Марапат төрінде – мұнайшылар

465

0

Қыркүйек айының алғашқы жексенбісі – мұнай-газ саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай жұма күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  сала мамандарымен кездесті. Басқосуда аймақ басшысы мұнай-газ секторындағы ахуал және Президент Жолдауында жүктелген міндеттерді талқылады, мұнайшылар қауымын мерекемен құттықтады.

– Өңірдің мұнай компаниялары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ретінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы міндеттерді шешуге белсенділікпен атсалысып келеді. Мұнай кеніштерінің табиғи сарқылуы кезеңінде оның қорын толықтыру үшін жаңа перспективалы учаскелерді барлау мәселесі өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы Жолдауда жер қойнауын игеру саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру міндетін қойды. Мұнай қорлары сарқылып, өнім көлемі төмендеудің шарықтау шегіне келген осы кезеңде геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу, мұнай-газ саласын дамытуға инвестиция тарту – біздің өңір үшін атқарылатын басты жұмыс. Қазір республикалық бюджет есебінен «Шу-Сарысу»  және «Арал»  шөгінді бассейндерін геологиялық зерделеу жұмыстары жүргізілуде. «Сырдария»  бассейні бойынша келер жылы геологиялық зерттеу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Үш бассейнді зерттеу нәтижесі  мұнай-газ қорының шоғырланған учаскелерін нақты анықтап береді. Бұл жеке инвесторлар үшін өте қолайлы, олар қысқа мерзімде мұнай мен газды өндіру кезеңіне өтуге мүмкіндік алады. Энергетика вице-министрінің өңірге іссапары кезінде газды сатып алу бағасын арттыруға қатысты мәселені көтеріп, «QazaqGaz» басшылығымен келісімге келдік. Жыл соңына дейін бұл мәселе оңтайлы шешілетін болды, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында аймақтың мұнай-газ саласында ұзақ жыл еңбек еткен қызметкерлер ҚР Энергетика министрлігінің салалық наградаларымен және Қызылорда облысының Құрмет  грамотасымен марапатталды. Атап айтсақ, екі азаматқа «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі табысталса, 8 сала үздігіне  Құрмет грамотасы берілді.

Мерекелік басқосуда сала ардагері Ғалым Байманов сөз алып, көрсетілген құрметке алғыс білдіріп, ақжарма тілегін арнады.

Айта кетейік, бүгінде  аймақтың мұнай-газ секторында 14 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<