Қоғамдық құрылымдардың рөлін күшейту маңызды

888

0

Бүгін М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің мәжіліс залында «Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту саласындағы ҚХА қоғамдық құрылымдарының рөлі» тақырыбында республикалық дәріс өтті. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастыруымен өткен лекторийге Түркістан облысы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылым жетекшілері мен мүшелері және колледж студенттері қатысты. Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының рөлін күшейту және арттыру мақсатын көздеген дәрісте модератор, Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Алмасбек Есмаханов кез-келген мемлекет үшін қоғамдық келісімді сақтау мен нығайтудың маңызы жоғары, өйткені ол тұрақтылық пен ұлттық бірліктің нығаюының кепілі дей келе, аталм дәрістердің маңыздылығын жоғары екендігін алға тартты.

Алғашқы дәрісті Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов бастады.

– Өркениет өнегесі – өз дәстүріңмен өмір сүру. Бұл мақсатта да Қазақстан мемлекеті барлық этнос өкілдеріне кең молынан мүмкіндіктер беріп, бар қажетті жағдайды жасап қамқорлығына алып отыр. Тарих бізді көпұлтты ел ретінде қалыптастырды. Оны біртұтас мығым мемлекетке айналдыру үшін бізге тыныштық пен бірлік аса маңызды. Қазір жер бетінде тыныш жатқан ел кемде-кем ғой. Осыны еске алғанда, “шүкір, еліміз тыныш” деп кеудемізді кере бір тыныстап қаламыз. Ол – ең алдымен біздің елімізді мекендеген ұлыстардың татулығының, дәстүрлі достығының, мемлекетіміздегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім саясатының арқасы деп білеміз, – деді.

Түркістан қаласы, Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Аналар кеңесінің мүшесі Гүлмира Наурызбаева өз тәжірибелерімен бөлісіп, Түркістан Аналар кеңесінің атқарған ауқымды жұмыстарын айтып, арнайы бейнеролигін көпшіліктің назарына ұсынды.

Ал, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы, қоғамдық медиатор, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің мүшесі Бақытжан Бейсембаев медиация жүйесінің көптеген дауларды тиімді шешуде, ұлтаралық даулар мен отбасылық ынтымақты сақтауда өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерген институт екенін айтып өтті.

Дәріс аясында Түркістан қаласы, Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясының мұғалімі Наталья Григорева және «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы Индира Раван-Нахчивани тіл тағдырына тоқталып, қазақ тілін үйрену мен оны ілгерлету бағытында өз тәжірибелерімен бөлісті.

Шара соңында колледж студенттері сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<