Қалқан

717

0

18 тамыз – ел тыныштығы үшін күндіз түні күзетте тұрған шекарашылардың кәсіби мерекесі. Ал, биыл Қазақ мемлекетіндегі шекара қызметінің құрылғанына – 30 жыл.

Алмағайып кезеңдерді бастан кешкен Қазақстанның Шекара әскерлері, Кеңес одағының қарулы күштерімен тікелей байланыста дамыды. 1924 жылы Қазақстанның Шығыс шекара округі құрылып, Қытай мен КСРО арасындағы шекара шебін қорғауға кіріседі.

Осы тұста Әлихан Бөкейхан бастаған бір топ зиялы азаматтар қазақ жерінің шекарасын деморкациялап, саяси географиялық картасын дайындаған. Алаш зиялылары оны Кремльде Ленинге дәлелдеп, оған осы жер аумағының картасын бекіткен декретке қол қойдырды. Осылайша, ресми түрде құжаттар рәсімделіп, мемлекеттік шекарамызды бізге аманаттап кеткен болатын.

Тәуелсіздіктен асқан киелі ештеңе жоқ. Еліміз тәуелсіз болған 1991 жылдың желтоқсанынан кейін іргелі мемлекеттің шекарасын күзету саясаты күн тәртібіне қойылды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 1992 жылдың 18 тамызында Республика Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі құрылды.

Ұлттық шекара әскерлерін құру кеңес-қытай және кеңес-ауған учаскелерінде мемлекеттік шекараны қорғаған КСРО Шекара әскерлері Шығыс шекара округінің негізінде жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасының әскери және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шаралар жүйесінде Шекара қызметі мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау бойынша міндеттерді орындайтын ведомство болып табылады.

Мемлекеттік шекараның беріктігі – елдіктің басты белгілерінің бірі. Сондықтан Қазақстан Республикасы – мемлекеттік шекарасын шегендеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіту жолында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді.

Көршілес мемлекеттермен бейбіт аспан астында достық қатынаста ғана болу біздің елдің өмір сүру салтына айналса, басты күшіміз – бірлікте. Десе де, ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпар тұяғы талатын ұлан- ғайыр атырап шебін шекарашылар жіті қорып, кірпік қақпай күзетуде. Сондықтан да олар қандай болсын құрметке лайықты.

Араға 30 жыл салып, мемлекетіміздің шекарасын бүгінгі күнде заман талаптарына сай инновациялық технологиялар, заманауи электронды жүйелерді қолдана отырып қырағы күзетуде. Жоғары басшылықтың қолдауымен ел шебі әртүрлі құрылғылар және қондырғылармен бекемделіп, олардың үнемі жетілдірілуіне байланысты жолай жаңаларына ауыстыру қолға алынған. Бұл – әрине, темірдей тәртіп пен Отанға деген сүйіспеншіліктің нәтижелі жемісі.

Темірлан Серікқалиев,

шекара  қызметі әскери патриоттық қызмет басқармасының офицері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<