Нұрсұлтанның жеңісі

1110

0

Қызылордалық Нұрсұлтан Алтынбек жақында аяқталған бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде 2003-2004 жылғы жастар арасында 54 келі салмақта чемпион атанды. Жерлесіміз финалда ирандық Алиасг Афшариаболкарлуды қапы қалдырып, жеңіс тұғырынан көрінді.

– Мұндай бәсекеге ешбір ел осал боксшыны алып бармайтыны белгілі. Биыл сайысқа Азияның 15 елінен спортшылар келді. Нұрсұлтанның салмағында 10 боксшы бақ сынаған еді. Қуаныштысы, шәкіртім ешбір жекпе-жегінде сыр берген жоқ. Қарсыластарын айқын басымдықпен тізе бүктірді. Алғашқы қарсыласы – Біріккен Араб әмірлігінің боксшысы Нұрсұлтаннан оңбай таяқ жеді. Әбден есеңгіреп қалған ол жекпе-жек аяқталмай жатып-ақ жеңілгенін мойындады. Жартылай финалда кездескен тәжік спортшысының да шәкіртіме қарсы тұратын қауқары болған жоқ. Төрешілер бірауыздан жеңісті Нұрсұлтанға берді. Ақтық сында да шәкіртім ирандық боксшыға көбірек соққы жасады. Нәтижесінде төрешілер шәкіртімнің қолын көтерді. Айта кетейік, жастар арасындағы ұлттық құрамаға енудің өзі оңай емес. Нұрсұлтан бұдан бұрын ел біріншілігінде бірнеше мәрте көзге түсті. 2019 жылы ол жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде күміс жүлдегер болған еді. Сол жолы кеткен олқылықтың орнын биыл толтырды деп санаймын, – дейді Нұрсұлтанның жеке бапкері Жаңабек Әлиев. 

2003-2004 және 2005-2006 жылдарда дүниеге келген ұлдар мен қыздар арасында болған бәсекеде біздің елімізден барған саңлақтар барлығы 49 медаль олжалады. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 19 алтын, 15 күміс, 15 қола медальмен бірінші орын алды. Одан кейінгі орындарды Өзбекстан мен Үндістан өзара бөлісті.

2003-2004 жылғы жастар арасында ұлдар 10, қыздар 7 салмақта шаршы алаңға шықты. Ұлдарда Санжар Ташкенбай (48 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (54 келі), Әбдікәрім Әбдіғалым (57 келі), Ерасыл Ермек (60 келі), Елнұр Сүйінбай (63,5 келі), Абзал Серік (67 келі,  Бақберген Әлиасқаров (75 келі) пен Темірлан Мұқатаев (86 келі) алтын медаль алды.

Осылайша қазақстандық боксшылар 8 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алып, жалпы командалық есепте бірінші орынға табан тіреді. Одан кейінгі орындардағы Өзбекстан (3-3-1) мен Үндістан (2-3-4) тұр.

Аталған жастағы қыздарда Милана Аюпова (63 келі), Аида Сарибарова (81 келі) және Диана Магауияева (81 келіден жоғары) чемпион атанды. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 29 тамызда 2005-2006 жылғы жасөспірімдер арасында ұлдар 12, қыздар 13 медаль алған болатын.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<