Қарттарын қадірлеген ел ардақты!

622

0

Қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата-салты екені белгілі. Қарттары бар ел-қазыналы ел. Ата жолын жалғап келе жатқан бүгінгі күнгі ақсақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз. Халықаралық қарттар күні — бұл аталар мен апалардың, ата-аналардың мерекесі. Бұл – жан дүниенің жомарттығы мен адамдық даналықтың, азаматтықтың кемел шағына деген құрмет. Ардагерлер қажеттілігінен алшақ қалмай, үлкендерге құрмет көрсету халықтың мәдениеттілігін сипаттайтын негізгі белгі. 

25 қазан күні «Ұлағат» білім ордасы» мектебінің  мұғалімдері мен оқушылары 1 қазан Халықаралық қарттар күніне орай ақжаулықты аналар мен қарияларды «№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, яғни қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйінде «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» тақырыбында кеш өткізді.

Кеш мақсаты:

Оқушы бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру;

Үлкенді сыйлау;

Өз ата-бабасын ұмытпай сақтау үшін және салт-дәстүрден нәр алу;

Инабаттылыққа, жақсы мен жаманды ажырата білуге аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу.

Кешті мектебіміздің мың бұралған биші, өнерпаз қыздары «Қазақ биімен» ашты. Қазыналы қарттарымызды құттықтау  сөз кезегі «Ұлағат» білім ордасы» мектебінің директоры Аймухамбетов Досбол Юсуповичке берілді. Мектеп директоры қымбатты ақылдың кенін арқалаған айбынды аталар мен ақ жаулықты аналарды қазан айының алғашқы мерекесі қарттар күнімен құттықтады. Үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салт екенін айта кетіп, ардагерлеріміздің дендеріне саулық, ұзақ ғұмыр тіледі.Әрі қарай мектебіміздің оқушысы Мархабат Сезім «Көңілді күй» әнін орындады.

Ата – ардақты тұлға! «Әкеден ұл тусайшы, ата жолын қусайшы» деп халық ұрпаққа атаның мұрасын жалғастыруды уағыздайды. Ата ұрпағының  қайырымды, мейірімді, ақылды іскер болуын тілеп, сол үшін қамқорлық іс-әрекеттерін жерге жеткенше дамыта береді, өнеге көрсетеді, өсиет айтады. Осы тұста мектебіміздің көркем сөз үйірмесінің оқушылары жыр-шумақтарымен тәнті етті.

Қарт аталар мен аналардың көңілін көтеру мақсатында мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Баймағанбетова Маржан  «Жан гүлім» әнін орындады. Қарттарымыздың жүзіне күлкі үйіріліп, қосылып әндетіп, би биледі.

Бүгінде аймақта 78 мыңнан аса зейнеткер бар екен. Соның ішінде, тағдырдың тауқыметімен жалғыз қалған қарттар бүгінде мемлекет қамқорлығын сезініп келеді. Ардагерлер мен мүгедектігі бар жандарға арналған орталық заман талабына сай жаңғыртудан өтіпті, барлық жағдай жасалған екен.

Сөз соңында қарттарымыздан қол жайып, бата беруін сұрадық. «Ардагерін ардақтаған ел тозбайды» деген. Қазыналы қарттарға құрметті тек бір күн емес, өмір бойы көрсету керек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<