«Қанатты қалам» қалықтаған күн

504

0

А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне арналған «Қанатты қалам» атты мерекелік іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, БАҚ өкілдеріне ізгі тілегін жеткізді.

Сахна шымылдығы жастар театры артистерінің «Қанатты қалам кейінгілерге аманат….» атты прологымен ашылды. Сыр журналистикасы туралы бейнеролик көрсетілді. Бүгінде облыстың медиакеңістігінде 130-дан аса  бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Заман талабына сай жаңару мен жаңғырудың жолын ұстанған бұл сала іргелі индустрияға айналды. Журналистер ұлттық рухты қалыптастыруда, барлық саланың дамуына, қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар бастамалардың өміршеңдігіне елеулі үлес қосып жүр. 

Мерекеде аймақ басшысы мерекелік құттықтауын жеткізді.

−   Ақпарат тасқыны алапат дәуірде таңдаған мамандығына адал болып, ұстанымын өзгертпеген, қалам қасиетін ардақ тұтқан журналистер қауымына жақсы тілектерімізді айту үшін жиналып отырмыз. Өздеріңіздей туған жердің тарихын қадір тұтып, бүгінгісіне марқайып, ертеңіне алаңдайтын қауыммен жүздесу – біз үшін үлкен қуаныш. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап ел дамуының барлық кезеңдерінде бүгінімізді бекем, болашағымызды жарқын ету жолында сіздер де зор үлес қосып, ең қиын сәттерде жүректерге сенім ұялататын шынайы ақпарат тараттыңыздар, халықтың ертеңге деген сенімін арттырдыңыздар. Сенсацияны мақсат тұтқан жаңалықтардың ақ-қарасын ажыратып, көрермен мен оқырманға дұрысын жеткізу үшін тынбай еңбек еттіңіздер. Ағайынның ауызбірлігі, қалтқысыз сенім, қиналғанда бір-біріне қол созған қайырымды жандар туралы көрсетілім, мақала ұйымдастырдыңыздар. Сол үшін де сіздерге Сыр жұртшылығы атынан зор ризашылығымызды білдіреміз, ел үшін жасап жүрген еңбектеріңізге бас иеміз! − деді облыс әкімі.

Биыл аймақта бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнін атап өту  іс-шаралары  ертерек басталды. БАҚ қызметкерлері арасында еркін форматта караоке батл сайысы ұйымдастырылды. Алғаш рет еліміздің барлық аймақтары қаламгерлерінің басын қосқан облыс әкімінің кубогы үшін шағын футболдан республикалық турнир өтті. Бұл салтанатты іс-шараның ерекшелігі сала ардагерлері сахна төріне көтеріліп, құрметке бөленді. «Еңбек ардагері» медалімен Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясының атқарушы директоры Мұрат Шалабаев, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен «Тұран-Қазалы» серіктестігінің директоры, газеттің бас редакторы, ардагер Ғазиз Әліш  марапатталды. Бір топ әріптестеріміз Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Құрмет грамотасын алды. Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталған сала ардагерлеріне облыс әкімі шипажайға арнайы жолдама берді. Олардың қатарында біздің басылымда қырық жылдан астам еңбек еткен Жолдасбек Ақсақалов, асқаралы алпысқа толған ақын,  журналист  Дүйсенбек Аяшұлы да бар. Газеттің бас редакторы Қуат Шарабидинов те марапат төрінен көрінді.

Ресми ақпарат көздерін әлеуметтік желілер алмастыра алады деген түсінікке облыс әкімі өз пікірін білдірді.

− Әлеуметтік желі арқылы ақпарат тез тарайды, бірақ, оның бәрі бірдей шынайы ма, мәселе сонда! Сондықтан, баспасөз бен теледидардың халыққа дұрыс, зерттелген мәлімет жеткізіп, аналитика мен нақты факт арқылы жалғандыққа жол бермей, шынайылықты сақтаудағы орны жоғары бола бермек! Дәстүрлі БАҚ, бұл – таспа мен баспаға таңбаланған тарих, бүгінгінің бейнесін болашаққа аманаттайтын мұра, ел өмірін сөзбен мүсіндеген мұражай, маңызды оқиғалардың көмбесі, әсерлі әңгіме мен көркем сөздің әдебиеті, − деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Алаш ардақтысы, көрнекті ағартушы Міржақып Дулатұлының «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деп ХХ ғасырдың басында айтқан сөзі ХХІ ғасырда да өз маңызын жоймаған. Аймақ басшысы жаңашылдық пен жақсылықтың жаршысы ретінде жалпыхалықтық референдумның маңызын ақпарат көздері арқылы халыққа насихаттаған  БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді.

− Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміздің тек саяси-экономикалық бағытын ғана емес, қоғамдық сананы да қайта жаңғырту міндеті тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың I отырысында: «Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады» деді. Осындай  мемлекет үшін маңызды саяси бастамада Сыр жұрты да ерекше жанашырлық пен белсенділік танытып, референдумды қолдауға келген халық санынан республика бойынша екінші орынға шықтық. Мұнда сіздердің  үлкен еңбектеріңіз бар, − деді облыс әкімі.

Жас та болса өңір журналистикасында із қалдырған журналист Сахитжан Бермағанбетовті еске алуға арналған байқау жыл сайын ұйымдастырылып келеді.  Сахна төріне Сағитжанның анасы Меруерт апай көтерілді. Облыс әкімімен бірге жас тілшілерге марапат табыстады.  «Qyzylorda» телеарнасының тілшісі Мақсат Кәрібай, «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Ақтілек Бітімбай, «Ақмешіт жастары» газетінен Дина Бөкебай жеңімпаз атанды. Асыл перзентті өмірге әкелген әзиз анаға облыс әкімі құрмет көрсетіп, ілтипатын жеткізді.

Мұнан соң Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Аманжол Оңғарбаев ұйымның атынан қаламгер Жаңабай Кемалға Қазақстанның  Құрметті журналисі төсбелгісі берілгенін айтып, бір топ БАҚ өкіліне Құрмет грамотасын табыстады.

Дүйім жұрттың көзі, құлағы һәм тілі қызметін атқарып, халықтың әл-ауқаты мен қоғам тынысынан хабар тарататын тілшілер қауымы концерттік бағдарламаны тамашалады. Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Күлән Қалымбетова, «Тұран триосы» ән салды. «Томирис» би ансамблі мың бұрала биледі. Сыр елінің жыршы-термешілері Шолпан Бимбетова, Майра Сәрсенбаева, Әділбек Қуаңбаев, Серік Жақсығұлов жырдан шашу шашты. «Атамекен бизнес» телеарнасының меншікті тілшісі Шарипа Сақтапова, «Qyzylorda» телеарнасының шеф-редакторы Мөлдір Құлмырзаева және аталған телеарнаның бас продюсері Алтынай Молжанова ән шырқады.  Сахнада өнер көрсеткен «Ұстаз мәртебесі» газетінің тілшісі Айдар Сайлауов, «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Ақтілек Бітімбай, «Халық» газетінің тілшісі Рыскелді Жахман мерекелік құттықтауларын өлеңмен өрді. Журналистер отбасы «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков пен жұбайы «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз хатшысы Әсел Абзалқызы «Бақыт таңы» әнін нақышына келтіріп орындады. Салтанатты кеш «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Әлібек Байшүленов, «Qogam ТV» телеарнасының тілшісі Берік Батпанов,  «Qyzylorda» телеарнасының дикторы Талант Айымбетов орындаған Тоқтар Серіковтің «Уақыт» әнімен көңілді нотада аяқталды.

Гүлбану Мақажан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<