Қазалылықтар мерейтойды атап өтті

371

0

Бүгін аудан орталығында Қызылорда облысының 85 жылдығы мен Қазалы ауданының 95 жылдық мерейғтойына арналған «Қазалым – қарашаңырағым» атты салтанатты шара өтті.

«Жалаңтөс Баһадүр» атындағы орталық стадионда өткен мерекелік кешке Қазалы ауданынан жыраққа кеткен жерлестеріміз бен барша аудан тұрғындары қатысты. Мерекелік шара аудан өнерпаздарының Қазалының кешегісі мен бүгінгісін көрсететін тарихи-танымдық көрініспен бастау алды.

Салтанатты шараны мерейтойға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет құттықтау сөз сөйлеп ашып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ауданның 95 жылдығына арнап жолдаған құттықтауын аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа табыстады. Сонымен қатар Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтыңда қасиетті өлкенің мерейтойына арналған құттықтауы оқылды.

Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық мәслихат депутаттары Тілеп Ибайдулла мен Нұрлан Имандосов және «Агро-Өркен» ЖШС-нің инвесторы, Мерей Есқожаев сахна төрінде «Алтын дән – 2023» салтанатты шарасы аясында ауылшаруашылық саласының озаттарын марапаттады.

Салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары ауылшаруашылық саласы бойынша үздік нәтиже көрсеткен «Рза-Агро» ЖШС-нің егіс бригадирі Айбек Оспановқа ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасын» тапсырды. Сонымен қатар бірқатар азаматтарға Облыс әкімінің арнайы номинациялары мен «Алғыс хатын» және жыл көлемінде үздік нәтижеге қол жеткізген «Агро-Өркен» ЖШС-нің озат қызметкерлеріне автокөлік кілттерін табыстады.

Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ауылшаруашылығы саласында елеулі еңбек еткен азаматтарды облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың «Алғыс хатымен» марапаттады.

Үздіктерді марапаттау шарасында Қазалы ауданының дамуына елеулі үлес қосқан қос азамат ауылшаруашылығы саласында 40 жылдан астам еңбек еткен Байғабыл Пірманов пен денсаулық сақтау саласында 40 жыл қызмет атқарған Оңталап Өмірзаққа «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағын тапсырды.

Сонымен қатар шара барысында «Қазалы ауданының 95 жылдығына» арналған мерекелік медалі табысталды. Мұнан соң марапаттар легі ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуына үлес қосқан сала мамандарына аудан әкімінің арнайы номинациялары мен бағалы сыйлықтарын табыстаумен жалғасты.

Қазалы ауданының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазалым – қарашаңырағым» атты салтанатты шара мен «Алтын дән – 2023» озаттарын марапаттау кеші әрі қарай гала концерт пен от шашуға ұласып, аудан өнерпаздары жиылған көпшілікке ән мен биден шашу шашып, мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<