Парасат биігіндегі үндестік

482

0

Парасат биігіндегі үндестік

Бүгінде «жастар жеңіл әуенге әуес, сапасыз ән салтанат құрып тұр» деген секілді сыни пікір жиі айтылып жатады. Әйтсе де талғам таразысында саралап, сапалы дүниелерін халыққа ұсынып жүрген жастар да баршылық. Олар – ақын Елжас Әбділда мен әнші, сазгер Жарасхан Төлебай. Сырдың талантты ұлдары − өнер табыстырған айнымас достар.  Олардың рухани үндес әлемінен тамаша туындылар жарыққа шығуда.

Әріптесіміз Елжас қолы қалт еткенде мәнді мәтін жазуды әдетке айналдырған. Оның мың айдан да қадірлі Рамазан айының құрметіне жазған «Мейірімді Алла», «Ертең», «Мен − Қазақтың ұлымын», «Нағыз Қазақ», «Оп-оңай», т.б әндері өз тыңдарманын тапты. Елжас сөзін, әнін Жарасхан жазды. Екі дос шығармашылық жұмыстарын бір-біріне көрсетіп, бірге толықтырады.

Қарақат Әбілдинаның орындауындағы «Алғыс» әні де – Елжас пен Жарасханның жұп-жұмыр, жып-жылы дүниелерінің бірі. Елжастың жазған ойлы өлеңдері бүгінде эстрада әншілерінің қоржынына олжа болып қосылған. Мәселен, Қуандық Рахым, Сұлтан Жандос, Арман Туашов, Абылай Берденов және «Сейхун» тобы ақынның асқақ шабытынан туған әсерлі өлеңдерімен репертуарын байытуда. Әсіресе, жабырқаған көңілге рух сыйлайтын өлеңдері көпшіліктің көңіл сарайына орнықты.

− Жарасханмен жұмыс істеймін. Ал әншілер өздері ұсынса ғана жазып жүрмін. Олардың көбі − шетелдік аударма өлеңдер. Қазір Шымкент қаласының жас сазгерлерімен шығармашылық байланыс орнатып жатырмын, − дейді Елжас.

Ал Жарасхан Төлебай − сазгерлік сарыны дәстүрлі өнерге қазықталған жігіт. Ол ең әуелі әннің мәтініне мән береді. Бүгінде жас ақындармен қатар Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев секілді ұлтының ұлағатын ұлықтаған арқалы ақындардың өлеңіне ән құрап жүр. Өрелі өнерпаз ізденістің арқасында аз уақыт ішінде 50-ден астам ойлы дүние жазып шықты. Ол туындылары тасада қалып жатқан жоқ. Қазақ эстрадасында ән шырқап жүрген өнерпаздардың репертуарларына енген бірқатар мазмұнды әндердің авторы.

− Жарасхан шығармашылық шырағын жағып, елге деген ағеден пейілін дарынымен дәлелдеген. Ол қазақы болмыстан сыр шертетін жаңа әндер жазып жүр. Оның өнері дәстүрлі таныммен тамырлас, сол текті тәлім мен қазіргі заманның талабын ұштастыруымен құнды. Бағыты байыпты жастың өнерін бақылап, баға бере жүріңіз. Бәлки, болашақ Әміренің әнін, Шәмшінің шығармашылық жолын жалғаушы азаматты көріп отырған боларсыз, − дейді өнердегі досы Елжас.

Міне, жарасым тапқан достар әлемінен тағы бір жаңа ән тыңдарманға жол тартты:

Жастықта күліп ән салайық,

Қарттықты бірге қарсы алайық

Тірліктен кейде шаршасақ та біз

Бір-бірімізден шаршамайық, −

деп қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Қарақат пен Қыдырәлі жаңа бейнебаянның тұсауын кесті. Жұлдызды жұп «Бақ таптым сені жолықтырып» деп аталатын әнді орындады. Сөзі салмақты, ойы орамды. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластығын, жарасымдылығын жеткізген. «Әнді келіншегіме арнап жаздым» дейді Елжас. Елжас та, Жарасхан да − жас шаңырақ иелері. Содан болар, әні мен сөзі үйлесім тауыпты. 

Екеуі – өз туындыларымен  оқырман мен тыңдарманын жігерлендіре, тебіренте, толқыта алған дарынды жастар. Шабыттан шығармалар жүректен жүрекке жетіп жатыр. Осылайша Сырдың өнерпаз азаматтары сапалы әннің салтанат  құруына  атсалысып  жүр.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<