Қазақстандық жауынгердің сүйегі 78 жылдан соң Ресейден туған жеріне жеткізілді

702

0

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ресейдің Смоленск облысында қаза тапқан жауынгер Медет Аманжоловтың сүйегін туыстарына беру рәсімі астанадағы авиация базасында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қаза тапқан майдангердің сүйегі сәуір айының басында Смоленск облысының Темкин ауданында іздеу-барлау экспедициясын өткізу кезінде табылды. Сақталып қалған мойынтұмарының арқасында жауынгердің есімі анықталды. 9 мамырда әскери бортпен сарбаздың сүйегі Нұр-Сұлтан қаласындағы авиация базасына жеткізілді», делінген хабарламада.

Қазақстан Қарулы күштері әскери басшылығының, Қазақстандағы Ресей елшілігі қызметкерлерінің және авиабазаның жеке құрамының қатысуымен әскери рәсімдерді сақтай отырып, сүйекті туған жеріне жерлеу үшін туыстарына тапсырды.

«Бүгін біз майданнан оралмаған сарбаздарға тағзым етіп, жерлесіміз Медет Аманжоловтың сүйегін еліне 78 жылдан кейін туған-туыстарына табыстауға жиналдық. Сол уақытта Қазақстанда 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 бригада, 50 полк құрылған болатын. Сарбаздарының ерлігін ұрпағымыз ұмытпауы тиіс», – деді ҚР ҚК Әуе қорүаныс күштері бас қолбасшысының орынбасары полковник Әлім Ыбыраев.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<