Қаз қанатын жамылған қазан айы

2048

0

Қазан айы – салқын ай, салқам ай. Кәдімгі қазан астына от жақпасаң, өздігінен ештеңені жылытпайды, пісірмейді. Қазан айын осы көрініспен салыстыруға болады, жылу іздейсің, кемпіршуақтың айы.

Халықта «қазан қайдан келеді» деген сөз бар.

«Жетi қырдың астынан ақырып келедi, жетi жынын шақырып келедi, жетi сауал арта келедi, жетi сауап тарта келедi» дейді.

Жетi сауабы немесе жетi сауалы не дейсiз?

«Егiнiңдi егейiн бе?» деп келедi. Бұл сөздің астары ақ егiстi һәм жемiс ағаштарын отырғызуды мегзеп айтса керек. «Қырманыңды суырайын ба, қызылыңды қуырайын ба?» деп келедi, мұнысы түсінікті, жиын-терiмдi айтып отыр.  «Бөркiңдi терiс кигiзейiн бе?» дейтіні тағы бар. Бұл «қазанның қара дауылы» деген желдi еске түсіреді. «Тұнығыңды ылайлайын ба?» десе, онысы өзен-көлдiң тартылуы, бұлақтардың сарқылуы. «Тұмарыңды жұлайын ба?» деп келетіні – «қазанның жапырақ желi», яғни, жапырақтардың түсуi, жемiстердiң пiсуi. Ақырында «Төбеңнен құяйын ба, төменнен сыпырайын ба?» деп келедi екен. Оның алғашқысы жаңбыр, тұман, қар сияқты құбылыстар болса, соңғысы «қазан ұрды» дейтiн ызғырықтың сипаты.

Халықтың қазанға берген бағасы қандай, ә-ә? Мұның қай-қайсысы да қазақтың мың жылғы тәжiрибесінен түйгені, көзбен көрiп, көңiлге тоқығаны.

Бұл мезгіл суық түндер мен сұрғылт күндердің, «кәрі құда» қыстың қыр астына келгенін ескертеді.

Айдың он төртіне боқырау деген амал келеді. Бәріміз білеміз оны. Боқыраудан тоқырамай өтер болсақ, қар жауып, мұзға тайып жүрмесек, қыс жылы болады екен, мұны да «синоптик» қара шал айтқан.

Қаңқылдап қаздардың, тыраулап тырналардың жылы жаққа қайтатын мезгілі де осы – қазан.

Енді мен ешкім біле бермейтін бір құпиясын айтайын. Былайғы жұрт ақындар жақсы, сұлу өлеңді көктемде жазады деп ойлайды. Олай емес, ақындар дәл осы айда шабыттанады. Жылыстап бара жатқан жылылықты қимай ма, кең дүниеге сыймай ма, оны ақындардың өздері ғана біледі. 

«Қара өлеңді маздатып

қарсы алармын,

Қаз қанатын жамылған қазан айын…», – дейтін атақты өлеңін атақты ақын Тыныштықбектің де осы айда жазғанын зерттеудің қажеті жоқ.

Мен қазан айы туралы естіген-білгенімді айттым. Қос десеңіз, қосыңқырауға болады. Қосыңқырау демекші, қазан айында туғандардың мінезі қызық – қосыңқырап сөйлеуді ұнатады, сөзінің өтірік-шынын айыру қиын. Алайда, ақылды, достықты жоғары бағалайды. Қай нәрсені де жеті өлшеп, бір пішеді. Ал, қазанда өмір есігін ашқан әйелдер – бірбет, бірсөзді. Сатқындық пен екіжүзділікті кешірмейді. Отбасын сақтап қалу үшін отқа түседі. Үй шаруасына келгенде дана.

Сол енді… туған күнін сұрамаппыз ғой.

Әзіл, бұл. Құдайға шүкір, отыз жыл болды, отанасы оттың басынан шықпайды.

Мен болсам, өлең жазып отырмын…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<