«Қайсар» Премьер-лигаға жолдама алды

760

0

Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 25-турының алғашқы ойын күнінде Қызылордада жергілікті «Қайсар» мен Талдықорғанның «Жетісу» командалары өзара шеберлік байқасты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық стадионда өткен ойынға көрермен болды.

Алаң иелері үшін тең ойын алдағы жылы Премьер-лигаға жолдамаға қол жеткізуге мүмкіндік беретін. Кездесу барысында екі команда да алға қарай ұмтылды. Дегенмен таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Командалар 0:0 есебіне қанағат білдірді. Нәтижесінде «Қайсар» алдағы жылы Премьер-лигаға жолдама алды.

Ойыннан соң аймақ басшысының қатысуымен белгілі футболшы, Сыр елінің мақтанышы Мақсат Байжановтың үлкен спортпен қоштасу рәсімі өтті. Шараға арнайы Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Рохус Шох, сала басшылары, Сыр спортының жанкүйерлері қатысты.

Облыс әкімі Мақсат Байжановтың еңбек жолы жастарға үлгі екенін айтып, Сыр жұртшылығы атынан автокөлік мінгізді. Сондай-ақ, спорт жанашырлары үшін ақжолтай жаңалықты жеткізіп, демеушілердің қолдауымен жаңа стадион салу бастамасы қолға алынатынын айтты.

– Ресейдің Краснодар қаласында былтыр бір жыл ішінде 12 миллион долларға 10 мың орындық жабық стадион салынған екен. Келесі жылы біз де сондай жаңа стадион құрылысын бастауға ниеттіміз. Бұған Сыр елінің жанашыр кәсіпкерлері, ірі компаниялары атсалысады деп сенемін. Бүгін Сыр спортының саңлағы, доп додасының дарабозы Мақсат Байжановтың үлкен спортпен қоштасу рәсіміне жиналып тұрмыз. Мақсаттың спорттық межесі өз мерейімен айшықтылады. Ол жеңісті де, жеңілісті де бастан кешірген, бірақ жеңісі үстем, көргені көп, түйгені мол тарланбоз жігіт. Байжановтың бабы ел біріншілігінде 500-ге жуық ойын өткізіп, 80-ге жуық гол соққан мергендігімен де көрінді. Сондай қысылтаяң шақта команда жауапкершілігін арқалаудың аманаты ауыр болады. Міне, Мақсаттың мықтылығы осынысымен озық тұр. Сол себепті жанкүйерлер оны құрметтейді, қаншама жас буын оған қарап бой түзеуге тырысады. Сыр спорты жасай берсін! – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Аймақ басшысы Мақсат Байжановқа облыстың Құрмет грамотасын және Сыр жұртшылығы атынан жап-жаңа автокөлік сертификатын табыс етті. Сондай-ақ, Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Рохус Шох жанкүйерлерді құттықтап, «Қайсарға» келесі маусымда сәтті ойын тіледі.

Өз кезегінде Мақсат Байжанов облыс басшылығы мен жанкүйерлеріне футболға деген сүйіспеншілігі үшін шынайы алғыс білдірді.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

YouTube: https://youtube.com/shorts/4uAlt5waLP0?feature=share

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<