Облыстық «Ордалы отыз жыл» байқауы қорытыланды

1364

1

«Сыр медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Сыр бойы» газеті ел Тәуелсіз­дігінің 30 жылдығына орай шығармашылық өкілдері ара­сында «Ордалы отыз жыл» байқауы өз мәресіне жетті. Тәуелсіздіктің 30 жылын­дағы Қызылорда облысының жетістіктерін насихаттауды мақсат еткен шығармашылық додада «Үздік мақала», «Үздік сараптама», «Үздік сайт материалы», сондай-ақ поэзия мен проза жанрына Әскербек Рахымбекұлы мен Айжарық Сәдібекұлы атындағы арнайы сый­лық тағайындалған болатын.

«Үздік мақала» аталымы бойынша облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Ержан Қожас лайық деп танылса, «Үздік сараптама» бағытында Арал ауданынан Жақсыбай Мұсаев пен алматылық Ермек Жұмахметұлының шығармалары үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ «Үздік сайт материалы» бойынша жүлдені «Сыр бойы» газетінің тілшісі Биболат Сәтжан мен «Болашақ» университеті жоғары колледжінің оқытушысы Қанат Қыпшақбаев өзара бөлісті.

Ал белгілі қаламгер Айжарық Сәдібекұлы атындағы сыйлыққа аралдық журналист Жаңабай Кемал ие болды. Ал поэзия жанрында белгіленген Әскербек Рахымбекұлы атындағы жүлде белгілі ақын Толыбай Абылаевқа берілді. Жүлдегерлерге арнайы алғыс хат пен қаржылай сыйақы табысталды.

Айта кетсек, бүгін Қызылорда қаласында «Достық» үйінде «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығының тұсаукесері өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп және Түркістан облысындағы БАҚ басшылары, қызылордалық қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жарық көріп отыр. Бұл еңбектің ерекшелігі сол, Сыр өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының өткені мен бүгінін қызылордалық журналистер өздері саралап, зерттеп жазып шықты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<