Маржаны Сырдың Шиелі

1344

0

Республика күні құрметіне арнап, Шиелі ауданы «Алтын күз – 2022» мерекесін тойлады.  Мереке аясында даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың күріш өсіруден әлемдік рекордының 75 жылдығы, ақын-журналист Дүйсенбі Смайыловтың 90 жылдығы аталып өтіліп, «Маржаны Сырдың Шиелі» атты республикалық ақындар айтысы және Шиелі өңірінің әндері мен күйлерін жинақтаған «Елге аманат» кітабынының тұсаукесері болды.

2012 жылы қазіргі аймақ басшысы, сол кездегі аудан әкімі қызметіндегі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен «Әнге айналған Шиелі» атты республикалық конкурс жарияланған болатын. Сол игі істің нәтижесінде Шиелі туралы шырқалған 40-тан астам ән өмірге келген еді. «Елге аманат» кітабының идеясы да осы иглікті істің жалғасы болды. 

Нариман Мизамбаев құрастырған Шиелі руханиятының шежіресіндей бұл кітапта – халық композиторлары Нартай, Иманжүсіптен бастап, М.Рүстемов, Қ.Тасбергенов, Ә.Ноғайбаев, С.Баймағанбетов, Ө.Исмаил, Б.Маханов, Қ.Бекпейісов, К.Жүсіп сынды 75 сазгердің әндері мен күйлері бар және ауданға арналып жазылған Қазақстан сазгерлерінің әндері жинақталған.

Көпшілікке қызықты сәттің бірі айтыс аламаны болғаны анық. Ақындардың басын қосқан дүбірлі додаға халықаралық, республикалық айтыстардың жеңімпаздары, белгілі айтыс ақындары қатысты.

Төрт сағатқа созылған айшықты айтыстың нәтижесінде 3-орынды шиелілік Мейірбек Сұлтанхан мен керекулік Аспанбек Шұғатаев, 2-орынды Абай облысының жүйрігі Рүстем Қайыртайұлы, 1-орынды түркістандық Бекарыс Шойбеков, бас жүлдені шиелілік дүлдүл Ержан Әміров иеленді.

Ал, Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйінде есімі елге белгілі Сыр бойының саңлағы, қарымды қаламгер, қайраткер азамат, туған топырағының тарлан тұлғасы, ақын Дүйсенбі Смайыловтың 90 жылдығына арналған «Дәуір дүлдүлі Дүйсенбі» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленді.

Игі шараны аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков  ашып беріп, жас ақындарымызға сәттілік тіледі. Байқауға облысымыздың түкпір-түкпірінен келген 15-21 аралығындағы жас ақындар қатысты. Айтыскер ақын Талғат Күзенбаев  жас талаптардың шабытына шабыт қосып, жырдан шашу шашты.

Жазба ақындар сайысының қорытындысы бойынша бас жүлдені Қызылорда қаласының ақыны Асқар Әли иеленсе, бірінші орын шиелілік Елдар Әмірханға бұйырды. Ал, 2-орынға  Қызылорда қаласының жас ақыны Аружан Нұрадин ие болды. 3-орын сыйлығын Қызылорда қаласының ақыны Санақұл Бексұлтан мен Жалағаш ауданынан келген Мейіржан Қартбай бөлісті. Мүшәйраға қатысқан барша талапкерлерге Д.Смайыловтың ұрпақтары атынан ақшалай сый-сияпаттар жасалды.

Бұл күні Шиелі өңірі алтын күздің шапағына оранып, өнердің ақ сәулесіне бөленді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<