Мақсат – Сыр елінің мақтанышы

583

0

Өткен жексенбіде елорда төрінде өткен республикалық «Қазақстан барысы» турнирі қызылордалық жанкүйерлерге ерекше қуаныш сыйлады. Бес сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде жерлесіміз Мақсат Исағабылов жеңіс тұғырына көтеріліп, Сыр спортының абыройын асқақтатты. Талай талантқа жол ашқан киелі топырақтың дарынды перзенті осылайша туған өңірдің абырой-беделін биікке көтерді.

Сыр жұртшылығын көл-көсір қуанышқа кенелткен ақжолтай хабарға іле-шала облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік желі арқылы үн қосып, елдің мерейін тасытқан балуанға зор құрметін білдірді.

«Ұлттық күрестің  ұлық жолы  – «Қазақстан барысы» балуандар сайысында жерлесіміз Мақсат Исағабылов бас жүлдені қанжығаға байлап, Сыр елінің абыройын асқақ етті.  Жарайсың, жампозым!

Ел рухын биік ұстаған Мақсат бауырымды барша Сыр жұртының атынан елеулі жеңісімен құттықтаймын!» деген лебізін білдірді.

Биыл он бірінші мәрте жалауын көтерген беделді бәсеке қай балуанға да оңай түскен жоқ. Еліміздің әр өңірінен жиналған үздіктердің әрбірі кілең сайдың тасындай іріктелген мықтылар болатын. Олардың арасынан ақтық сынға дейін іркілмей өтіп, жеңіс тұғырына қадам басу – әрине, әрбір балуанның көздеген межесі. Мақсат бұл турнирге аянбай дайындық жүргізді. Алматы қаласында бір айға жуық оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жеке бапкері Болат Кенеевтің ақыл-кеңесіне құлақ түрді. Республикалық турнирге жолдама алған тағы бір қызылордалық балуан Нұрым Сәлімгереев те бар. Оқу-жаттығу жиынын өткізуге облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов қолдау көрсеткен болатын.

– Әсем Алатау төрінде өткен дайындықтың Мақсатқа көп пайдасы тигенін аңғардым. Ол өзіне сенімді болды. Әрбір белдесуінде салқынқанды қалпынан айныған жоқ. Қарсыласын қапы қалдыратын қолайлы сәтті күтті, онысы әр белдесуде сәтті жүзеге асып жатты. Мәселен, Ерасыл Қажыбаев пен Мұхит Тұрсынов ешкімнің ыңғайына жығыла қоятын жігіттер емес. Сондай-ақ, жас болса да Ерасыл Жаңабаев нағыз бабындағы спортшы. Жартылай финалда Ғалымжан Қырықбаев қалай ойын көрсеткенін жанкүйерлер жақсы біледі. Қысқасы, Мақсаттың финалға дейінгі барлық қарсыласы осал болған жоқ. Қазақтың нағыз сомбілек, апайтөс ерлері. Міне, осылардың ішінен Мақсат  мақсатына жетті, – дейді бапкері Болат Кенеев.

Ақтық бәсекеде қызылордалық балуанға маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов қарсылас атанды. Ол да осал емес. Шешуші сынға дейін барлық қарсыласын сенімді түрде жеңді.

Финал көп уақытқа созылған жоқ. Ығыты келіп әбжіл әдіс қолданған Мақсат маңғыстаулық балуанның жауырыннын жерге тигізді. Осылайша Сыр елінің үкілеп қосқан ұланы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы атанды.

– Шәкіртім талай жарыста топ жарып жүр ғой, бірақ бұл бәсекенің жөні бөлек. Мен Мақсатты бала жасынан білемін. Алғаш күрес залына келген сәті де көз алдымда. Ол кезде шамамен 10-12 жастағы бала. Әдепкі кезден өзін жақсы қырынан көрсетті. Салмақты, жеңіске деген жігері ерекше. Қазақ күресімен бірге ол дзюдо, самбомен айналысады. Бүгінге дейін ел біріншілігінде топ жарды. Азия чемпионы атанды. Былтыр «Үздіктердің үздігі» турнирінде чемпион болды. «Әлем барысында» күміс медаль алды. Қысқасы, Мақсаттың «Қазақстан барысы» турнирінде жеңімпаз атануы заңдылық. Әлі де үмітіміз зор, – дейді бапкері Болат толқынысты үнмен.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде ҚР Премьер министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және өзге де азаматтар болды.

Халықаралық турнирде Мақсат Исағабыловқа 25 млн теңге, алтын белбеу мен ауыспалы «алтын тайтұяқ» табысталды. Күміс жүлдегер Нұрдәулет Жарылғаповқа 5,5 млн теңге берілсе,  қола жүлдегер жамбылдық Ғалымжан Қырықбай 1,8 млн теңге алды.

– Мақсат – отбасында төрт баланың кенжесі. Бала кезінен алғыр, елгезек, шымыр болып өсті. Қармақшыдағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі күрес үйірмесіне барған сәтінде қолдау білдірдім. Үлкен жетістікке жету үшін тынбай тер төгу қажеттігін айттым. Алғашқы жарысында оқушы портфелін жеңіп алғаны әлі есімде.  Содан бері әрдайым жоғары нәтиже көрсетуге күш салып келеді. Мақсаттың Динара, Әсел, Мұхтар есімді бауырлары бар. Олардың ешқайсысы спортқа жоқ. Өзім облыстық мәслихатта қызмет атқарамын, отанасы Роза Қуаңбаева халыққа қызмет көрсету орталығында еңбек етеді, – деді балуанның әкесі Аманбай Нұржанов.

Қазір шын мәнінде, бұл шаңырақтың қуанышында шек жоқ. Бұл қуаныш – Сыр елінің қуанышы, «Қазақстан барысы» деген рухты жетістіктің киелі мекенге жайылған сәулесі іспетті.

Жеңіс құтты болсын!

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<