. Бұл – әрине, алдағы  үлкен жобалардың бірі. «Алдағы уақытта оқушылар тасымалын да өзіміз ұйымдастырсақ деген ойдамыз. Облыс орталығындағы мектеп оқушыларын тасымалдауға байланысты өз жоспарларымыз бар» деді серіктестік директоры.

Қауіпсіздік демекші, бір-бірімен жарысатын кіші сыйымдылықтағы спринтерлер мен автобустар арасында жол-көлік оқиғалары көп орын алатыны жасырын емес. Айталық өткен жылы жүргізушілердің салғырттығынан орын алған 3 жол-көлік оқиғасынан 5 жолаушы дене жарақатын алған. Сондай-ақ, өзге де көлікпен соғысып, нәтижесінде 20-дан аса автокөлікке әртүрлі материалдық шығын келіп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге тура келген. Қазіргі таңда олар өз бағыттарына қосылған.

–       Жол жүру ережесін қатаң сақтау және жол-көлік оқиғаларына жол бермеу мәселелері қатаң бақылауда. Барлық қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған жол-көлік оқиғалар дер кезінде талқыланып, апта сайын жол жүру ережесі оқытылады. Олардан сынақтар қабылданып тұрады, – дейді мекеменің қауіпсіздік қызметі бойынша директор орынбасары Әмірбек Шаймағанбетов.

Жол ақысының жағдайын өзге қалалармен салыстырмалы түрде қарап көрелік. Алматы қаласында қолма-қол және электронды төлем 80 теңге, студенттер мен оқушылар 40 теңге, ал соғыс ардагерлері және мүмкіндігі шектеулілер  төлемейді.  Астанада жол ақысы қолма-қол  алынбайды, барлығы дерлік электронды төлемге көшкен. Ондағы жолаушылар 90, студенттер 90 теңге төлесе, соғыс ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулілер тегін жүреді. Таразда қолма-қол 130 теңге, электронды төлем 85 теңге, студенттер 85  теңге. Біздің өңірде алдағы мәслихат сессиясында жол ақысын қолма-қол төлеуді 130 теңгеге дейін көтеру,  ал электронды төлемді 85 теңге күйінде қалдыру туралы мәселе қаралады.  Осыған дейін  70 жастан  асқандар  жол ақысының тек жартысын, яғни 45  теңге төлеп келген еді. Кейін ол жеңілдік алынып тасталды. Алдағы уақытта бұл мәселе де қайта қаралатын болады.

Жолаушылардан түскен қаржы мекеменің өз шығынын жабуға жетпей жатады. Мұнда 300-ге жуық адам еңбек етсе, оның 200-і жүргізушілер, сонымен бірге механик, инженер, көлік жуушылар да бар.  Облыс көлемінде  кемі 5 жыл жұмыс өтілімен автобус жүргізгендер аз.

Өткен жылдың қараша айында 60 жүргізуші жұмысқа қабылданған. Серіктестіктің аумағындағы метан құю станциясы 200 автобусты бір мезгілде қамтамасыз етуге есептелмеген. Ал Жаппасбай батыр көшесінде орналасқан метан құю станциясы істен шыққан, оның күрделі жөндеу жұмыстарына 278 млн теңге көлемінде  қаражат қажет. Осыған орай қаржылық-экономикалық тұжырымдама дайындалып, ұсынылуда. Сондай-ақ, жөндеу цехының жұмысын ұлғайтып, қосымша 2 автокөтергіш, токарьлық, фрезерлік, шлейфтау станоктары, дөңгелек жинау стендасы, ауа компрессоры, авариялық техникалық көмекке 1 арнайы жүк тартқыш көлігі қажет.

Көптің көңілінен шығып жұмыс істеу оңай шаруа емес. Осы кезге дейін қалаішілік 34  бағыттың тек 12-сін ғана автобус паркі қамтамасыз етіп келген. Бұл – әрине, 400 мыңға жуық қала халқы үшін өте аз. Оған қоса, жолаушылар тасымалын қамтамасыз ететін 5 оператордың төртеуі жеке кәсіпкер болса, біреуі осы «Қызылорда автобус паркі» ЖШС. Сондықтан да қоғамдық көлікке қатысты дау, арыз-шағым әлеуметтік желіден әлі де түспей келеді. Алдағы уақытта келетін жаңа үлкен сыйымдылықтағы заманауи автобустар бұл олқылықтардың орын толтырады деп сенеміз. Өйткені, күндіз-түні жұмыс жасап жатқан мекеменің тыныс-тіршілігін көзбен көріп, көңілге түйдік. Таңғы 5-те автобус жүргізушілері дәрігердің тексеруінен өткен соң рөлге отырады. Онда жүргізушінің қан қысымы өлшеніп, ішімдік ішкен-ішпегені тексеріліп, жалпы жағдайы қаралады. Автобустар да кешке жұмыстан соң жуылып, санитарлық жұмыстардан кейін келесі күнге дайын тұрады. Таң азаннан жұмысқа сақадай-сай автобустар өз бағыттарымен жұмысқа шығып, кешкі 21.00-ге дейін халыққа қызмет етеді. Тынымсыз тіршілік иелерінің бұған дейін еңбек құқы қорғалмаған десек те болады. Жаңа басшылық құрам бұл жағын да ескеріп, кәсіподақ құрып, қызметкерлердің отбасына арнап мерекелік кеш ұйымдастырғанын да айта кетейік. Бұрын-соңды мұндай іс-шараның өтпегеніне біршама уақыт болған. Басшылықтың көңіл бөлгеніне жұмысшылар дән  риза. Тіпті оларға алдағы уақытта шипажайға жолдама беру жағы да қарастырылуда.

Айтпақшы, жаңа автобустарда бұдан былай аялдамалардың реттілігі, жолаушыларға жеке басының қауіпсіздік шараларын сақтау туралы хабарланып отырады. Сонымен бірге пайдалы ақпараттар да айтылады. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін ұлттық нақыштағы әуендер қойылады. Әр автобуста сенім телефондары көрсетіліп, онда тікелей басшылыққа айтатын ұсыныс-тілектер мен арыз-шағымдар қабылданады. Жолаушыларға барынша сапалы қызмет көрсетіп, олардың діттеген жеріне қауіпсіз әрі жайлы жетуі үшін жақсы жағдайлар қарастырылмақшы. Жолаушылар автобусты емес, автобус жолаушыларды күтіп тұратындай күннің туатынына сенгіміз келеді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<